«Бауырлар» біздің өңірде жүр

«Бауырлар» біздің өңірде жүр
ашық дереккөз
«Бауырлар» біздің өңірде жүр

Соңғы уақытта жамбылдықтар жергілікті теледидардан «Бауырлар» әншілер тобының «Айналайын» атты клипін көріп, тыңдау мүмкіндігіне ие болды. Бейнебаян Меркі ауданы аумағындағы тау шатқалында түсірілген екен. Табиғаттың тамаша көркі мен әуезді ән әдемі үйлесіп, тыңдармандарын әйдік әсерімен бірден баурап алып та кетеді.

 Бүгінде елімізде, оның ішінде облысымызда да жастардың музыкалық шоуға деген ықыласы айрықша. Бойында жылт еткен өнері барлары дуэт, трио, квартет құрып, эстрада кеңістігіне құлаш ұруда. Асылы қайсы, жасығы қайсы – оны халық безбенінің өзі айырып беріп те жатыр. Ал осынау шоғырда осыдан үш жыл ғана бұрын құрылған «Бауырлардың» үні айрықша естіле бастады. Олардың үнтаспаға жазылып алынған әндерін ғаламтор сайттарынан бір демде-ақ тауып алуға да болады. Нағыз қазақи ән тобы болғандықтан да құрамында ағалы-інілі Мұхаметжан Көрпебаев пен Дәулетбек Ырысдәулетұлы бар дуэт өңір жастарының алпыс-жетпіс пайызына танылып үлгерді.

Ағайынды екеу кішкене күндерінен-ақ өнерге жақын болып өсіпті. Бертінде Мұхаметжанды Таразда өтетін концерттік қойылымдарына «Шаншар», «Шымкент-шоу», «Нысана» әзіл-сықақ театрлары қоярда-қоймай шақырып ән де айтқызады екен. Бір отбасындағы екі ұл Тараз мемлекеттік университетіне, бір топқа оқуға түсіпті. Әкелері, өзі де өнерге жақын Жұман аға (марқұм) кезінде ұлдарының жеке топ құрсақ деген бастамасына бірден қолдау көрсеткен екен. «Бәрінен де тобымызға ат таңдау мәселесі қиындау соқты, – дейді Мұхаметжан. – Атымыздың өзінен қазақи топ екендігіміз көрініс тапса дедік. Ақыры, ақылдаса келе «Бауырлар» деген атауға тоқтадық. Енді екеуміздің туған бауыр екеніміз де рас қой. Көбінесе, қаладағы балалар және қарттар үйлерінде қайырымдылық концерттерін қоямыз. Бүгінгі күнге дейін Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда облыстарында болдық. Халық жақсы қабылдады. Өз облысымызды түгел қамтып үлгермей жатырмыз. Мойынқұм, Шу, Сарысу секілді шалғай аудандарға барсақ дейміз. Ол үшін аудан, ауыл басшыларымен алдын ала келісіп алуымыз керек. Ауылдық округтерге көп баруға тырысамыз. Негізгі тыңдаушыларымыз да сол жақта. Қандай өнерпаз болсын халықпен етенелесе өсуі де керек. Әйтеуір, біз барған ауылдарда концертімізге ел көптеп келеді». Ағалы-інілі әншілер мәдениеттанушы, ТарМУ-дың мәдениет және өнер кафедрасының меңгерушісі А. Қабиеваның, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Ғ. Жайлыбайдың ақыл-кеңестеріне құлақ асып, Еуропа елдерінде қызмет етіп келген танымал музыкатанушы А. Іңкәрбековтен ән дәрістерін тыңдау арқылы өнерлерін одан әрі ұштай түсті. Қоржындарында қазірдің өзінде он төртке жуық халық және қазіргі заман композиторларының әндері бар. Демеушілер табылып жатса, жергілікті әуесқой сазгер Б.Садықовтың жерлесіміз, Халық қаһарманы Бақытжан Ертаевқа арналған, сондай-ақ, «Сағынып жүрмін мен сені» әндері бойынша бейнеклиптер түсірсек дейді. Бүгінгі таңда «Бауырлардың» шалғай елді мекендерге күзгі гастрольдік сапарлары басталып кетті. Олар өздерінің жұмыс кестелеріне сай облыс елді мекендерінде, сондай-ақ, Алматы облысының Талғар, Қаскелең аудандарында, одан әрі Қытай елінде концерт қоймақ. «Бүгінде қала, даламызды шетел әуендері жайлай бастады. Бұл жастарымыздың біртіндеп ділін де, тілін де бұза ма деген қауіп бар. Біздікі сол жастардың ең болмағанда жүзден бірінің ұлттық ән-күйлерімізге деген көзқарасы түзеліп, жақсы жолға түссе деген ниет. Қайда барсақ та, елдің күнделікті күйбең тірліктен қолдары босамай жатады. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып тұра берсе, үлкен-кішіміздің ұлттық ән-күйімізбен сусындайық деп ауылдың аядай клубына сыймай жататын күні де туады деген сенімдеміз» дейді бауырларымыз.

Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар