Қажылық уақыты қашан басталады?

Қажылық уақыты қашан басталады?
ашық дереккөз
Қажылық уақыты қашан басталады?
Биылғы қажылық уақыты Зулқағда айлары мен Зулхиджа айларында өтеді. Қазір Зулқағда айы, енді санаулы күндерден соң Зулхиджа кіреді. Дініміздегі қасиетті күндердің бірі, Құрбан айтынан бір күн бұрынғы Арапа күні биыл қасиетті жұмаға сәйкес келіп отыр.  Меккеден шамамен жиырма шақырым жерде орналасқан Арафат жазықтығы бар. Ол жазықтың аумағында Рахма тауы орналасқан. Кейбір риуаяттарда Адам ата мен Хауа ана жерге түскеннен кейін осы тауда кездескендігі айтылған. Көпшілік бұл тауды Арафат тауы деп атап кеткен. Зулхиджа айының тоғызыншы күні күн батқанға дейін Арафатта тұру – қажылықтың ең маңызды парызы. «Міне, осы күн, әрі Құрбан айт мерекесінің арапа күні биыл қасиетті жұма күніне сәйкес келуде. Сондықтан, бұл парызды орындаушылардың алар сауабы басқа қажылықтардан артығырақ болғалы тұр» деген еді бізге қажылық сапарға аттанбас бұрын ҚМДБ-ның облыс бойынша бекітілген жауапты имамы Исатай Оразов. Қажылық сапарға аттанушылардың алды жолға шығып кетті. Әлі де қасиетті парызын өтеуге ниет етушілер Мекке-Мәдинаға қарай күн санап ағылуда. Негізінен, үлкен қажылық Құрбан айт мейрамынан бір күн бұрын арапа күні, яғни 3 қазан күні басталып, бес күнге созылады. Ал «Құрбан айт» деген атпен белгілі қасиетті Ид-әл-Идха құрбан шалу мейрамы биыл 4 қазанда болады. Қажылыққа барғандар Меккеде қажылықтың ең басты рәсімі – Арафат жазығында тұруды орындағаннан кейін бүкіл дүниежүзінің мұсылмандары қасиетті құрбан шалуға кіріседі. Қасиетті Құранда құрбандыққа шалынған малдың еті де, қаны да Аллаға жетпейді деп анық айтылған. Тек мүміндердің бой сұнуы мен тақуалығы, адалдығы мен Алланың рақымынан үміт ететіндігі, жомарттығы мен шын ниеті ғана барады. Исламдағы екі қасиетті мейрамның біріне себепкер болған құрбан шалу рәсімінің негізгі мәні де – осында. Елімізде басқа да мұсылман елдеріндегідей Құрбан айт мейрамы ресми түрде демалыс күні болып табылады.

Гүлжан РАХМАН, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар