Ештеңе демеңізші,АҒА!

Ештеңе демеңізші,АҒА!
ашық дереккөз
Ештеңе демеңізші,АҒА!

Фариза апайдың бір кездері «Өз басым, менің «әдебиет» деп аталатын азабы көп ауылға келуіме әкемнің қаны, анамның сүті арқылы жаратылыс берген қасиет, одан кейін Шерхан аға себеп болды» дегені бар еді. Өзінен кейінгі қаншама жандар ұстаз тұтып, тіпті, өмірінде бір-ақ рет кездесіп, сұхбат алған журналистердің өзі жыр қылып, айтқандарын азық етіп жүретін Шерағаның ертең туған күні. Шығармалары сан мәрте сезімімізбен ойнап, бірде рахаттандырып, енді бірде мазасыз ой түбіне батырған қазақ үшін қадірлі қаламгерді сексеннің сеңгірінен көтерілген шағында көру бақытына біз де ие болдық. Жазушының туған күніне орай алғаш рет өткізіліп отырған «Шерхантану оқулары» деп аталатын игі шараға жазушы Алматыдан арнайы келді. Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығы мен «Асыл арман» қоғамдық бірлестігінің осындай игілікті іске ұйытқы болғанына ризашылығын білдірді.

Жасыратыны жоқ, күні бүгінге дейін қоғамдағы кез-келген мәселеге өз үнін білдіріп келген, халықтың шерін тарқатудан жалықпайтын Шераға «Тағы не айтар екен?» деп аузына қарап-ақ отырдық. «Қазір құлағым естімейді, көзім де дұрыс көрмейді. Көкірегім сайрап-ақ тұр. Бірақ, оны жеткізе алмаймын» деді өзі біздің осы емеурінімізді бірден аңғарып. Ештеңе демеңізші, аға! Сіз халыққа айтарыңызды айтып, жазарыңызды жазып қойғансыз! Енді Сізді біз, халқыңыз алақанда аялауымыз керек. Әдебиеттің де, БАҚ-тың да бақшасын толтырған асқар ағаның амандығына тілекші болып біз отырмыз. «Өзі Тараз десе, қатты толқиды. Тебіренеді. Осында қарай келгісі келеді де тұрады. Біз оны сеземіз. Қолымыз қалт етсе, әкеліп тұруға тырысамыз. Осы жолы да үлкен сағынышпен келді» дейді қызы Алма апай. Жүзіне қарасам, мен ойлағандай қатал емес екен. «Таланттар раушан гүлі сияқты, жан-жағына жұпар шашады, көңіл ашады. Азабы өзіне. Талантсыздар шошқа тікен сияқты, гүлдемейді. Азабы өзгеге» дегені есіме түсіп кетті. Шынында да, ол өзі айтқандай нәзік екен. «Айналайын, жарқыным» дегенді бірнеше рет қайталады. Жүрегім атқақтап кетті. Менің «Ақ жол» газетінен екенімді естіп, тіпті, қуанғандай болды маған. – «Ақ жолға» Көсемәлі Сәттібайұлы келді ғой. Жақсы журналист. Таралымдарың қалай болып жатыр? – деді. – Жақсы, ата, жаман емес, – дедім мен де қуана жауап қатып. – Дұрыс, «шымшық сойса да, қасапшы сойсын». Шығармаларындағыдай келте қайырып, шолақ түйді. Кәнігі әдетімен қазақ баспасөзінің болашағына алаңдап отыр. Дулат Исабеков «Жазушы Мұртазаның жанрға деген сағынышы, Рысқұлдың Тұрарға деген сағынышындай» дегенде Шерағаның осы махаббатын меңзеген болар. Шерхан ағаның шығармашылығын насихаттауға арналған байқауға қала мектептерінен жүзге тарта оқушы қатысып, белсенділік танытты. Қазылар алқасының мүшелері бір ауыздан оқушылардың өздерінің сүйікті жазушыларына деген үлкен махаббатпен келгендерін айтты. Болашақта бұл шара облыстық, республикалық дәрежеде өткізілсе деген ниет қалды көкейде. Өйткені, Шерхан аға – Алаштыкі! Ол – бәрімізге ортақ!...

Гүлжан РАХМАН, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар