Жұмаділовтер әулеті

Жұмаділовтер әулеті
ашық дереккөз
Жұмаділовтер әулеті

Жайшылықта жұртшылықтан Жұмаділовтер әулетін сұрай қалсаңыз, Болатты боксшы ретінде біледі де, Әбдіхалил қарияны көпшілігі біле бермейді. Өткен ғасырдың басында дүниеге келген Әбекең сол кездегі Әулиеата уезі, Алмалы болысы, Ботамойнақ қойнауында дүниеге келген. Ескіше оқып, білім алған. Кейін медреседе білім нәрімен сусындап, бертін келе жоғары оқу орындарын да тәмамдаған. Партия комитетінде және өзге жұмыстарда асқан белсенділігімен көзге түсе білген. Сарысу аудандық партия комитетінің екінші хатшы қызметін де атқарған. Ауыл шаруашылығы саласына қосқан сүбелі еңбегі бар. Еңбегі еленіп, бірнеше орден-медальдармен де марапатталады. Тіпті, ол кісінің өзі тұрған ауылына көше аты да берілген. Әбекеңнің екінші ұлы Нұритдиннің баласы – әлем чемпионы, олимпиаданың екі дүркін күміс жүлдегері Болат Жұмаділов. Болатты атасы Әбдіхалил ерекше жақсы көрген екен. Немересінің азамат ретінде қалыптасуына да зор ықпалы тиген. Тәлім-тәрбиесін аямаған. Бокс бұл әулеттің қанына біткен сияқты. Әбдіхалил қарияның кенже інісі Әбілдабек Жұмаділов 1960 жылы Тараз қаласындағы кәсіптік-техникалық училищеге оқуға түсе салысымен, бокс секциясына жазылыпты. Қалада жүріп, бірнеше додаларда топ жарып, көзге түседі. Спорт шеберлігіне кандидат нормативін де орындайды. Ташкентте әскерде жүріп, КСРО әскерилерінің жарысында топ жарады. Сонда жүріп, спорт шебері атағын да алады. Ол Ташкенттен спорт шебері атағын алып оралғаннан кейін Байзақ ауданында жаңадан ашылған спорт мектебіне жаттықтырушы болып қызметке орналасып, бокс секциясын да басқарған екен. Кейіннен спорт мектебінің директоры қызметіне дейін жоғарылады. 26 жылдың бедерінде бес бірдей спорт шеберін дайындап шығарды. Еңбегі ескеріліп, бірнеше марапаттарға да ие болды. Кезінде Болаттың әкесі Нуритдин екеуі болашақ чемпионды қаладағы бокс мектебінің бокс секциясына ертіп апарыпты. Ол кезде Болат небәрі он жастағы сары ауыз балапан. Атасы Әбілдаш ерекше жақсы көрген Болат қарияның да, ағасының да, әкесінің де, тіпті, күллі Алаштың сенімін ақтағанын жұртшылық жақсы біледі. Мұның бәрін айтып отырғандағы себебім, адамның бойындағы қасиеттің бәрі текпен келетіндігі. Айталық, елдің бәрі Болатты әлем чемпионы, олимпиаданың екі дүркін күміс жүлдегері ретінде танып-білгенімен, оның әулеті туралы, Болатты кімнің бокс залына бастап барғаны туралы көп адам білмейтіні анық. Спортқа, оның ішінде боксқа жаны үйірсек Әбілдаштың бала Болаттың спортшы ретінде қалыптасуына әсері мол болғаны анық. Атасы Әбдіхалил да оның бойына тек жақсы қасиеттерді дарытты. Болмысына қарапайымдылық, азаматтық, кішіпейілдік секілді қасиеттердің бәрі текпен келгені ақиқат. Иә, текті әулеттен тараған Болаттың бүгінде ел мақтанышына айналып, аттың жалындағы жұмысын абыроймен атқарып жүргенінің бәрі үлкен тәрбиенің арқасында болса керек. Байзақ ауданында дәл қазір бокстан өтіп жатқан жарыс та осы Болат батырдың құрметіне ұйымдастырылған.

Нариман Шалбаев, зейнеткер.

Байзақ ауданы.

Ұқсас жаңалықтар