Қала күні қарсаңында жуықта ғана дүние есігін ашқан үшемдер – Ақнұр, Балнұр және Жаннұр Оспановаларға шаһар басшысы тарапынан қомақты сый-тарту жасалды.
Бұл күні қала әкімі Нұржан Календеров Күлпан Тәжіқоразова мен Бауыржан Оспановтың отбасында болып, оларды нәрестелі болуымен құттықтап, үшемдердің жағдайымен де жіті танысты. Қазір үш сәби дәрігерлердің бақылауында, жағдайлары қалыпты. Бір айта кетерлігі, бұған дейін де бір қыз, екі ұл өсіріп отырған тараздық ерлі-зайыпты Оспановтар үшем қыздың дүниеге келуімен байланысты көп балалы отбасылар қатарына да қосылды. Күлпан Тәжіқоразованың анасы Дәрігүл апа да он жеті құрсақ көтерген, оның 10-ын аман-есен өсіріп, өмір көшіне қосқан Батыр ана екен. Қарақалпақстаннан атақоныстарына көшіп келгендеріне де көп уақыт өте қоймаған Дәрігүл апа «Өз жерімізде өз еліміздің санын көбейтіп жатырмыз. Бұған да шүкір. Бақыт дегеніміз, міне, осы» деп ағынан жарылды. Қала әкімі Нұржан Календеров үшемдерге сәбилер арбасы, манеж, ванна, түрлі ойыншықтар, киім-кешек түріндегі сый-сияпатын тапсырып, бұл күні бүгінге дейін қалада дүниеге келген осымен төртінші үшем екенін атап өтіп, олардың дені сау болып, шаттыққа бөленіп, өсе берулеріне тілектестігін жеткізді.
Баймаханбет Ахмет, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Мақсат – науқастарды қабылдау сапасын жақсарту
- 23 сәуір, 2026
Операция сәтті өтіп, науқастардың жағдайы жақсарған
- 23 сәуір, 2026
Ақпарат
ЖИ: шетелде қалай, бізде қалай?
- 31 наурыз, 2026
Тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілді
- 31 наурыз, 2026
Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алудың талабы қандай?
- 31 наурыз, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




