Өнерлі ұрпақ -ұлт болашағы

Өнерлі ұрпақ -ұлт болашағы
ашық дереккөз
Өнерлі ұрпақ -ұлт болашағы

«Ең үздік ауылдық мәдениет үйі» байқауы басталды

Біз ауылды таланттардың алтын бесігі деп білеміз. Ауыл жағдайы түзелсе, елдің жағдайы жақсарғаны, ауыл мәдениеті өркен жайса, бүкіл қазақтың мәдениеті шарықтағаны деп түсінеміз. Ауылдық мәдениет үйлері мен клубтардың бүгінгі жағдайына мән берген облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы мен халық шығармашылығы орталығы «Ең үздік ауылдық мәдениет үйі – 2014» облыстық байқауын өткізіп отыр. Ата-бабалар өнерін, халық шығармашылығын паш етіп, ауыл-аймақтарда танылмай жүрген таланттарды жарыққа шығару мақсатында өткізілетін бұл шара Талас аудандық Сәду Шәкіров ауылдық мәдениет үйінен басталды. Аталған өнер ұжымы белгілі сатира саңлағы Шона Смаханұлының 90 жасқа толуына орай ұйымдастырған «Шоқ тілді Шона» атты әдеби-сазды бағдарламасын «Гүлдер» бишілер тобының мың бұралған биімен ашты. Бұдан кейін Шона Смаханұлына арналған бейнесюжет көрсетіліп, ақынды туған халқының есіне тағы бір салып өтті. Кеш барысында Ержан Байғараұлы «Шонаға арнауын» орындаса, мектеп оқушылары Самал Сергей ақынның «Құлағыңа алтын сырға жігіттер», Сымбат Амангелді «Түлкі достық», Жансая Есіркеп «Жанарсыз жанның сөзі», Балжан Бақытжан «Ерке болсаң, ерке бол» атты туындыларын мәнерлеп оқыды. Сонымен қатар, Ш. Смаханұлы атындағы орта мектептің 6-сынып оқушысы Балнұр Әбдімомын ақынның сөзіне жазылған «Жамбылым қандай тамаша!» әнін Анар Айдаралиева, Гүлжаһан Жетенова секілді ауыл өнерпаздары «Әжемнің әлдиі», «Мектеп вальсі» атты әндерді тыңдармандарға тарту етті. Өз кезегінде аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Пернебек Оспанов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Үміт Битенова, Тараз қалалық «Жамбыл – Тараз» газеті бас редакторының орынбасары Ерман Әбдиев сөз алып, Шона ақынның әдебиеттегі орны, оның шығармалары мен өмірі жайлы әңгіме қозғады. Осылайша, Талас топырағында дүниеге келген ақынға деген құрметтерін білдірді.

Талас ауданынан шыққан тағы бір дарынды ақын – Серік Томанов. Ол өзінің қырық жеті жылдық қысқа ғұмырында көптеген шығармаларды дүниеге әкелді. Осы ауданның Аққұм ауылдық мәдениет үйі «Құс қанат менің ғұмырым» атты Серік Томановты еске алуға арналған әдеби-сазды кеш өткізді. Алдымен ақынның өмірбаяны, өлеңдерінің дүниеге келу тарихы жайлы баяндалды. Бұдан кейін ақынның жары Бибігүл Оразбаева сахнаға көтеріліп, ақын Серік Томанов жайлы естеліктер айтты. Сондай-ақ, Барбол Тоқтықожа атындағы мектеп оқушылары ақынның шығармаларын мәнерлеп оқыды. Ал Нұрдәулет Сәрсенбиев С. Томановтың сөзіне жазылған Сәрсенбек Бәкірдің «Сезімді қайтем тулаған», «Соғады сен деп жүрегім» әндерін және танымал әнші Мейрамбек Беспаевтың орындауындағы Ербол Спаналиевтің «Құс қанат менің ғұмырым» атты әнін баянмен орындады. Сондай-ақ, Жуалы аудандық Көктөбе ауылы ақын Бауыржан Үсеновтің шығармашылығына арналған, Сарысу аудандық Саудакент ауылы «Ән мен жырдың Кенені» атты театрландырылған әдеби-сазды бағдарламаны ұсынды. Ең кереметі, ән айтқан күміс көмейлер әндерін домбыраның сүйемелдеуімен жанды дауыста орындады. Ауылдың алты ауыздары осылайша қазылар алқасын тәнті етті. – Бүгін міне, ауылдық мәдениет үйлері мен клубтарды аралаған арнайы топ, төрт ауданның сегіз ауылына ат басын тіреді. Әр ауыл әдеби-сазды кештер ұйымдастырып, ұсынды. Небір толағай таланттардың осы ауылдардан шыққанының тағы бір куәсі болдық. Осы шара арқылы біз нағыз талантты танып, қолдау көрсетуге мүмкіндігіміз болады. Ұлттық өнерімізді дамытуда да біздің өңіріміздің алар орны әрдайым ерекше. Біздің өңір әрдайым салт-дәстүрді дәріптеп, қазақи болмысымыздың айнасы болып келген. Өнерлерін паш еткен әрбір ұжым қазылар алқасының көңілінен шыға алды. Бастысы, біздің өңір әу бастан-ақ әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізге ерекше ықыласпен қарап, күнделікті қолданысқа енгізген соң болар, бүгінгі байқау шынайы болып өтуде, – деді облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бастығы Дүйсен Бықыбаев. Өркениетке өз өзегімізден ажырамай, өз мәдениетімізді өгейсітпей ілесе білу де біліктілік екені даусыз. Сондықтан ұлттық құндылықтарымыздың бастауы, негізгі тіні – ауылда екенін естен шығармауды құнттаған байқау жалғасын табуда.

Гүлжан Рахман, «Ақ жол».

Талас ауданы.

Ұқсас жаңалықтар