Қырғыздың Қаныбектері әлемге мергендіктерін мойындатты
- author «Ақ жол»
- 23 қыркүйек, 2014
- 212
Төрт күн бойы тараздықтар аристократтар ойынымен тыныстады. Әлемнің 19 елінен келген 53 тастаяқ шеберлері динамикалық пирамидадан өзара кім мықтыны анықтады. Әлбетте, ақсүйектердің сүйікті ойыны бильярд бірнеше түрге бөлінеді. Оның ішінде пул деп аталатын түрі Азиада кенжелеп қалған. Пулдан өтетін додалар көбінесе Еуропа елдерінде ұйымдастырылады. Бильярдтың ең танымал түрлеріне бүгінде американдық стиль, комбинациялық пирамида, динамикалық пирамидалар жатады. Алғашқысын кәнігі спортшылар ғана емес, тастаяққа аңсары ауғандардың бәрі ойнай береді.
«Тараз-Арена» спорт сарайында өткен әлем біріншілігі тартысқа толы болды. Қарсыластар бір-бірінің психологиясымен ойнап, тактикалық тұрғыда сауаттылықтарын таныта білді. Қарсыласты тығырыққа тіреп, шар бермей, қызыл тасты бұрыштан-бұрышқа тыққан олар бақталастарының қателіктерін де күтті. Бір-бірінің жүйке талшықтарын әбден тексерген бітіспес ойынның соңғы нүктесі жексенбі күні қойылды.
Әлемдік додаға төрткүл дүниенің 19 елінен 53 спортшы қатысты. Олардың санатында спорт шебері, жамбылдық Максим Пан да болды. Ол алғашқы кездесуінде даңқты украин бильярдшысы Александр Паламарьдан 6-4 есебімен басым түсті. Расында екі тастаяқшы да ойын барысында қателіктерге бой алдырды. Дегенмен, біздің жерлесіміз өзінің мүмкіндіктерін мүлт жібермей, жеңісті жұлып алды. Алғашқы айналымнан қиналмай өткен Пан келесі кезеңде қазақстандық Дәурен Орынбаевтан 5:6 есебімен жеңіліп қалды. Үш дүркін әлем чемпионы, қазақ елі басты үміт артқан Қаныбек Сағындықов алғашқы кездесуінде қырғызстандық Нурбек Эшбаевтан 6:2 есебімен басым түскенімен, келесі кезеңде украин Артур Пивченкоға есе жіберді. Үш дүркін әлем чемпионы осылайша жарыс жолын ерте аяқтады. Қаныбек Сағындықов Қазақстанның атынан сынға түсіп жүрген қырғыз бильярдшысы екенін айта кеткен жөн. Оның жетістігі сол, бар болғаны үздік он алтылықтың қатарына енді. Украиналық Ярослав Тарновецкий де үздік он алтылықтың қатарынан көрінді. Қазақ елі басты үміт артқан Дәурен Орынбаев қырғызстандық Камолиддин Есиддинов пен Максим Паннан айласын асырған соң, ресейлік жас тастаяқшы Никита Ливаданы 6:3 есебімен есеңгірете жеңсе, жартылай финалда отандасымыз Ернар Шымбаевтың 6:1 есебімен тас-талқанын шығарды. Қарсы себетте өнер көрсетіп жатқан осы уақытқа дейін екі мәрте әлем чемпионы атанып үлгерген қырғызстандық Қаныбек Сағынбаев алдымен қазақстандық Әлібек Омаровты, әзірбайжандық Васиф Мамедовты оңай жеңсе, ширек финалда украиналық Артур Пивченконы 6:2 есебімен ойсырата ұтты. Жартылай финалда ол белорусь үміті Евгений Куртаны 6:4 есебімен еңсерді. Осылайша, қарсыластарының бәрінен басым болған қос мықты финалға жолдама алды. Ақтық кездесуде ережеге сәйкес қарсыластар алты жеңіске дейін емес, жеті партиялық жеңіске дейін ойынды жалғастырды. Алғашқы төрт партияда Дәурен қарсыласынан анағұрлым әлсіз өнер көрсетті. Қателікке жиі бой алдырған Орынбаев лузаға салуға тиісті шарларын діттеген жеріне жеткізе алмай әуре болды. Есепте айқын басымдылыққа иелік еткен қырғыз спортшысы әрі қарай еркін қимылдай бастады. Қарсыласының еркінси бастағанын сезген қазақстандық бильярдшы есептегі айырманы екі партияға дейін қысқартқанымен, әрі қарай Сағынбаев қайтадан екі партия алып, өзінің үстемдігін арттырды. Кез-келген келесі партияны жеңілсе ойынның аяқталатынын түйсінген қазақ тастаяқшысы жинақылық таныта білді. Үш партия қатарынан жеңіске жеткен Дәурен психологиялық басымдыққа ие бола бастаған еді. Анығында осы сәтте Сағынбаевтың сағы сынғандай көрінген. Тікелей шарларды лузаға тоғыта алмай ақ тер-көк тер болған ол соңғы үзілісте өзін қайрап келген сияқты әсер қалдырды. Он екінші партияда Қаныбектің қателігінен кейін Дәурен де ойламаған жерден дайын шарды соға алмай дағдарып қалды. Әйткенмен, Қаныбекке оңай олжа бұйырған жоқ. Бортқа барып жабысқан қызыл шармен тура сол бортқа тақалып тұрған ақ шарды әбден ойланып барып, Сағынбаев шірене тартты. Столдың ортасынан кейін шегінген қызыл тас бойлықты жағалай келе шыр айналды да, сәл дамылдап барып, лузаға топ ете түсті. Миға қонымсыз соққыны орындаған Қаныбек әрмен қарай өзіне сенімді болды. Оңтайлы тұрған әрбір шарды лузаға бірінен соң бірін тоғытқан қырғыз спортшысы Дәуреннің қателігін ұтымды пайдаланып, соңғы кезеңде 8:0 есебімен айқын басымдылық танытты. Осылайша 7:5 есебімен басымдық танытқан Қаныбек Сағынбаев үш дүркін әлем чемпионы атанып, қазақстандық аттасы Қаныбек Сағындықовтың жетістігін қайталады. Су жаңа чемпион өз әсерін бізбен бөлісті. – Қаныбек, жеңісің құтты болсын! Жеңіліп жатып, жеңісті жұлып алған кездерің де болды. Үш дүркін әлем чемпионы атанғандағы алғашқы әсеріңмен бөліссең... – Шынын айтқанда сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Керемет әсерге бөленіп тұрмын. Арманым Қазақстанның атынан сынға түсіп жүрген аттасым Қаныбек Сағындықовтың жетістігін қайталау еді. Сол мақсатыма жеттім. – Дәурен басында қателіктерге бой алдырды. Есеп 6:2 болған соң үш партия қатарынан қарсыласыңа беріп қойдың. Сол сәтте жеңісті уыстан шығарып аламын деген ой болған жоқ па? – Иә, мен өзімді уақытынан бұрын чемпион атанғандай сезініп кеттім. Қарсыласымды бағаламаған да сияқтымын. Сосын жүйкем сыр бере бастады. Тіпті он бірінші партияда қолым тайып кетіп, айып шарын беріп қойдым. Үш партия қатарынан жеңілген соң өзіме келуім қиындау болды. Алайда үзілістерде өзімді жинақтай білдім. Дәурен өзінің қарымды қарсылас екенін байқатты. – Ең қиын кездесуің кіммен болды деп ойлайсың? – Осы финалдық кездесу қиынға соқты. Төрт партия басымдығымен жеңіп жатқан кезімде үзіліс жарияланды. Ол ойындағы ритмді бұзады. Соның салдарынан ұтылып та қала жаздадым. Негізі бұл кезде үзіліс берілмеуі керек болатын. Ең бастысы – өзімнің елімде ойнап жатқандай сезімде болдым. Мен Қырғызстанның Талас облысынанмын. Былайша айтқанда Жамбыл облысына жақынмын. Қазақстанда өтетін жарыстарда ылғи екінші орынмен шектеліп жүрген едім. Бүгін жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын. Алла қаласа аттасым Қаныбектен басып озып, төрт дүркін әлем чемпионы болатыныма сенімдімін. Дәурен Орынбаев, әлем чемпионатының күміс жүлдегері: – Дәурен, матчтың басын нашар бастағаныңмен, бертін келе есепті теңестіруге жақын болдың. Шешуші партиядағы қателігіңнің сыры неде жатыр? – Бәріне кінәлі өзім. Қателіктерге көптеп бой алдырдым. Алғашқы төрт партияның екеуін алуым керек еді. Алайда, үйреншікті тастарды соға алмай қателесіп жаттым. Сәттілік те жолдас болмады. Он екінші партиядағы қателігіме әлі сене алмай тұрмын. Егер сол кезеңде есепті теңестіргенімде жеңіске жетуім әбден мүмкін еді. Амал нешік, маңызды кездесуде ұтылып қалдым. – Бүгінге дейінгі кездесулерде Қаныбекті жеңіп жүр ме едің? – Коммерциялық турнирлерде жолымыз бірнеше мәрте түйісті. Олардың басым бөлігінде мен жеңіп жүрдім. Қаныбек бәлкім, бар күшін әлем чемпионатына жинақтаған шығар. Мен өзім негізінен осы облыстың тумасымын. Жергілікті тастаяқшы Максим Панмен кездесу де өте тартысты болды. Құдай қаласа алдағы жылдары әлем чемпионы атануға бар күшімді саламын. – Ернар Шымбаев, әлем чемпионатының қола жүлдегері, 2010 жылғы комбинациялық пирамида бойынша әлем чемпионы: – Қазақта «жеңілгеннің сөзі құрысын» деген сөз бар ғой. Сондықтан чемпион атанбаған соң ақталу біртүрлі екен. Дегенмен, менің жеңілісімнің басты себебі сол, дайындық аз болды. Екі апта ғана жаттығу жұмыстарын жүргіздім. Әлем біріншілігіне кем дегенде екі ай дайындалу керек. Ернардан бөлек әлем чемпионатының қола жүлдесін Беларусь спортшысы Евгений Куртуа да қанжығасына байлады. Әлем біріншілігінің аяқталуына облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қатысып, жарыстың жоғары деңгейде өткенін атап көрсетті. Ұйымдастырушыларға алғыс білдірді. Ұйымдастырушылар тарапы да облыс әкіміне қолдау көрсеткені үшін ризашылығын жеткізді. Демеушілерге де алғысын айтты.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді