Тараздың аумағы кеңейеді

Тараздың аумағы кеңейеді
ашық дереккөз
Тараздың аумағы кеңейеді

Облыс әкімдігінің баспасөз орталығында журналистерге арналған баспасөз мәслихатында облыс әкімдігі сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ержан Ахметов басқарманың биылғы жылдың сегіз айында атқарған жұмыстары және облыс орталығы – Тараз қаласының бас жоспары туралы әңгімеледі. Соңынан тілшілер сұрағына жауап берді. 

Басқарма басшысының келтірген деректеріне сүйенсек, облыс көлемінде қалаларды қоса есептегенде барлығы 374 елді мекен бар екен. Оның 28-інде және төрт қалада бес мыңнан асатын халық тұрады. Ал, қалған 342-сі бес мыңға жетер-жетпес тұрғыны бар елді мекендер. Алдымен Тараздың бас жоспарынан бастасақ. Бас жоспар – кез-келген елді мекеннің аса қымбат құжаты, болашаққа бастар жолы. Сондықтан, 2010 жылы облыс басшылығының қомақты қаржы бөліп, қаланың бас жоспарын Астанадан бекітіп алып келуі үлкен оқиға болғаны анық. Себебі, сонау кеңес өкіметі заманынан бері, яғни, шамамен 25-30 жылдан бері Тараздың бұл құжаты жаңартылмапты. Енді осы бас жоспардың арқасында облыс орталығының шекарасы 5953,75 гектарға ұлғайған. Бүгінде қаланың бас жоспарына сәйкес, тұрғын үй алқаптарының егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы әзірленіпті. Осы жоба бойынша қала аумағына қосылған алқаптар түгелге жуығы қала әкімдігімен бекітілген. Тек, «Арай» алқабы ғана үстіміздегі жылдың екінші жарты жылдығында бекітілмекші. Дегенмен, Тараздың бас жоспарына сәйкес, кейбір көшелер мен тұрғын алқаптарына, Талас өзенінің бойындағы демалыс орнына геологиялық, геодезиялық ізденіс жұмыстарын жүргізу бойынша бірқатар атқарылатын жұмыстар баршылық екен. Ал, облыстағы он ауданның бәрінде бас жоспарлары бекітіліп, оның жетеуінің егжей-тегжейлі жоспарлау жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Баспасөз мәслихатында Тараз көшелеріндегі жарнама тақтайшалары мен тақталары туралы да сөз болды. Олардың да қала сәулетіне өз әсерін тигізетіндіктен Ержан Әбдірахманұлы қазіргі жарнама тақталарына біраз сын айтты. – Қазір қалада барлығы 160 жарнама тақтасы бар. Солардың сексендейін өзім зерделеп шықтым. Сондағы анықталғаны – 2007 жылы бекітілген арнайы стандарттарға сай сол сексен тақтаның жетпісінің орналасуы заңсыз болып шықты. Бұл тек қала орталығында ғана. Бір ғана мысал айтайын, жарнама тақталары көше қиылыстарынан 50 метр алшақ тұру керек. Ал бізде қалай? Бізде дәл қиылысқа қойылған. Одан не бағдаршам көрінбейді, не жол белгілері де көрінбейді. Тіпті үйлердің қасбеттеріне шейін жабылып қалған. Абай даңғылының бойында театрды, әкімдікті көрсетпей тұрған алып жарнама тақталары бар. Сондықтан, біз бұл бойынша қалалық әкімдік пен облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасына ұсыныстар жібердік, – дейді Е. Ахметов. Ал, тілшілер тарапынан қойылған сұрақтардың дені қаладағы заңсыз құрылыстар жайлы болды. Мәселен, әлі әңгімесі бітпей жатқан «Зербұлақ» көлі маңындағы салынып жатқан жанармай құю бекеті мәселесі тағы көтерілді. Өйткені, аталған мәселе бойынша тұрғындар шағымы әлі бәсеңсімей отыр. Бірақ, Е. Ахметов ол нысандағы жер учаскесі қаланың бас жоспары бекітілгенге дейін сатылып, сол кездегі тиісті мекемелер мен қала басшылығымен бекітіліп қойғандықтан қазір қандай да бір қатаң шарамен тоқтатып тастау қиын екенін жеткізді. Дегенмен, облыс әкімінің арнайы тапсырмасы бойынша ол нысан назарда тұрғаны да айтылды. Ал, қазір көп талқыланып жүрген жаңалықтардың бірі – қала базарлары екені анық. Баспасөз мәслихатында белгілі болғанындай Таразда тек «Орталық базар» мен «Атакент» базары заңды жұмыс істеп тұр екен. Ал, өндірістік аумақтағы бұрынғы ет комбинатының базасында орналасқан «Ауыл Береке» базарының ол жерге лайықты, не лайықты еместігі тексеріліп жатыр екен. Қалған тоғызы бас жоспар талабы бойынша қала кварталдарын бөліп тұрған қызыл жолаққа жайғасқан екен. Болашақта бұл базарлардың да заңдылықтары өз ретімен қолға алынатыны да айтылып қалды. Ал, темір жолдың арғы бетіндегі елді мекендерді қаламен жалғауы тиіс «Көктем» мен «Арай» алқаптары маңындағы үлкен көпірдің бітпей қалған құрылысы келесі жылдан қайта басталатын болыпты. Сонымен қатар, Жеңістің 70 жылдығына орай Төле би көшесіндегі Мәңгілік алау монументі жаңартылып, жан-жағы кеңейтіліп, абаттандырылмақшы екен. Сондай-ақ, басқарма басшысы алдағы жоспарланған жұмыстарымен де бөлісіп, мемлекеттік қала құрылысы кадастры және мемлекеттік қызмет көрсету регламенті бойынша да мәліметтер беріп өтті. Одан бөлек, ол Тараз қаласының шекарасын тағы да кеңейту бағытында кешенді жұмыстардың қолға алынып жатқанын жеткізді.

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар