Мақтан тұтамын

Мақтан  тұтамын
ашық дереккөз
Мақтан тұтамын

23Есар Уджур, облыс бойынша экология департаментінің қызметкері, ұлты дүнген.

Тіл – ұлттың анасы. Әсіресе, байтақ өлке Қазақстанды мекен еткен әрбір азамат ұлтына, дініне қарамастан мемлекеттік тілді білуі шарт. Ол дегеніміз мемлекетке, елге, Отанға деген құрмет. Қазақстан халқы тілдерінің күні мерекесінде де біз қазақ тілін мақтан тұтуымыз керек. Мен дүнген ұлты болғаныммен туылған жерім Қордай ауданы Масаншы ауылы, өзім облыс бойынша экология департаментінде көп жылдардан бері қызмет атқарамын. Отбасымда 2 балам бар. Мен Елбасының саясатын қолдаймын. Мемлекеттік тілді меңгеру біздің борышымыз деп санаймын. Қазақ халқы бауырмал, сондықтан да қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тілін, болмыс-бітімін құрметтеймін, мемлекеттік тіліміз қазақ тілін үйренуді әрбір азамат өзіне парыз санаса деймін. Қазақ елі, қазақ жұрты қай кезде де ұлтқа, дінге бөлмеген. Татулықтың туын әрқашан биік ұстай білген ел. Сонау замандардағы Әз Төледен, Қазыбектен, Әйтекеден жалғасып келе жатқан қазақ тілі шұрайлы тіл. Осы мемлекетте, елде тұрып, ауасымен тыныстап, адамдарымен тығыз қатынас жасап жүрген әрбір өзге ұлттың өкілі мемлекетке де, оның төл тіліне де бей-жай қарамауы шарт. Өз басым талай дауларды екі ауыз сөзбен шешкен қазақ ұлтының мемлекеттің тілін білетінімді өзгелерге үлгі қылып жүремін. Түгін тартсаң майы шығатын алып сахара қазақ елінің ұшан-теңіз байлығы саналса, қазақ тілі оның мақтанышы. Әлемде тілі жойылып кеткен қаншама ұлт бар? Құдайға шүкір, қазақ елі өзінің тілін сақтап қала алды. Мұның бәрі Елбасының тілге деген, этностарға деген көзқарасының түзу болуынан. Алаштың біртуар перзенті Мағжан Жұмабаев: «… Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болуы. Ұлттың тілінің кеми бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетеді. Ұлтқа тілінен қымбат ешнәрсе болмасқа тиіс. Бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, мінезі айнадай көрініп тұрады. Қазақтың тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түндей тынық, біресе құйындай екпінді тарихы, Сар далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі – бәрі көрініп тұр. Қазақтың сары даласы кең, тілі бай. Осы күнгі түрік тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, оралымды, терең тіл жоқ», – деп тіл жайында терең толғанған екен. Ендеше, біз де тәуелсіздігімізді баянды етіп, тіліміздің өркендеуіне сүбелі үлес қоса берейік. Мен қазақ тілін білгенімді мақтан тұтамын.

Қордай ауданы.

Ұқсас жаңалықтар