«Ақ жол» газеті оқырмандармен кездесуін Байзақ ауданынан бастады
Бейсенбі күні басылымның Бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы, бас редактордың бірінші орынбасары Ақылжан Мамыт, мәдениет бөлімінің меңгерушісі Табиғат Абаилдаев, фототілші Ақәділ Рысмахан және осы жолдардың авторы бар топ газеттің Байзақ ауданындағы оқырмандарымен кездесті. Кездесуді аудан әкімі Мұратхан Шүкеев ашып, жүргізді. – Облыстық «Ақ жол» газеті күннен-күнге беделі өсіп, оқырмандардың сүйікті басылымына айналуда. Біздің ауданда соңғы жылдары «Ақ жолға» жазылу белсенді деңгейде жүргізілуде. Осыдан- ақ ауданда «Ақ жол» газеті оқырмандарының белсенділігінің жоғары екендігіне көз жеткізуге болады, – деді аудан басшысы. Сонымен қатар ол басқосуға қатысып отырған білім, мәдениет, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, кәсіпорын басшылары, ауылдық округтердің әкімдері, ардагерлер кеңесі, қоғамдық бірлестіктер және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, жастар қауымын еркін пікірлесуге шақыра отырып, алғашқы сөзді «Ақ жол» газетінің Бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлына берді. – Облыс баспасөзінің қара шаңырағы – «Ақ жол» газеті соңғы уақыттарда өз оқырмандарын тұшымды дүниелерімен қуантып келеді. Айына бір рет шығатын «Пырақ» әдебиет және өнер, «Шөкеңнің шошаласы» әзіл-оспақ беттерін іздеп жүріп оқитындардың қатары көбейді. «Тылсым дүние» қосымшасы ғаламның ғажайып оқиғаларынан сыр шертеді. «Журналист ой айтады, мәселе көтереді» атты «Ақ жолдың» жаңа жобасы да көптің көкейіндегісін дөп басты. «Ақ жолдың» арнайы экспедициясы да облысымыздағы тарихи-мәдени орындарға сапар шегіп, тың деректердің бетін ашуда. Бір ғана мысал, «Ақ жолдың» экспедициясы Құлан өңіріне сапары барысында жалынды революционер Алма Оразбаеваның қабірін тапты. Соның нәтижесінде ауданның иманды азаматтары қабір басына белгі қойып, құлпытас орнатқалы жатыр. Сол сияқты «Ол енді қазақтар үшін Мырзажан емес» атты мақала да оқырманды дүр сілкіндірді. Көптің көзін ашты. Материалдың өзектілігі ескеріліп, Тараз қаласындағы оның есімімен аталатын көше атауы өзгертілді. Міне, газет сынының салмағы. Одан бөлек жаңадан ашылған сан түрлі айдарлар қаншама. Осындай оңды ізденістер арқылы «Ақ жол» қалың көпшіліктің рухани сырласына, ақылшысына айналды. Бүгін міне, осы мақсаттағы басқосуды Байзақ датқа сияқты тарихи тұлғаларымен даңқы өрлеген, береке-бірлігі жарасқан ауданнан бастап отырмыз, – деді К.Сәттібайұлы. Сондай-ақ, бас редактор байзақтықтардың келер жылдың баспасөзі үшін «Ақ жол» газетіне 2000 данадан кем жазылмайтынына сенетінін жеткізді.Ашығын айту керек, оқырмандармен алғашқы кездесу ашық-жарқын әңгіме түрінде өрбіді. Қатысушылардың қай-қайсысы болсын «Ақ жолды» жан серігіндей жақын тұта сөйледі. Кездесу осынысымен де қызықты өтті.
Ерік Әліқұлов, Бурыл ауылдық округінің әкімі:
– Өз басым Көсемәлі Сәттібайұлын сексенінші жылдардан танимын. Сол жылдары облыстық «Еңбек туы» газетінде жарыққа шыққан «Тайбурыл» атты фельетоны әлі күнге дейін есімде. Осындай кәсіби журналистің облыстық басылымға басшы болып тағайындалғанына қуандым. Бүгінде Бурыл ауылдық округінде 12 мың тұрғын тұрады. 34 ұлттың өкілі тату тәтті ғұмыр кешуде. 2013 жылы ауыл тұрғындары 113 дана «Ақ жолға» жазылса, биыл төл басылымды 180 адам алып отыр. 2015 жылдың баспасөзі үшін 200 отбасының «Ақ жолға» жазылатынына сендіремін. Еңбектеріңізге табыс тілеймін. Тірліктеріңіз оңға баса берсін! Айтқұл Мамытқұлұлы, Бәйтерек ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы: – Оқырманмен кездесуді Байзақ датқа бабамыздың елінен бастап жатқандарыңыз жөн екен. «Ақ жолдың» атының өзі де сәтті қойылған. Қадамдарыңыз құтты болсын! Газеттің оқырманы көп болсын! Алдағы уақытта біз оқырмандар санын одан ары көбейтуге атсалысамыз.
Рәш Шәметов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы: – «Ақ жол» газеті басшыларының оқырмандармен кездесуі құптарлық іс. Қазір газеттің безендірілуі мүлде өзгерді. Мазмұны жағынан республикалық газеттерден төмен деп айтуға болмайды. Бүгінде оқырманға қажетті материалдың көпшілігі қамтыла бастады. Оның ішінде тарихи танымдық дүниелер де жетерлік. Шынын айтсақ, газет келмей қалса құнды дүниемізді жоғалтқандай күйде боламыз. Газет осылай шығу керек. Бір өтінішіміз бар. Басылым бетінде қоғамға үлес қосып жүрген ардагерлер қауымы туралы жазылып тұрса... Сосын таяуда шыққан бір мақала үлкен ой салды. Мен қазақтың аяулы перзенттерінің бірі – ақын, сатирашы Шона Смаханұлымен көп жыл жолдас болған адаммын. Ақынның «Жыл өткен сайын жасарған, Жамбылым қандай тамаша» деген өлеңін жазғанда қасында болғанмын. Кейін ол өлеңге керемет ән шықты. Осы жолдарды Тараз қаласының кіреберіс қақпасына жазып қою туралы жақсы ой қозғапсыздар. Шынын айтқанда оқып отырып тебірендім. Өте орынды идея. Өйткені, жыл өткен сайын Жамбылымыздың жасарып келе жатқаны рас қой. Аудан ардагерлері қолдап, қуаттап отыр. Сіздер біздің жүрегіміздегі ойды қозғайсыздар, еңбегімізді жазып, жігерлендіресіздер. Кемшілігімізді ашып, ұялтасыздар. Мұның өзі адамға керек. Қариялар ақылдасып, зейнетақымыздың есебінен біз де қалыспай «Ақ жолға» жазыламыз. Қасқырбай Нарбатыр, ақын: – Өзім туралы да бірнеше мақалалар басылған, өзімнің де дүниелерім шыққандықтан, оның үстіне «Ақ жол» ауданымызға арнайы ат басын бұрып жатқанда үндемей қала алмадым. Шынын айту керек, Жамбыл өңірінің тіршілігін жан-жақты қамтып, жақсы көрсетіп жатқан қазіргі тұста ризалығымды сездірмеу мүмкін емес. Ақиқатты айтарда баспасөз, сөз жоқ, бірінші кезекте тұрады. Осы тұрғыдан келгенде «Ақ жол» әдемі келе жатыр. Сүйікті басылымымыз қазір республикалық деңгейдегі газеттер қатарынан толық көрініп тұр. Оқуға қызығасың, келгенін асыға күтесің. Осы ғой газет деген. Қазір адамдардың санасы да биік. Сондықтан сол сұранысқа сай жақсы-жақсы материалдар жазылып жатыр. Безендірілуі де шын мәнінде жақсы қалыпқа түсті. Жамбылдағы жұрттың жақсылықтарын жариялауда жанын салып, жанкештілікпен, жанкүйерлікпен қызмет етіп жатқан ұжымның ауданымызға келіп, шын мәнінде халықпен санасып, «Мына біздің газетке қалай қарайсыздар?» деп жатуының өзі «Ақ жолдың» адамшылығы деп ойлаймын. Бір сөзбен айтқанда газетке түгел жазыламыз. Мен өзім қасымда жүрген адамдарға газетті насихаттап жүрмін. Кездесуде оқырмандар тарапынан сұрақтар да болды. Мысалы, еңбек ардагері Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Төленқұл Папиев «Ақ жолға» мақала шығару ақылы екенін естігенін, ол шындыққа қаншалықты жанасатынын сұрады. Бұл сауалға орай Бас редактор К. Сәттібайұлы: – Өңірде атқарылып жатқан жұмыстар, жылт еткен жаңалықтар, талантты ақындардың өлеңдері немесе тарихи-танымдық мақалалар сияқты дүниелер ешқашан ақыға басылмайды. Керісінше, біз оны жазып жіберген тұрақты әрі белсенді авторларымызға қаламақы береміз. Ал, құттықтау, еске алу, хабарландыру, азаматтардың мерейтойлық мақалалары жарнама бөлімі арқылы өткізіледі, – деп жауап берді. Осылай емен-жарқын жағдайда өткен басқосуды аудан әкімі Мұратхан Шүкеев қорытындылап, редакция ұжымының шығармашылық жұмысына табыс және денсаулық тіледі.
Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».
Байзақ ауданы.
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан
Ұқсас жаңалықтар
Ана, ару, жар – қоғамның асыл ажары
- 16 желтоқсан, 2024
Өшкені жанып, өткені жаңғырды
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді