Елбасы Премьер-Министр Кәрім Мәсімовті қабылдады. К.Мәсімов Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалуы барысы, Үкімет жұмысы мен алдағы кезеңге арналған жоспарлары туралы баяндады.
Қазақстан Президенті Ресей, Қытай және басқа елдердің басшыларымен Душанбеде өткен келіссөздер нәтижесінде экономикалық қарым-қатынасты жақсартуға бағытталған бірқатар уағдаластықтарға қол жеткізілгенін айтты. – Әлемдік нарықта біздің негізгі шикізатымыз – мұнай мен газ бағасының төмендеуі байқалуда. Металлургиялық өнеркәсіпте, мұнай өндіруде және кейбір өнімдердің экспортында құлдырау бар, сондай-ақ, таяу көршілерімізбен арада сауда төмендеген. Мұның бәрі әлемдік экономикалық үдерістердің ықпалына байланысты. Соған қарамастан біз экономикалық көрсеткіштердің төмендеуіне жол бермей, биылғы жылды тиісті деңгейде аяқтауға тиіспіз. Келесі жылдың бюджетін Қазақстанның барлық қажеттіліктерін қамтамасыз ете алатындай етіп түзуіміз керек, – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев қандай жағдайда болса да, халықтың әлеуметтік ахуалы нашарламауы тиістігіне назар аударды. – Мемлекеттің зейнетақы, еңбекақы, сыйақы бойынша барлық төлемдері біз белгілеген деңгейде қалуы керек. Бұл оңай міндет емес, бірақ ол шешілуі тиіс, – деді Елбасы. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Үкіметтің әлемдік нарықтардың тиісті даму бағыттарына және ықтимал дағдарыс жағдайларына лайықталған әртүрлі сценарийлері болғаны жөн екенін айтты. – Барлық сценарийлер біздің қандай жағдайда не істеуіміз керектігі жөніндегі есептермен және нақты жоспарлармен бекітілген болуға тиіс. Біз дағдарысқа қарсы тиімді жоспарды іске асырып, 2007-2009 жылдардағы дағдарысты өткердік. Әлемдік тәжірибемен қатар сол тәжірибені де ескеру керек. Біздер индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында іске қосқан нысандардың барлығы толық қуатында жұмыс істеуі қажет, шағын және орта бизнес бюджеттің толығуы және жұмыс орындары жөніндегі өз жауапкершілігін сезінуі керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Өз кезегінде К.Мәсімов жағдайдың түрлі сценарийде өрбуінің алдын алу үшін Үкіметте Ұлттық банкпен және облыс әкімдерімен бірлескен арнайы жұмыс тобы құрылғанын айтты. – Осы жылы барлық әлеуметтік міндеттер толықтай орындалады. 2015 жылдың бюджеті де қалыпты жүзеге асатындай болып жасақталды. Сіздің тапсырмаңызға сәйкес, жағдайға әрекет етудің түрлі сценарийлері әзірленетін болады. Сізді сыртқы нарықта қандай жағдай болса да, еліміздегі ахуал нашарламайтындығына сендіргім келеді, – деді Премьер-Министр. * * * Мемлекет басшысы Бас прокурор Асхат Дауылбаевты да қабылдады. Кездесу барысында А.Дауылбаев елдегі заңдылық пен құқықтық тәртіптің ахуалы, Мемлекет басшысының азаматтар құқықтары мен бостандықтарын, кәсіпкерлерді қорғауға бағытталған тапсырмаларының орындалуы туралы баяндады. Мемлекет басшысы құқық қорғау жүйесінде таяуда болған өзгерістердің маңыздылығына тоқтала келіп, олар елдегі қылмыстылықтың азаюына септігін тигізетінін айтты. – Бүгінде тіркелетін қылмыстар саны артты, бұл жалпы қылмыстық ахуалды байыптауға оң әсерін тигізді. Барлық, тіпті ұсақ құқық бұзушылық та тіркелуге тиіс. Бұл жазадан құтылмау қағидатын іске асыруға мүмкіндік береді. Жаңа Қылмыстық, Қылмыстық-процестік кодекстер осы жұмысты күшейтуге бағытталған. Сонымен бірге міндетті түрде бостандығынан айырмай, айып салу секілді жазаның қаржылық түрлеріне ден қойған жөн. Осының бәрі қылмыстылық деңгейін төмендетуге және азаматтардың сенімін арттыруға бағытталған, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бас прокурор құқық қорғау органдарында азаматтар арыздарының 93 пайызы үш күндік мерзім ішінде қарала бастағанын айтты. Сонымен қатар, барлық қылмыстарды 100 пайыз тіркеу қамтамасыз етілген. Елдегі жалпы қылмыс деңгейі 5,7 пайызға төмендеді, бұл ретте аса ауыр қылмыстар саны 21 пайызға, ауыр қылмыстар 22 пайызға азайған. Бұдан бөлек, Бас прокурор бюджетті толықтыру және пайдаланылмаған жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бағытында қолданылып жатқан шаралар турасында әңгімеледі. Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы заңдылық пен құқықтық тәртіпті бұдан әрі нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдікті күшейтуге, мемлекет пен қоғам мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған нақты тапсырмалар берді.
«Ақ жол-Ақпарат».
Ұқсас жаңалықтар
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді