Әне бір жылдары Шайқорық пен Жасөркен ауылдарын – жүзімді, Ақбұлымды алмалы ауыл деуші едік. Нарық бәсекесіне төтеп бере алмай Шайқорық пен Жасөркен ауылдары жүзімінен айырылды. Ал «Инең болса – иінің бүтін болады» деп, қолынан кетпен-күрегін тастамаған ақбұлымдықтар алмалы алқаптарын сақтап қалды. Ақбұлым ауылына барғанымызда бізді ауыл әкімі Сағынбек Жанысбаев ауылдың оңтүстік беткейіндегі алма бағына алып келді. Міне, ырысын жерден, нәсібесін осы алмалы бақтан тауып отырған 76 жастағы Қабанбай ақсақал жетекшілік ететін «Қабанбай Қойтанов» шаруа қожалығының алмалы алқабында тұрмыз. Ісіне мығым Қабанбай ақсақал (суретте) сөзге де жүйрік екен. «Ерінбегеннің еңбегі жанады», «Еріншек егіншіден елгезек масақшы озыпты» деп бабаларымыз текке айтпаған. Еңбегің өнімді болса, көңілің сенімді болады деген рас екен. Осы алма өсіруді кәсіп еткенімізге бірнеше жыл болды. Құдайға шүкір, жыл сайын жақсы өнім алып келеміз. Жас келгеннен кейін бе, кәрілік етектен тарта береді. Өзім басы-қасында жүргеніммен жұмыс жүргізудің жүгенін ұлым Бекболатқа ұстатқанмын» деп, қалғанын сол айтсын дегендей, қасында тұрған ұлына қарады. – Біздің қожалық 2,5 гектар «Золотой превосход» және «Голден-Делю-6» сұрыпты алманы өсіреді. Алты рет судан өткізіп, сегіз мәрте шетелдік химикаттармен дәріледік. Нәтижесінде, құрттаған, бүлінген алма жоқ. Жиын-терінді бастағанымызға үш-төрт күн болды. Жинауға өзімізден басқа, науқандық жұмыс ретінде 10 адамды тарттық. Олардың әрқайсысына күн сайын 2000 теңге жалақы береміз. Балаларына алма алып кетуді де ұмытпайды, – деді төңірекке көз тастаған Бекболат Қабанбайұлы. Бұл осы ауылдағы бір шаруашылықтағы көрініс. Мұнда алма өсірумен айналысатын 88 шаруашылық бар. Олардың алмасы 155 гектарға орналастырылған. Ал мына алмасы жайқалып тұрған бақ «Нұрлан» шаруа қожалығынікі. Қожалық иесі Несібелді Сүлейманова (суретте) үй ішімен әбден піскен қызыл алманы жинауға бел шеше кірісіпті. Ұлы Әзімбек (суретте) те қолғабыс етіп жүр. Ақбұлым ауылының бірнеше тұрғыны да көмектесуде. Оларға күнделікті еңбек ақысы қолма-қол төленуде. Қожалық иелігіндегі 1,5 гектар алма алқабынан 10 тонна өнім жинап, Астана қаласына өткеріпті. Енді қалған алманы Мәскеу қаласына жөнелтпек. Исі мұрын жаратын Ақбұлымның алмасына сұраныс көп-ақ.
Дүйсенбек ОРМАНОВ, журналист.
Жамбыл ауданы.
Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді