Мерейлі мереке ерекше аталып өтті

Мерейлі мереке ерекше аталып өтті
ашық дереккөз
Мерейлі мереке ерекше аталып өтті

Елбасының Жарлығына сәйкес қыркүйектің екінші жексенбісі Отбасы күні болып жарияланғаны белгілі. Бұл айтулы мереке биыл елімізде екінші рет аталып өтті. Мереке аясында облысымызда да түрлі іс-шаралар өткізілді. Сондай қызықты шараның бірін Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Тараз Жастар орталығы» мемлекеттік мекемесі ұйымдастырды. Қаладағы №5 спорт алаңшасында өткен «Үлгілі отбасы» атты спорттық сайысқа алты жас отбасы қатысып, бақ сынасты. 

Шараның ашылу салтанатында Тараз қалалық ақсақалдар кеңесінің төрағасы К. Дәуренбеков жиналған қауымды мерекемен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, бес кезеңнен тұрған сайыста қазылар алқасының шешімі бойынша бірінші орынды Айнақұловтар отбасы еншіледі. Екінші орынды Ержановтар отбасы иеленсе, үшінші тұғырға Әлсейітовтар отбасы көтерілді. Сонымен қатар, өзге қатысушылар «Өнегелі отбасы», «Өнерлі отбасы», «Белсенді отбасы» аталымдары бойынша марапатталды. Барлық жеңімпаздар мен қатысушыларға арнайы диплом және бағалы сыйлықтар табыс етілді. «Қазақстан» ұлттық арнасынан көрсетілетін «Толағай» сайысының үлгісінде ұйымдастырылған жарыс тартымды әрі тартысты өтті. – Отбасылық сайысты өткізудегі мақсат – өскелең ұрпақты қазақстандық патриотизм рухында жанұядағы сыйластыққа, адамгершілікке, инабаттылыққа тәрбиелеу, үлкенді үлгі, кішіні мақтан етуге, отбасының бірлігін сақтап, ата-ана алдындағы парызын өтеуге, еліміздің парасатты азаматы болып өсуге септесу. Байқау өз мақсатына жетті деп айтуға болады. Тек қатысушы отбасылар ғана емес, сайысты жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері, көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындары тамашалап, қызықтады. Алдағы уақытта да мұндай шараларды жүйелі ұйымдастыратын боламыз, -дейді «Тараз Жастар орталығы» мекемесінің ақпараттық талдау бөлімінің басшысы Ж. Сексенбаева. Отбасы күні мерекесі аясында сонымен қатар, Тараз қалалық перзентханасында «Балалар әлемнің ажары» тақырыбымен сәбилерге туу туралы куәлік тапсыру салтанаты, Қ. Сарымолдаев атындағы балалар үйінде «Жетімдерге жанұя жылуын сыйлайық» атты қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды. Жамбыл политехникалық колледжінде өткен «Отан отбасынан басталады» атты дөңгелек үстел отырысында да тәрбиелік мәні зор мазмұнды әңгіме өрбіді. «Жастар» және «Ұлан» стадиондарында футболдан әуесқой командалар арасындағы ашық біріншілік те өз мәресіне жетті. Мерекеге арналған осындай шаралар барлық ауданда да өткізілді.

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».

* * *

Отбасы күні мерекесіне орай Мыңбұлақ орта мектебіне отбасын құрғандарына 50-60 жыл толған бірнеше отбасы шақырылды. Сөйтіп «Алтын» және «Гауһар» той иелерімен келелі жиын өткізілді. Бұл шараның ұйымдастырушылары – аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімі, Ақсай ауылдық округінің әкімдігі мен оған қарасты мекемелер және «Ақментей» қоғамдық бірлестігі. Жиынды аталмыш ауылдық округінің әкімі Ақылбек Ботагоев ашып, жүргізді. Ауылдың жасы үлкен ақсақалы, соғыс және еңбек ардагері Мұсақұл Иманбетов жиналғандарды отбасы күні мерекесімен құттықтап, той иелеріне арнап жайылған дастарханға аталық батасын берді. Осыдан кейін «Алтын» және «Гауһар» той иелерін аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Марат Нарымбеков құттықтап, жастардың осындай отбасыларды үлгі тұтатындығын айтты. Ақсай ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Кәрібай Құрмашев ардагерлерді округ әкімдігі мен ардагерлер кеңесі атынан Алғыс хаттармен марапаттады. Ал «Ақментей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аманжол Дүрәліұлы көпшіліктің атынан үлгілі отбасы мүшелері, ата-әжелердің иықтарына шапан, мойындарына орамал салып, қолдарына гүл шоқтарын ұсынды. Кеш соңы Мыңбұлақ орта мектебінің 11-сынып оқушылары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.

Марат Құлибаев, журналист.

Жуалы ауданы. * * *

Отбасы күніне орай «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының ғимаратында, үкіметтік емес ұйымдардың ұйымдастыруымен «Пәк күйеу мен пәк қалыңдық» атты пікірталас өтті. «Отбасы – елімнің ұйытқысы, қоғамның берік тұтқасы» деген ұранмен басталған іс-шара барысында «Отанға деген патриоттық сезім – отбасынан басталады» – деген тұжырымның тегін айтылмағандығы айқындалды. Ток-шоуға жиналған жұртшылық бірі ақтаушы, бірі даттаушы болып 2 топқа бөлінді. Шара барысында тараптар, өз ойларын қорғай және дәлелдей білді. Онда отбасын ежелден қалыптасқан дәстүр бойынша, отағасы, ол болмаса, отанасы, одан қалса, үлкен аға не әпке басқаратындығы, олардың сөзін, ұйғарымын өзгелері жерде қалдырмайтындығы айтылды. Ерлі-зайыптылардың ажырасуы мен некесіз туылған тастанды балалар санының жылдан-жылға артып келе жатқандығы туралы да сөз қозғалды. Оған тосқауыл қоюдың жолдары талқыға түсті. Қатысушылар отбасылық құндылықтарды жүйелі түрде насихаттауды әр азамат өз парызы ретінде қарастырып, қоғамда құрметтеушілік сезім қалыптастыруға ықпал етуі тиіс деген ой-пікірлерін ортаға салды. Ынтымақ пен бірліктің, төзімділік пен сабырлылықтың қайнар-бастауы осы отбасы тәрбиесінен басталатыны туралы қорытындыға келді. Іс-шараға арнайы келген қонақтарға ұйымдастырушылар тарапынан ілтипат жасалынды. Қатысушылар да ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып, дән риза болып тарқасты.

Жәмила Ақберген.

Шу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар