«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ауаны ластағандар емін-еркін жүре бере ме?

Ауаны ластағандар емін-еркін  жүре бере ме?
ашық дереккөз
Ауаны ластағандар емін-еркін жүре бере ме?

Қай кезде де қоршаған ортаға залал тигізбеуді ойласақ, жалпы, тіршілік иелерінің саламатты жағдайда өмір сүре алатынына күмән жоқ. Алайда, жеке бастың ғана пайдасын күйттеп кетушілердің кесірінен ауа да, су да, жер де ластанып, экологиялық ахуалдың мүшкілдену жайы саябырсымауда. Облыс бойынша экология департаменті жылда осындай келеңсіздіктермен күресіп-ақ келеді. Бірақ, кейбір фирмалар жасаған заңсыздықтарын қайталауын қоймай, үсті-үстіне жауапқа тартылып жатуы ыңғайсыз-ақ. Бұларға қатаң шара қолдану қажет. Әйтпесе, айыппұлдарын төлеп құтылып кете беру әдеттеріне айналғандай.

– Биыл жарты жыл ішінде аталған департамент мамандары 84 тексеріс жүргізді. Нәтижесінде, 521 әкімшілік іс қозғалды. Жасыратыны жоқ, айналаны ластауға автокөліктердің улы түтінді мол шығаруы, қауіпті қалдықтарға төлқұжаттың жоқтығы, су ресурстарының тиімсіз пайдаланылуы, қалдықтарды орналастыруда белгіленген орынның болмауы көп әсерін тигізуде. Кінәлілерге 7474,641 мың теңге айыппұл салынды. Оның әзірге 6376, 405 мың теңгесі өндірілді, – дейді экология департаментінің бөлім басшысы Қайрат Еспенбетов. Қаланың ең күрделі мәселесі – автокөлік құралдарынан таралатын улы заттар шығарындылары. Аталған департамент осы жағымсыз жайға тосқауыл қою үшін ішкі істер департаментімен бірлесіп рейдтер ұйымдастырды. Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 247-бабына сәйкес, көліктерді пайдалануда жіберген бұзылымға 378 әкімшілік іс қозғалды. Оның ішінде 269 көлік иесіне 996376 теңге айыппұл салынып және 109 ескерту берілген. Сонымен қатар, аталмыш кодекстің 246-бабымен автокөлік құралдарын пайдалануда немқұрайдылық танытқан жауапты 14 заңды және лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 574120 теңге айыппұл салынды. Улы газбен ауаны ластағаны үшін 178663 теңгеге 8 дау-талап берілсе, 5 қуыным материалы 18 көлік құралындағы бұзылымдарды жойып және бақылау өлшемін жүргізіп, қалыпты жағдайға келтіргенге дейін оны пайдалануды тоқтатуға сот органына жолданған. Бұл қуыным шағымы сот шешімімен қанағаттандырылып, төлемдер өндіріліп алынды. Алты айда департамент тарапынан 47 дау-талап ұсынылып, қоршаған ортаға келтірілген шығынды өтеу сомасы 330920, 184 мың теңгені құрады. Ең қомақты мөлшердегі қуыным туралы да тоқталып өтсек. Жер қойнауындағы кең таралған пайдалы қазбаларды қорғау бойынша лицензиялы келісім-шартты орындамағаны үшін «Таras Rest Toure» ЖШС-нан 248279, 913 мың теңге сот арқылы өндіріліп алынды. «Тілеміс батыр» ЖШС келісім-шартсыз өз еркімен жер қойнауын пайдаланғаны үшін оған 52416 мың теңгеге қуыным беріліп, іс сотқа өткен. Қазіргі уақытта ол соманың 30 пайызы өндірілді. Бұдан бөлек, экологиялық талапты бұзғандардың жолын кесу мақсатында 14 қуыным сот шешімімен жүзеге асты. Жоғарыда аталған «Таras Rest Toure» (Жамбыл ауданы), «Тілеміс батыр» (Меркі ауданы) серіктестіктері былтыр да заңсыз жолмен жер қойнауын пайдаланып, басшылары үстінен қылмыстық іс қозғалған болатын. Мұндай заңсыз тірліктерге олардың қайта айналып соғуының себебі неде? Өз қателіктерінен сабақ алмауы қалай? Бұл сауал кім-кімді де толғандырары кәміл. Табиғат байлығы таусылмайтын дүние емес. Оны бей-берекет пайдалану, қоршаған ортаға орасан залал келтіру – түбі апатты жағдайға ұрындырары сөзсіз. Пайда үшін табиғатты аяусыз тонау – келешекті ойламау. Келер ұрпақ жайына жауапсыздықпен қарамайық. Олар ренжитіндей ашкөздік, дүниеқоңыздық әрекетке көз жұма баруды доғарайық, ағайын!

Лесбек Сайлаубек, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар