Кеше елордада «Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асыруға байланысты «Қазақстан Республикасының халықаралық қауымдастықтағы рөлі» атты дөңгелек үстел болып өтті. Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті ұйымдастырған аталмыш шараға палата Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Төраға өз сөзінде еліміздің экономикалық әлеуеті мен оның жаһандық және аймақтық қауіпсіздікті күшейтудегі зор үлесін жетекші халықаралық ұйымдар мен қаржы институттары толық мойындап отырғандығын баса айтты. «Елбасы – ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бастаған Қазақстан тарихи тұрғыдан алғанда қысқа мерзімде жүзжылдықтарға теңдесетін жолдан өтіп, қайта құрудың беймәлім болмысынан әлемдік саясаттың сахна төріне көтерілді. Қазір Қазақстан дамудың жаңа сапасына аяқ басты, бүкіл елімізде жаппай жаңғырту жұмыстары қолға алынды, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. – Сондықтан Президент Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің алдына «Мәңгілік Ел» тұжырымдамасы негізінде одан әрі тұрақты даму міндетін қойып отыр. Аталған тұжырымдама басты құндылықтарды қамтыса, ол – халықтың бірлігі, қоғамның тұрақтылығы, ұлтаралық келісім, біздің мемлекетіміздің тұрақты дамуы».
Сенат Төрағасы дипломатиялық корпусқа қаратып соңғы 13 жылда Қазақстан экономика өсімінің жоғары қарқынын ұстап келе жатқандығын және осы көрсеткіш бойынша әлемдегі лидерлердің біріне айналғанын, сондай-ақ, жаһандық дағдарысты сәтті еңсеріп, 2013 жылы 6 пайыздық экономикалық өсімге қол жеткізгенін ерекше атады. Ағымдағы жылы экономика өсімі 5 пайыз болса, ІЖӨ номиналды көрсеткіші 36 триллион теңгеге жетіп, елдің алтын-валюта қоры қазіргі кезде 105 миллиард долларды құрап отыр. Қ.Тоқаев еліміз «жасыл экономиканы» дамытуға да ерекше көңіл бөліп, қоршаған ортаны қорғаудағы әлемдік үрдістерге сәйкес 2050 жылдары энергияның 30 пайызын баламалы көздерден алуды жоспарлап отырғандығын атап өтті. Бұл тұрғыдан келгенде Астанада өтетін «Болашақ энергиясы» атты халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесі аталған нәтижелерге жетудің құралдарын айқындауға көмектесетініне сенім білдірді. Қазақстан әлемдік шикізат рыногындағы көшбасшылық шебін сақтап қалып, азық-түлік өндірісін арттыру мен жаһандық және аймақтық көлемдегі хаб ретінде беки түспек. Сенат Төрағасы еліміз 47 мемлекетпен өзара инвестицияны көтермелеу және қорғау жөніндегі келісімдерге қол қойғандығын тілге тиек ете келіп, тек өткен сессия барысында Парламент 48 халықаралық келісімдерді ратификациядан өткізсе, соның 20-сы елдер арасындағы экономикалық байланыстарды тереңдету, сауда көлемін арттыру және өзара инвестицияны көтермелеу мен қорғауға қатысты екендігін жеткізді.
Бұл жерде айтарлықтай инвестициялық белсенділік танытқан 10 елге Президент Жарлығымен біржақты ретпен визасыз режим енгізілгендігі де ерекше аталды. Инвестиция деңгейін ІЖӨ-нің қазіргі 18 пайызынан 30 пайызға жеткізу міндеті қойылып отырса, Мемлекет басшысы Қазақстанға қосымша инвестиция тарту үшін бірегей, былайша айтқанда, теңдессіз шараларға бастамашы болғаны мәлім.
Сондай-ақ, Төраға 2014 жылдың 12 маусымында қабылданған заң бойынша қазіргі бар жеңілдіктер мен преференцияларға қосымша корпоративтік және жер салығынан 10 жылға, жылжымайтын мүлік салығына 8 жылға босату, мемлекет тарапынан нысан қолданысқа енгеннен кейін инвестор жұмсаған шығынның 30 пайызы төленіп берілетінін де қаперге сала кетті. Белді халықаралық қаржы институттарымен – Халықаралық банк, ЕҚДБ, АДБ және ИДБ өзара ынтымақтастығының рөліне ерекше маңыз беріліп отыр. Қазақстанның сыртқы саясатын айтқанда, әлемнің өркениетті мемлекеттер қауымдастығында лайықты да берік орнын иемденгенін атап айтқан жөн. Бұл тұрғыдан келгенде, Сенат Төрағасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың интеграциялық бастамаларын атай келіп, Қазақстанның көршілес елдермен достық қарым-қатынастар мен стратегиялық әріптестікті нығайтып келе жатқандығына ерекше назар аудартты.
Бұдан кейін сөз алған еліміздің Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов тәуелсіздік алған күннен бастап Қазақстанның Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен алдына бейбіт мақсаттар қойған, болашағына сенімді, халықаралық аренада жауапты әріптес ретінде танылған мемлекет құрып отырғанына тоқталды. Бұл ретте алдымен экономика, сосын барып саясат деген ұстанымның елдің экономикалық және саяси дамуын қапысыз қамтамасыз еткенін айтып, бүгінгі басқосудың парламентарийлер мен дипломаттар үшін пайдалы болатынына сенімін білдірді. Парламент Сенаты Төрағасының қолдауымен және тікелей өзінің қатысуымен өткізіліп отырған дөңгелек үстел басындағы жүздесудің тиімділігіне иек арта отыра, оның дипломатиялық корпус үшін маңыздылығына мән беріп, бұл тәрізді шараның әлі де жалғасын тапса нұр үстіне нұр болатынын айтты. Әрі қарай Ерлан Ыдырысов Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінде жан-жақты қамтып өтілгеніндей, еліміз қазір «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыру үстінде. Ал стратегия болса ел дамуының қайнары, ескіліктен жаңа үрдіске шығу, «Мәңгілік Елге», тұрақты дамуға көшу, кемелденуді мақсат тұту. Өкінішке қарай, қазір әлемде көңіл ортайтатын кикілжің ошақтары туындап отыр, олардың арасында біздің елге географиялық тұрғыдан жақын елдер де бар. Сонымен қатар, тереңдеп кеткен Украинадағы дағдарыс, Ауғанстан болашағы сынды мәселелерді айналып өту мүмкін емес. Қазақстанға жақын жатқан осы елдегі тәуекелдерді есепке алмай қоя алмаймыз және Таяу Шығыстағы ахуал да халықаралық қауымдастықты алаңдатуда, деді.
Қазақстан Республикасы Президентінің сыртқы саясаттағы жаңа ықтимал қауіп-қатерлерді еңсерудегі қимылдарына, Қазақстанның халықаралық деңгейдегі көптеген мәселелерді шешудегі үлесіне тоқталған шешен әрі қарай еліміздің шартараппен және жақын көршілермен арадағы қарым-қатынастарының тереңдеп отырғанына, осының барлығы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудағы аса бір мән беретін игілікті іс екеніне екпін түсірді. Қазақстанның интеграциялық бағыттағы қимылына тоқталған шешен оның түпкі негізінің «Мәңгілік Ел» идеясымен астасып жатқанына сенімін жеткізді. Сонымен қатар, Елбасы ұсынған G-Global идеясының басты 5 қағидатына тоқталып өткен министр әрі қарайғы сөзінде халықаралық қоғамдастықтың ілгері дамуында осы қағидаттардың қай-қайсының да маңыздылығына баса мән беру қажеттігіне тоқталды.
Бұдан кейін пікір алысу жүрді. Парламент палаталары депутаттарынан өзге, Астанадағы дипломатиялық корпус – шетелдік дипломатиялық миссиялардың және Қазақстан Республикасында тіркелген халықаралық ұйымдар өкілдерінің басшылары өз ойларын ортаға салды. Бұл жерде тақырыпты талқылауға Ресейдің Қазақстандағы елшісі, дипломатиялық корпустың дуайені М.Бочарников, Еуропалық одақтың Қазақстандағы өкілдігінің басшысы А.Бушез, Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі міндетін атқарушы, UNFPA субаймақтық кеңсесінің директоры Н.Ботев, Беларусьтің елшісі А.Ничкасов, Францияның елшісі Ф.Етьен, Пәкістанның елшісі Ш.А.Мукадам, Нидерланд елшісі Х.Дриссер, Ұлыбритания елшісі К.Браун, АҚШ істері бойынша уақытша сенімді өкіл Дж.Ордвей қатысқанын айта кеткен ләзім. Отырысқа модераторлық етіп отырған Сенаттың Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Икрам Адырбеков шараның палата Төрағасының Астанадағы дипломатиялық корпуспен арнайы кездесуі ретінде өткізіліп отырғандығын және оның барлық қатысушыларға халықаралық қатынастардағы өзекті мәселелер бойынша ашық пікір алмасуға мүмкіндік беретінін алға тартты.
Алдымен сөз алған Ресейдің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Михаил Бочарников стратегияда елдің сыртқы саясаты тұрлаулы, ашық та ұлттық мүддені ілгерілетуге, сонымен қатар, жаһандық және аймақтық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталғандығын алға тартты. Қазақстанның Бүкіләлемдік сауда ұйымына мүше болуы маңызына екпін берген елші еліміздің Еуразиялық экономикалық одақты құрудағы рөліне де тоқталып өтті. Инвестиция тарту жағынан алда келе жатқан Қазақстан 2015 жылдың 1 қаңтарынан жұмыс істей бастайтын Еуразиялық экономикалық одақтың тиімділігіне өзіндік үлесін қосатын болады. Ал аталған экономикалық одақ елдердің өз мақсаттарын жүзеге асыруына өзіндік септігін тигізуі тиіс.
Бұдан кейін сөз алған Еуропалық одақ өкілдігінің басшысы Аурелия Бушез ханым өз сөзінде «Қазақстан-2050» Стратегиясының ел дамуы үшін қаншалықты мағынасы барлығына назар аудара келе, үш басты маңызды мәселеге тоқталды. Біріншісі – оның кең ауқымдылығы, басымдықтардың анық көрсетілуі, институттық, саяси реформалар мен экономика арасындағы синергияның қажеттілігінің байыпталуы. Қазақстан барлық саланың дұрыс жолмен дамуына мән беруде. Бұл – өте маңызды. Әрине, ол бәсекеге қабілетті ел болуға, үздік отыздыққа енуге жол ашатын іс дей келіп, Еуроодақпен арадағы қарым-қатынастар төңірегіндегі ойымен бөлісті. «Жақында ғана екі арадағы келіссөздердің соңғы раундын өткізіп, кең ауқымда ынтымақтастықты дамытуға уағдаластық. Келіссөздер негізі жылдар бойына қаланып, ол Қазақстанның Еуропаға жол бағытымен өрбіді. Экономикалық қарым-қатынастар, тұрақты даму, инвестициялар тарту, адамдар арасындағы байланыс, қоғамдардың бір-бірімен ықпалдасуы сынды мәселелер қамтылған бұл жұмыстар қай жаққа да тиімді», деді ол.
«Тоқталғым келген екінші мәселе – стратегияның Қазақстанның сапалық дамуына көңіл бөлуі. Қазірдің өзінде көрсеткіштер көңіл тоғайтарлықтай. Халықтың тұрмысының жақсаруы, озық елдердің қатарына енудегі қимылдар, қазақстандықтардың осыдан 20 жыл бұрынғы өмірі мен бүгінгі өзгерістер, орта және шағын бизнес тынысының ашылып, дамуы, биліктің орталықсыздануы секілді мәселелерде алға басу анық байқалады. Ел азаматтарының шетелдерге шығуында визалық жеңілдіктер бар. Үшіншіден, стратегия елді тұрақтылыққа бастап отыр. Бұл Қазақстанды тұрақтылықты экспорттай алатын ел дәрежесіне көтерді. Қазақстандағы тұрақтылық, этносаралық келісім мен конфессияаралық түсіністік өзге елдермен арадағы байланыстар дамуында да маңызды факторлардың бірі болып отыр. Бұл жағдайдың аймақта ғана емес, одан тыс жерлерде де елдің басты активіне жазылатыны анық», – деді А.Бушез.
UNFPA субаймақтық кеңсесінің директоры Николай Ботев Қазақстан 22 жыл бойы БҰҰ-ның белсенді әрі конструктивті мүшесі болып келе жатқандығын жеткізді. Бұл ретте Қазақстан ұлттық мүдделерін сақтай отырып, өзге қатысушы елдермен де теңгерімді ұстанымын сақтап келе жатқандығына назар аудартты. Ал Беларусьтің елшісі Анатолий Ничкасов «Қазақстан-2050» Стратегиясы Қазақстанның ғана емес, сонымен бірге, аймақтың ұзақ мерзімді дамуын айқындап берген құжат екендігін атап көрсетті. Елшінің пайымдауынша, құжат Қазақстанның алдында тұрған 10 сын-қатерді де нақты белгілеп беріп отыр.
Жалпы, пікірсайыс барысында дөңгелек үстелге қатысушылар «Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асырудағы бір жарым жыл ішінде ауқымды жұмыстар атқарылғандығына ерекше назар аударды. Атап айтқанда, стратегиядағы қойылған міндеттерге сәйкес тиісті заңнамалық актілер қабылданып, қоғам өмірінің көптеген салаларында арнайы бағдарламалар бекітілген.
Сөз алған елшілер өз сөздерінде, сонымен қатар, әлемдегі жалғасып келе жатқан экономикалық дағдарыс пен саяси тұрақсыздық мәселелері бедерінде Қазақстанның дамуы ерекшеліктерін де тілге тиек етті. Әсіресе, мемлекеттің одан әрі даму бағытын айқындауда жаңа стратегия ерекше құнды болып отырғандығы айрықша айтылды.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді