«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тынықты. Тәжірибе алмасты. Таным кеңейтті

Тынықты. Тәжірибе  алмасты. Таным кеңейтті
ашық дереккөз
Тынықты. Тәжірибе алмасты. Таным кеңейтті

«Тау самалындағы» оқыту лагеріне 200-ге жуық жас қатысты

Берікқара шатқалындағы  «Тау самалы» лагері әсем көркімен сонадайдан көз тартады. Таудан ескен таңғы леп қандай! Бірден бойды билеп, сананы сергітеді. Тұмса табиғаттың тамаша көріністері қиял құсын қияға шарықтатқандай. Демалыс аймағында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының қолдауымен облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы ұйымдастырған  «Зияткер жастар» облыстық оқыту лагеріне қатысушы әрбір жас үш күн бойы  осындай сезімге бөленді. Тынықты, тәжірибе алмасты, таным көкжиегін кеңейтті. Лагерьді ұйымдастырудағы негізгі  мақсат – жастар арасында зияткерлік адами және ой ұшқырлығы әлеуетінің қалыптасуына ықпал ету, бойдағы көшбасшылық қасиеттерді шыңдап, жастар саясатындағы жұмысты үйлестіруге баулу. Оқыту лагерінде облыстан  200-ге жуық жастың басы қосылды. Олардың қатарында Тараз қалалық және аудандық «Жастар орталықтарының» қызметкерлері, «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшылары, «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының тәлімгерлері, жастар қоғамдық бірлестіктерінің, жоғары және орта арнаулы оқу орындары жастар ісі комитеттерінің жетекшілері, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жастар қанатының және «Жас тұлпар» жас мемлекеттік қызметкерлер клубының мүшелері бар. Ауқымды шараның ашылу салтанатында сөз алған облыстық мәслихаттың депутаты, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдәзімов, партия Тараз қалалық филиалының төрағасы Қаржаубай Бекболатов оқыту лагерінің маңыздылығына тоқталып, қатысушы жастарды егемен еліміздің өсіп-өркендеуі жолында аянбай еңбек етуге шақырды. Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Еркебұлан Құралбаев пен облыстық «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Жанәділ Оспанов та өз сөздерінде бәсекеге қабілетті жастың бағындырмайтын белесі болмайтындығын, сондықтан жан-жақты біліммен қарулану уақыт талабы екендігін тілге тиек етті.  Мұнан соң жастар ән әуелетіп, мың бұрала биледі. Аз уақытта ойластырылған флеш моб та сәтті шықты. Біз лагерь аумағын аралай жүріп, ұйымдастырушылар  мен бірқатар қатысушыларды әңгімеге тарттық. Гүлмира Капенова, оқыту лагері  бағдарлама-сының жетекшісі: – Біз сіздердің облысқа Қостанай қаласынан келіп отырмыз. Бұған дейін де республика көлемінде көптеген іс-шараларды жүргізгенбіз. Бұл салада тәжірибеміз мол. Жамбыл облысына бұрын еш жерде қойылмаған жаңа бағдарламамен келдік. Қатысушы жастардың көңілінен шығады деген сенімдеміз. Нұркен Мырзаев, Талас аудандық «Жастар орталығының» директоры: – Осыдан аз ғана уақыт бұрын «Тау самалы» лагерінің аумағында аудандық тренинг өткізген болатынбыз. Оған сонымен қатар облыстағы жастар қоғамдық бірлестіктерінің көшбасшыларын да шақырдық. Олар өз тәжірибесімен кеңінен бөлісті.  Міне, енді осы лагерьге тағы жиналып отырмыз. Талас ауданы бойынша 12 жас қатысуда. Оның ішінде тоғызы ауылдық округтерден. Бағдарлама өте қызықты.  Жаңалығы мол. Көрген-білгенімізді, ойға түйгенімізді алдағы уақытта өз жұмысымызда пайдаланатын боламыз. Айту керек, жалпы оқыту лагері шеңберінде  сарапшылар мен қонақтар интерактивті сұхбаттар жүргізу, жеке тұлғаның дамуына бағытталған тренингтік бағдарламалар ұйымдастыру, жоба құру, күнделікті таңғы жаттығулар, спорт түрлерінен жарыстар, психологиялық тренингтер және команда жасақтау, кешкі сауықтыру сияқты көптеген қызықты шаралар қамтылды. Лагерь қатысушылары үшін қорытынды гала-концерт те ұйымдастырылды. Осылайша, үш күн бойы әрі тыныққан, әрі ой-өрісін шыңдаған жастар лагерь жұмысына белсене атсалысқаны үшін арнайы сертификаттармен марапатталды. Ұйымдастырылған байқаулар барысында үздік деп танылғандарға Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар салтанатты түрде табыс етілді.

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».

Жуалы ауданы.

Ұқсас жаңалықтар