Саясат
Тамызда күн сайын 140-150 симптомдық жағдай тіркелуі мүмкін
- author «Ақ жол»
- 2 шілде, 2020
- 254
Тамызда күн сайын 140-150 симптомдық жағдай тіркелуі мүмкін
Ардақ Үсейінова
Індет өршіп барады! Талап қатаң болған жерде, тәртіп бар. Алайда жұртты карантин ережесін сақтауға шақырып, аурудың жаппай таралуының алдын алуға жұмылдырылған жауапты тұлғалар жауапсыздық танытып отыр. Облыстық жедел штабтың кезекті 11-отырысында өңір басшысы Бердібек Сапарбаев аудан, қала әкімдері мен тиісті сала басшыларының осы бағытта жүргізіп жатқан жұмысын сынға алды.
Облыс әкімінің бұлай деуіне себеп те бар. Індет жұқтырғандардың саны күн санап өсуде! Қазіргі кезде жұртты алаңдатып отырған жайт та – осы. Кейбірі әлі де болса, дерттің барына сенбей «тұмауратып қалдымға» жорып, бірақ өте ауыр деңгейде өтіп жатқан инфекциялық аурудың белгілерінен қорқып отыр. Көпшілігі кеше ғана «Кімнің жақыны ауырды?» десіп, әзілге басса, қазір «бәріміздің танысымыз сырқаттанып қалды» деп көңілдерін үрей билеп, әлеуметтік желіде дабыл қағып жатыр. Қалай десек те, біразы бастапқыдай бұл дертті күлкіге айналдыратындай жағдайда емес. Дегенмен арқаны кеңге салып, «коронавирус кімді аңдып отыр дейсің?» деп жайбарақат жүргендер де жоқ емес. Солар тойға да барады, қуанышын себеп қып, дастарханын жайып, ағайын-туыстың басын қосуға асығады. Базарлар мен түрлі сауда нүктелерінде, саябақтарда әлеуметтік арақашықты сақтамай, санитарлық талапты орындамай отырғандар да бар. Сөйте тұра, карантин ережесін бұзғаны үшін тәртіпке шақырылып, айыппұл төлеп жатқандар аз.
– Мойынқұмда осы кезеңде айыппұл салу туралы ешқандай хаттама толтырылмаған. Ал Меркі, Т.Рысқұлов, Талас, Шу аудандарында бірде-бір нысандар жабылмаған. Егер ол жақта індет жұқтырғандар тіркелмесе, түсінер едік. Бірақ жағдай басқаша қалыптасып отыр. Сондықтан талапты қатаң қойып, нәтижеге қол жеткізуіміз керек. Салынған айыппұлдардың көлемі – 97 мың теңге. Осы жақында Талас ауданында карантиндік ережені бұзғаны үшін 27 мың теңгеге айыппұл салынды. Біз өткен штаб отырысында санитарлық жағдайы сай келетін нысандарды ашатынымызды айттық. Зерделеу барысында дайындық актілері бар 1669 нысан бар екені нақтыланды, 88-і дайын емес. Бұл мүмкін емес. Сақтық үшін бәрін қайта зерделеу керек. Рұқсат беріп, көптеген орындарды ашқанымызбен өткен апталарда науқастар саны Тараз қаласында, Т.Рысқұлов, Жамбыл, Байзақ аудандарында өскен, – деді Бердібек Машбекұлы.
Штабтың алдыңғы он отырысында тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берілген болатын. Ал қазіргі нәтиже сол талаптардың өз деңгейінде орындалмай отырғанын көрсетеді. Індеттің өршуі, тұрғындардың ережеге бағынбауы мобильдік топтар да өз жұмысын сылбыр жүргізетінін байқатады. Осыны баса айтқан өңір басшысы облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Берік Жарқынбековке санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды бағдарлау үшін облыс орталығындағы, аудандардағы жағдайды барып көріп, жиі аралап, қатаң шара қолдануды тапсырды.
Департамент басшысы өңірдегі қалыптасқан жағдайды, бүгінге дейін жүргізілген және алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарға тоқталып, саралап берді. Алайда іс жүзінде бас санитарлық дәрігердің қаулысының орындалуын қадағалау өз деңгейінде болмай тұр. Мониторингтік топтар тұрғындар көп жүретін нысандарға бақылау жасағанымен, қатаң талап қойып, айыппұл салу дерегі аз. Мәселе жұртты қорқытып, жаппай айыппұл салуда емес. Бірақ тәртіпке бағынбағандарға қалай да тоқтам салу қажет. Себебі айтпаса да, түсінікті. Індет өршіп, дертке шалдыққан науқастар саны көбейіп барады. Тиісті департамент тарапынан жүргізіліп отырған жұмыстарға көңілі толмайтынын жеткізген облыс әкімі осыны ескертті.Көрсеткіші көңіл көншітпейтін Тараз қаласы мен Т.Рысқұлов, Жамбыл аудандарының әкімдері қалыптасқан жағдайды облыс әкіміне баяндап, сұрақтарға жауап берді.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді