«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылуы керек

Мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылуы керек
ашық дереккөз
Мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылуы керек
Аудандар мен Тараз қаласының әкімдерімен өткен селекторлық кеңесте коронавирус індетінің алдын алу, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» жобалары және азық-түлік бағасының өсуіне қарсы іс-шаралар барысы сараланды. Аталған мәселелер бойынша облыстың бірқатар аудандарындағы жұмыстарда кемшіліктер байқалады. Алайда өз қызметін қайта бастаған нысандарды тексеру кезінде бұзушылықтар анықталған жағдайда мониторинг топтары тек ескертулермен ғана шектелуде. – Карантин режімін бұзғандарды жазалау үшін нақты шаралар қабылданбайды. Соның салдарынан күн сайын коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны артып келеді. Мониторинг топтары мен салалық ведомстволар өздеріне берілген тиісті өкілеттіктерді пайдалана алмауда, – деп атап өтті облыс әкімі. Басқосудың күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының жүзеге асырылу жайы қаралды. Бұл орайда Байзақ ауданында – 14, Жамбыл ауданында – 10, Жуалы ауданында – 5, Қордай ауданында – 7, Меркі ауданында – 10, Мойынқұм ауданында – 8, Т.Рысқұлов ауданында – 7, Талас ауданында – 4, Шу ауданында – 10, Тараз қаласында – 9 жоба бойынша жұмыстар әлі күнге қолға алынбаған. Ал Сарысу ауданындағы жоспарланған барлық 24 жоба жүзеге асырылуда. Осы тұрғыда құрылып жатқан жұмыс орындарының кемінде жартысына жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындар жұмыспен қамту орталықтары арқылы орналасуы керек. Сарысу мен Тараз қаласынан басқа барлық аймақтарда бұл 30 пайыздан төмен көрсеткішті құрап отыр. Сондай-ақ бірқатар аудандарда ұн, қарақұмық, пастерленген сүт, нан, картоп, жұмыртқа, күнбағыс майы, қант, сәбіз, пияз бағасы көтерілсе, облыс орталығында тауық еті, күнбағыс майы, пияз, картоп бағалары қымбаттаған. Аймақ басшысы облыста азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық мүмкіндіктер бар екенін атап өтті. Ол үшін өз өндірістік қуаттылықтарымызды дамытып, басқа салалармен байланысын арттырып, тұрақтандыру қорының мүмкіндіктерін барынша пайдалану қажет. Бердібек Сапарбаев аудан әкімдерінен АӘК, төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғаны үшін әлеуметтік төлемдерді төлеу және жеке кәсіп ашуға гранттар беру бағытындағы жұмыстардың жай-күйін сұрады. Мысалы, Байзақ ауданында 34,3 миллион теңгенің, Жамбыл ауданында – 43,6 миллион, Жуалы ауданында – 22,1 миллион, Тараз қаласында – 106 миллион теңгенің атаулы әлеуметтік көмегі төленбеген. Байзақ ауданының 15 тұрғыны, Жамбыл ауданында – 14, Кордайда – 99, Таласта – 5, Шуда – 15, Таразда 50 адам банктік есепшоттарын ашпағандықтан, олар 42 500 теңге мөлшерінде белгіленген әлеуметтік төлемді ала алмай отыр. Жыл басынан бері Жуалы және Шу аудандарында, сондай-ақ Таразда нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» бағдарламасы бойынша бірде-бір қайтарымсыз грант бөлінбеген. Басқа аудандарда да шағын несиелер беру бойынша жұмыстар тиісті деңгейде жүргізілмеуде. – Жұмыссыздықпен күрес қашанда маңызды. Жұмыспен қамту мәселелерін шешу жолындағы мемлекеттің шығындары жыл сайын артып келеді. Алайда мемлекеттік қолдаудың мүмкіндіктерін әлі күнге толық пайдаланбай отырмыз. Әкімдер «Жұмыспен қамтудың жол картасының» орындалуын күнделікті бақылауда ұстап, жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелерімен белсенді түрде айналысуы керек. Мемлекеттік бағдарламалар мен тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға арналған жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылуы тиіс, – деп қорытындылады Бердібек Сапарбаев.

Ұқсас жаңалықтар