дегенмен су қоймаларының қауіпсіздігі мен өзен-көлдердің жиегін жырып кетпеуін қатаң қадағалау керек
Амангелді ӘБІЛ
Өзбекстандағы «Сардоба» су қоймасының жарылуы көрші Түркістан облысының Мақтарал ауданын орасан зор шығынға ұшыратты. Бірнеше ауыл су астында қалды. Әйтеуір Құдай сақтап, адам аман. Су қоймаларының бұзылуы салдарынан Қазақстанның да әр өңірінде әр жылдары елді мекендерді су шайып кету оқиғаларынан адамдардың қазаға ұшырағаны белгілі. Облыс аудандарындағы су қоймалары мен өзен-көлдері де оқта-текте «мінез» көрсеткенімен елді мекенді су алып кету оқиғасы орын алған жоқ. 2005 жылы наурызда Сарысу ауданындағы сыйымдылығы 30 миллион текше метр «Ынталы» су қоймасына мол су жиналып, арнасынан асып кете жаздағанын көрдік. Бетін аулақ қылсын, қойма бұзылғанда 3-4 километр жердегі ылдидағы Саудакент ауылын әпсәтте-ақ шайып кетер еді. Аудан басшылығының ел-жұртты дер кезінде ұйымдастырып, техника күшін жұмылдыра білуінің арқасында ауыл апаттан аман қалды. Қайбір жылы Талас ауданы Ақкөл ауылын қақ жарып жатқан Аса өзені де арнасына лық толып, ауылдықтарды аяғынан тік тұрғызғаны бар. Ер-азаматтар күн-түн демей өзен жағасына құм толтырылған қап тасып, екі жақ жиегін нықтаумен болды. Ауданнан, облыстан күштік құрылымдар мен әскери бөлімдер көмекке келіп, Ақкөлді де су басудан сақтап қалды. Көбіне судан қысып тастайтын қырғыз ағайындардың кейбір жылдары мырзалығы ұстап кете ме, Талас пен Шу өзендерінен мол суды лақ еткізетіні бар. Тараз қаласының шығыс жағындағы тұрғын жай алқаптары мен Байзақ ауданының бірқатар ауылдарына да Талас өзенінің суынан қауіп төнді, ана бір жылдары. Онда да жергілікті биліктің шұғыл әрекет етуінің нәтижесінде ел де аман, бірде-бір елді мекенді де су шайған жоқ. Мұндай қауіпті Шу өзені Қордай ауданында да туғызды. Мойынқұм ауданы аумағындағы суды осы өзеннен алатын Радай өзегі де «тентек мінез» көрсетіп қоятыны бар. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасынан алған мәліметке қарағанда облыстың суармалы жерлерінің көлемі 229,7 мың гектарды құраса, оның 140,8 мың гектары немесе 61 пайызы пайдаланылуда, қалған 88,9 мың гектары су жүйелері бұзылуы салдарынан толық сумен қамтылмапты. Облысқа жер үсті су ресурстарының 80 пайызы суармалы маусым кезеңінде көршілес Қырғыз Республикасының Шу және Талас трансшекаралық өзендері арқылы түсетінін ескерсек, екі өзеннің арнасын нықтау күн тәртібінен түспеуге тиіс. Жалпы пайдаланатын су ресурстары 4,22 миллиард текше метр болса, оның 3,1 миллиард ағын суы Қырғыз Республикасында жинақталып, Шу,Талас және Күркіреусу өзендері арқылы келсе, қалған 1,12 миллиард текше метр су облыс аумағындағы Меркі, Қарақыстақ, Тамды, Көктал, Шабақты, Бүркітті және тағы басқа өзендер арқылы жинақталатын көрінеді. Еуропалық қайта құру және даму банкі 24,7 миллиард теңге несие бөліп, осы қаржыға облыстағы 310 су нысаны жаңғыртылатын көрінеді. Одан бөлек, облыста құрылған «Талас-Аса» су шаруашылығы кәсіпорны жанындағы механикалық жасақпен барлығы соңғы екі жылда 100,8 километрді құрайтын коммуналдық меншіктегі 21 канал мен 6 су қоймасына және 7 жеке шаруашылықтағы каналға ағымдағы жөндеу, тазалау жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде облыс бойынша барлығы 6471 гектар суармалы алқап қалпына келтірілген. Кәсіпорынның биылғы жоспары бойынша облыстың коммуналдық меншігіндегі ұзындығы 105,2 километр суармалы жер көлемі 8,6 мың гектарды құрайтын 20 су шаруашылығы жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Облыстық және аудандық теңгерімдегі ағымдағы жөндеуді, қалпына келтіру және механикалық тазалауды қажет ететін жалпы сомасы 903,9 миллион теңгенің ұзындығы 261,1 километрді құрайтын 57 су нысандары анықталған. Нәтижесінде 18,4 мың гектар суармалы жердің су өткізгіш қабілеті және суармалы жер көлемі артады. Сонда 159 адам жұмыспен және 724 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Шу ауданындағы «Тасөткел» су қоймасының сыйымдылық көлемін 500 миллион текше метрден - 620,0 миллион текше метрге дейін жобалық көлеміне жеткізу бойынша қажетті 2062,1 миллион теңгенің 400 миллион теңгесі жұмыспен қамту бағдарламасы аясында бөлінген. Қалған қаржы үнемдеу есебінен қаржыландырылатын көрінеді. Талас ауданындағы Ақкөл көлінің бөгенін жаңғыртуға қажетті 721 миллион теңгенің 500 миллионы жұмыспен қамту бағдарламасы аясында бөлінсе, оның да қалған қаржысы үнемдеу есебінен қаржыландырылады. Республика теңгерімінде тұрған жаңа үш су қоймасын салу жобаларының техника-экономикалық негіздемесі әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға өткізілген Қордай ауданындағы Ырғайты өзенінде сыйымдылығы 15,2 миллион текше метр «Ырғайты», осы аудандағы Қалғұтты өзенінде сыйымдылығы 14,6 миллион текше метр «Қалғұтты» және Байзақ ауданындағы Талас өзенінде сыйымдылығы 11,1 миллион текше метр «Ақмола» су қоймасын салу қажет. Бұл жобалар іске асырылған жағдайда өз кезегінде Қырғыз Республикасынан келетін ағын суға деген тәуелділікті азайтып, суармалы 34,5 мың гектар алқапты ағын сумен қамтамасыз ету деңгейі артады. 2018 жылы құрылған механикалық жасақ арқылы келер жылдың соңына дейін облыстың 18,0 мың гектар суармалы алқаптарын қалпына келтіру жұмыстары жоспарланған. Өткен екі жылда барлығы 100,8 километрді құрайтын, коммуналдық меншіктегі 20 канал мен «Бөгет-6», «Кеңес-1», «Көктем-1», «Сарыбалдақ», «Кеңес», «Бөлекқызыл» су қоймаларына және жеті жеке шаруашылықтағы каналдарға ағымдағы жөндеу, тазалау жұмыстары жүргізілген. Барлығы 6,47 мың гектар суармалы алқап қалпына келтіріліп, толығымен сумен қамтамасыз етілген. Оған жоғары рентабельді қант қызылшасы, жүгері, бақша, көкөніс және тағы басқа да дақылдар егіліпті. Ал кәсіпорынның биылғы жоспары бойынша облыстың коммуналдық меншігіндегі, ұзындығы 105,2 километр суармалы жер көлемі 8,6 мың гектарды құрайтын 20 су шаруашылығы жүйесіне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіліп жатса керек. Облыс басшылығы тарапынан су нысандарының қауіпсіздігін сақтап, егістік алқаптарды сумен қамтамасыз етуде осындай ауқымды шаралар қолға алынуда. Дегенмен су шаруашылығына жауапты мекеме басшылары да осынау өзекті мәселені әркез естен шығармағаны абзал. «Қыста қар аз түсті, көктемнің екі айы жауын-шашынсыз өтті» деп алаңсыз отыруға болмайды. Өңірдегі бар суды тиімді әрі үнемді пайдаланып, сақтық шараларын қатаң сақтағандары абзал.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді