Облыстық әкімдік ғимаратында селекторлық режіммен кеңес отырысы болды. Облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаевтың төрағалығымен өткен жиында бірқатар мәселе қаралды.
Шағын несие күткендер көп. Алайда...
Селекторлық отырыста ең алдымен «Еңбек» бағдарламасы аясында қысқа мерзімді кәсіптік оқыту мен гранттар беру жайы сөз болды. Аталған мәселе бойынша облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков хабарлама жасады. Аудандар мен Тараз қаласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталған ол бірқатар жайттардың басын ашты. Мәселен, «Еңбек» бағдарламасының 2-бағыты аясында 310 адамға қайтарымсыз грант берілсе, оның тең жартысын көп балалы отбасылар алған. Ал Жуалы, Шу аудандары мен Тараз қаласында ол әлі ешкімге берілмеген. Ал қысқа мерзімдік кәсіптік оқыту жағы Жамбыл, Жуалы және Талас аудандарында ақсап тұр. Шағын несие беру бірқатар ауданда тиісті деңгейде жүргізіліп жатқан жоқ. Бұған қатысты ең төменгі көрсеткіш Сарысу ауданына тиесілі екен. Егер оны қаржылық ұйымдар бойынша қарастырсақ, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры жоспарды 28,1 пайызға орындаған. Ал Аграрлық несие корпорациясы 7,8 пайыз қана игерсе, «Даму КДҚ» АҚ күні бүгінге дейін мүлде несие бермеген. – Тағы да бір айта кетерлігі – ол Жұмыспен қамту жол картасының аясында іске асырылатын инфрақұрылымдық жобалардың орындалуы. Ол бойынша жұмыстар тиісті деңгейде жүргізілмеуде. Мысалы, өңірде қазіргі басталмаған жобалардың саны 84-і құрап отыр. Атап айтсақ, ол Тараз қаласында – 9, Байзақ – 14, Меркі және Жамбыл аудандарында 10 жоба, – деді Жорабек Нұрмергенұлы. Жұмыс орындарын құру және Жұмыспен қамту орталықтарынан жұмысқа орналастыру бойынша жұмыс өте төмен деңгейде екенін қадап айтқан Ержан Жұматұлы сөз болған мәселелер дер кезінде орындалуы тиістігін ескертті. Үлгілі ауыл барлық жағынан үлгілі болуы тиіс
Өңірімізде «Үлгілі ауыл» облыстық байқауын ұйымдастыру қолға алынған болатын. Ауылдағы ағайынның тұрмыстық жағдайын жақсарту мен денсаулығы үшiн қолайлы орта қалыптастыруды және елді мекендерді көріктендіруді көздейтін сайыс жайлы толығырақ облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Дауыл Бейсенқұлов жіктеп берді. – Байқау ауыл тұрғындарының белсенділігін арттырып, ұлттық құндылықтарды дамытуды, өскелең ұрпақ тәрбиесіне басымдық беруді, қоғамға жат қылықтардан арылтуды, ауызбіршілікті, түрлі құқық бұзушылықты болдырмауды насихаттау және жұртшылықтың қоршаған ортаны қорғау мен орнықты даму мәселелерiн шешуге жан-жақты қатысуын қамтамасыз етуді мақсат тұтады, – деген Дауыл Ынтықбайұлы байқауға үміткер ауылдарды атап көрсетті. Оған өңіріміздің 13 ауылы қатыспақшы екен. Атап айтсақ, сайыста Байзақ ауданының Ынтымақ ауылы, Жамбыл ауданынан – Жалпақтөбе, Жуалы – Момышұлы, Қордай – Кенен, Меркі – Кеңес және Сұрат, Мойынқұм – Биназар, Сарысу – Әбілдә, Талас – Үшарал және Қасқабұлақ, Т.Рысқұлов – Көкдөнен және Абай, Шу ауданынан Қонаев ауылы бақ сынамақ. Үлгілі ауыл барлық жағынан үлгілі болуы тиіс. Сондықтан рухани және тәрбиелік мазмұндағы құндылықтарды үлгі ету және ауылдың инфрақұрылымын және әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін арттыру секілді 2 бағыт бойынша өтетін байқау барысында бірқатар істер қолға алынатын көрінеді. Нақтырақ айтсақ, 5 ауылда 12 жаңа нысан ашылса, 9 ауылдың көшелеріне асфальт салу жоспарда бар. Бұған қоса, 9 елді мекеннің негізгі көшелеріне жарық, 5 ауылға газ тартылмақ. 2-еуіне ауызсу жүргізіліп, 7 ауыл-аймақтың саябағы абаттандырылады деп күтілуде. Жоспар бойынша жұмыстар қазан айының 15-іне дейін аяқталуы тиіс. Сөйтіп Үлгілі ауылдар Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай өтетін салтанатты жиында марапатталмақ. – Бірақ ұсынылған жоспарлардың ішінде Қордай ауданының құжатында инфрақұрылымды дамыту, құрылыс, ғимараттарды жөндеу, асфальт төсеу, жарық жүргізу сияқты жұмыстары нақты көрсетілмеген. Бұл байқау қорытындысын шығаруға қиындық туғызады. Сондықтан жоспарды қайта пысықтау қажет, – деді Дауыл Ынтықбайұлы.
Ажырасу көрсеткіші көңіл көншітпейді
ҚР Жоғарғы Сот төрағасы Ж.Асановтың тапсырмасына сәйкес, 2018 жылы облыста «Отбасылық сот» пилоттық жобасы басталған болатын. Сөйтіп аудандар мен Тараз қаласында жұмыс топтары құрылды. Олардың құрамына облыстық, қалалық және аудандық сотттардың өкілдері, қоғам мүшелері, билер кеңестері, медиаторлар мен психологтер кірген еді. Соның аясында «Бастау» жұмыс топтары өз жұмысын бастаған. Алайда бүгінде бұл тұрғыда жұмыстар да өз деңгейінде жүрмей отырған сыңайлы. Себебін түсіндірген облыстық соттың судьясы Гүлнар Асылбектің айтуынша, еліміздегі ірі мегаполистерге қарағанда біздің өңірде ажырасу көрсеткіші әлдеқайда көп. Алайда бұл көрсеткіш жоғарыда айтылған Үлгілі ауыл болуға кері әсерін тигізуі ғажап емес. Ал әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Зәуре Тұрғынованың баяндамасына сүйенсек, ең көп ажырасқандар Байзақ, Жуалы, Қордай мен Шу аудандарында тіркелген. – Сондай-ақ Тараз қаласы, Жамбыл, Қордай, Шу, Сарысу және Т.Рысқұлов аудандарында – әйелдерге және Тараз қаласында кәмелетке толмағандарға қатысты көптеген заң бұзушылықтар орын алған, – деген Зәуре Мұратқызы Тараз қаласы, Жамбыл, Қордай, Талас, Шу аудандарында тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерінің тіркелгендігін тілге тиек етті. Кеңес отырысының соңында облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев орын алған олқылықтарды жойып, берілген тапсырмалардың көрсетілген мерзімде толық аяқталуын шегелеп тапсырды.
Альмира ОМАРОВА
Ұқсас жаңалықтар
Балалар қауіпсіздігі – басты назарда!
- 2 желтоқсан, 2024
Барлық мәселе тұрақты бақылауда
- 2 желтоқсан, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді