Есіркептей ерді қалай ардақтаса да жарасады
Жуалылық Есіркеп Дауылбаев – Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен ұрысқа қатысып, өшпес ерліктің үлгісін көрсеткен, Жеңісті Берлинде қарсы алған майдангерлердің бірі. Жуалы ауданының Алатау ауылы тумасының балалық шағы бақытты, алаңсыз болды деп айта алмаймыз. Жастайынан жетім қалған ол Шақпақ ауылындағы балалар үйінде өсті. Өжет, білімге құштар ол барлық қиындықтарға төтеп беріп, 16 жасында фабрика-зауыт училищесіне түсіп, жұмысшы мамандығын меңгерді. Ал 1938 жылы педагогикалық училищені тәмамдады. Тарихтан белгілі, өткен ғасырдың 30-шы жылдарының соңында халықаралық қатынастар аса шиеленісіп тұрған кез болатын. Кеңес одағының финдермен соғысына Есіркеп Дауылбаев та қатысады. Әскери міндетін абыроймен орындап, соғыстың от-жалынынан өтіп, елге қайтайын деп тұрғанда Германия фашистері соғысты бастайды. Есіркеп Дауылбаев 1941 жылдың маусым айында майданға аттанады.
1941 жылдың маусымынан 1943 жылдың тамызына дейін Воронеж майданында кескілескен ұрыстарда ерліктің үлгісін көрсетеді. Соғыстың аты – соғыс. Есіркеп бір ұрыста ауыр жарақат алып, әскери госпитальға түседі. Сауығып шыққаннан кейін қайтадан алдыңғы шепке оралып, Прибалтика майданында ұрысқа кіріседі. Көкірегін оқ пен отқа тосқан ол Берлинге дейін барады. Майданда көрсеткен ерлігі үшін Е.Дауылбаев «Қызыл жұлдыз» және ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерімен марапатталады. Мыңдаған жауынгерлердің арасында ерлігі үшін мемлекеттік наградаларды жоғары шенді қолбасшылардың қолынан алуының өзі үлкен мәртебе емес пе? Ұрысқа қатардағы жауынгер болып кірген майдангер аға лейтенант әскери шеніне ие болып, елге кеудесін орден-медальдарға толтырып оралады. Бұл – 1945 жылдың 15 қарашасы еді. Жуалы жері батыр ұлын құшақ жайып қарсы алады.
Өмірлік тәжірибесі мол, майданда шыңдалып келген Есіркеп бірден партиялық қызметке шақырылады. Көктерек аудандық партия комитетінің нұсқаушысы болды. 1947 жылы жоғары партия мектебінде оқып, одан кейін Жамбыл облыстық партия комитетінің нұсқаушысы болып тағайындалады. Есіркеп Дауылбаевтың еңбек майданындағы ерлікке пара-пар қызметтік жолы – бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. 1955-1959 жылдары облыстық партия комитеті идеология бөліміне жетекшілік еткен кезде оның ұйымдастырушылық және басшылық қасиеті жарқырай көрінді. 1959 жылдан 1973 жылға дейін Жамбыл, Шу және Жуалы ауданында аудандық партия комитеттерінің хатшысы қызметін атқарды. Осы мерзімде ол сол өңірлердегі мәдени-ағарту, денсаулық сақтау, басқа да әлеуметтік салалардың дамуына өлшеусіз үлес қосты.
Онымен бірге қызмет істегендер Есіркептің іскерлігін, айналасындағыларға жақсылық жасауға ұмтылып тұратын ізгі қасиеттерін тамсана айтады. 1973 жылдан бастап біраз жыл Жуалы аудандық оқу бөлімін басқарған кезде білім саласын дамытуға, мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға үлкен еңбек сіңірді. Ұлы Отан соғысында бірнеше рет жарақат алған ол ұзақ жасай алмады. 65 жасында дүниеден өтті. Әйтсе де, оның майданда көрсеткен ерліктері, бейбіт күндегі жасампаз еңбектері жерлестерінің есінен еш уақытта шықпақ емес. Ол кезінде ұлтымыздың біртуар ұлы Бауыржан Момышұлымен етене араласқан, тығыз қарым-қатынаста болған. Екінің біріне илікпейтін батыр Баукең Есіркепті қатты құрметтеп, сыйлаған екен.
Есіркептей ерді қалай ардақтаса да жарасады. Өзі туып-өскен Алатау ауылының Орталық деп аталатын көшесіне Есіркеп Дауылбаевтың атын беру сауапты істің бірі болар еді. Бұл – Қызыларық ауылдық округіндегі ардагерлердің, Алатау ауылы тұрғындарының және Алтын алқалы, Күміс алқалы аналардың да тілегі.
Дәулет Қапалбеков,
Алатау ауылының тұрғыны, еңбек ардагері.
Жуалы ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді