Облыстық мәслихаттың кезектен тыс қырық төртінші сессиясына облыс әкімінің міндетін атқарушы Бекболат Орынбеков қатысты. Жиында облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова 3 мәселе бойынша хабарлама жасады. Басты мәселе, облыс бойынша Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы аясында іске асырылуы жоспарланатын инфрақұрылымдық жобалардың тізбесін бекіту болды. Өйткені бұл бағытқа республикадан бұрын-соңды болмаған қыруар қаражат, нақтырақ айтсақ, 56,163 миллиард теңге бөлініп отыр. Депутаттардың назарына осы қаржыны қажет етіп тұрған негізгі инфрақұрылымдық нысандар ұсынылды. Алайда халық қалаулылары кейбір нысандарға қыруар қаржы жұмсауды әбестік деп таныды. Мысалы, 1,3 миллиард теңгеге жуық қаражат Тараз қаласында орналасқан 4 колледждің күрделі жөндеуі мен абаттандырылуына қарастырылған екен. Облыстық мәслихаттың депутаты, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров бұл қаржыны одан да тозығы жеткен ықшам аудандардың аулаларын ретке келтіріп, үйлерін жөндеуге жіберген әлдеқайда дұрыс екендігін айтты. Сондай-ақ қала ішіндегі көшелерді жөндеу мен шеткі аумақтардағы кейбір көшелерге асфальт төсеген әлдеқайда тиімді екенін атап өтті. Ал облыстық мәслихаттың депутаты Халит Базаралиев мүмкіндігінше аудан, ауылдарды қамту керектігін көтерді. Сондай-ақ ол облыстық аурухананың да мүшкіл халін тілге тиек етіп, оның қабылдау бөлімінен бастап, палаталарына дейін жөндеуден өткізу керектігін ашып айтты. Бұл мәселеге қатысты Бекболат Серікбекұлы облыстағы тек 5 медициналық мекеме облыстық бюджеттен, өзгесі республикалық бюджеттен қаржыландырылатындығын жеткізді. Ал аудандар мәселесіне қатысты: «Біз барлық аудан әкімдерінің ұсыныс-пікірлерін, сұрауын ескере отырып тізімді жасап шықтық. Онда әрбір ауданның негізгі мәселесі шет қалған жоқ», – деп жауап берді Бекболат Серікбекұлы. Айта кетейік, егер аталған қаражат бөлініп, бастапқы жоспардағыдай игерілетін болса Қаратау, Жаңатас қалаларындағы қаңырап тұрған бос үйлер де жөнделмек. Сондай-ақ депутат Юрий Минаков Тараз қаласында салынып жатқан 15-ықшам ауданның құрылысын жүргізіп жатқан компаниялар біраз уақыттан бері тиісті қаржыға қол жеткізе алмай отырғанын, тіпті өткен жылдан ауыспалы берешектің де бар екенін айтып, бөлінетін қаржыдан мемлекет сол қарызын қайтарса деген өтінішін жеткізді. Оған Бекболат Серікбекұлы алдағы сәуір айында қаржы толығымен төленетіндігін айтты. Ал депутат Гүлдара Нұрымова қаржы облыс бюджетіне түскен соң жөнделетін нысандарға қатысты облыстық мәслихаттың депутаттары да ұсынысын білдірсе деген тілегін жеткізді. Сондай-ақ сессияда «Жамбыл облысы бойынша іске асырылуы жоспарланатын жергілікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының тізбесін бекіту туралы» мәселе қаралды. Осылайша қомақты қаржыны шашау шығармай, жұрт қажетіне жұмсау қажеттігі талқыланған сессия отырысы депутаттардың айтқан сыны мен ескертпелері ескеріле отырып, шешім қабылдансын деген уағдаластықпен аяқталды.
Маржан РАҚАЙ
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестікке серпін берген сапарлар
- 23 қараша, 2024
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді