Облыста ұлтаралық татулық пен келісімді сақтау және нығайтуға бағытталған «Бейбітшілік пен келісім» жаңа жобасының тұжырымдамасы өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың өкімімен мақұлданып, оны іске асыру бойынша жұмыс топтары құрылды. Аталған жоба аясында құрылған жұмыс топтары кеше Қордай ауданында болды.
Бір апта көлемінде ауданда болатын кешенді іс-шараларды өткізетін топ құрамында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, әлеуметтік және ауыл шаруашылығы мәселелерін, діни аспектілер мен қауіпсіздікті зерделеу секілді бағыттар бойынша бес жұмыс тобы бар. Жұмыс тобының мүшелері Қордай ауданының барлық ауылдық округтерінде болып, жергілікті халықтың бүгінгі тыныс-тіршілігімен жіті танысады. Оларды қандай мәселелер толғандыратынына зерделеу жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар бұл күндері этникалық топтардың жалпықазақстандық кеңістікке интеграциялану деңгейін анықтау бойынша іс-шаралар ұйымдастырылып, түрлі спорттық жарыстар өтеді деп күтілуде. Мұнымен қоса, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын арттыру, мемлекеттік тілге деген құрметті нығайту, этностар арасында достықты бекемдеу, «Мәдениеттаным», «Ұлттаным» және «Өнертаным» турлары арқылы қазақ халқының тарихына, салт-дәстүрлеріне қызығушылықты, ұлттық мәдениеті мен өнеріне, әдебиеті мен тіліне деген ықыласты арттыру мақсатында да түрлі іс-шаралар жүргізіледі. Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту мақсатында жиындар, «Абайдың рухани мұралары» тақырыбында дөңгелек үстел отырысын өткізу жоспарлануда. Жұмыс топтарының мүшелері сонымен қатар, құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік принципін жетілдіру мақсатында «Халықтық заңгер» қоғамдық қабылдауын өткізеді. Мәдениет үйлерінде театрландырылған қойылымдар мен көрмелер өтіп, ұлттық ән мен биге, шығармашылыққа басымдық беріледі. Жалпы жеті күн ішінде ауданда 110 іс-шара және құқық саласы бойынша 32 түрлі жоба өткізу жоспарлануда. Ақпараттық топтың алғашқы күнінде аудандағы межеленген тұңғыш іс-шара да жоспарға сәйкес өтті. Алдымен ақпараттық топтың жиыны аудан әкімдігінің мәжіліс залында өтіп, жоба аясындағы жұмыс жоспарларының ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Аудан әкімі Рүстем Дәулет ақпараттық топтың Қордай жеріне келудегі мақсатын түсіндіріп, қарапайым халық үшін маңызы зор бастамаға аудан әкімдігі тарапынан тиісті ұйымдастыру жұмыстары жүргізілетіндігін жеткізді. Ал облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасының басшысы Дауыл Бейсенқұлов жиынға қатысушыларға облыс әкімімен бекітілген өкімді және ақпараттық топтың негізгі мақсаты мен басымдықтарын түсіндірді. Сондай-ақ жоба аясында Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Қордай ауданы Степной ауылында «Абай – дана, Абай – дара қазақта» атты оқулар сайысы ұйымдастырылды. Облыстық Ш.Уәлиханов атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасы ұйымдастырған сайыстың мақсаты – жастар арасында Абай шығармаларын насихаттау. Абай оқуларына қатысушы Ким Тимур ұлы ақынның «Көзімнің қарасы» шығармасын орындап, көрермен көңілінен шықты. Осы күні қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту мақсатында «Халықтық» атағы бар өнер ұжымдарымен де кездесу өтті. Басқосу барысында олардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, жұмыс жоспарлары талқыланды. Арнайы топтардың жұмысы Қордай ауданында әлі жалғасын табуда.
Фариза ҚОРАБАЙ, журналист.
Қордай ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестікке серпін берген сапарлар
- 23 қараша, 2024
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді