Праймериз өткізу арқылы белсенді, ұлтжанды азамат тар билікке келеді
- author «Ақ жол»
- 15 наурыз, 2020
- 338
өңір басшысы Бердібек Сапарбаев «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы болып сайланды
«Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек өңірімізге екі күндік жұмыс сапарымен келді. Оның алғашқы күнінде Бауыржан Қыдырғалиұлы облыс орталығындағы «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде өткен «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының кезектен тыс ХХVІ конференциясына қатысты. Сондай-ақ бұл іс-шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Саяси кеңес мүшелері, партия ардагерлері, облыстық мәслихаттағы депутаттық фракция мүшелері, партияның аумақтық филиалдарының, жергілікті атқарушы органдардың басшылары, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары мен «Jas Otan» жастар қанатының мүшелері, БАҚ өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасын сайлау, партия филиалы Саяси кеңесі құрамына өзгерістер енгізу және партияның алдында тұрған мақсаттар мен міндеттер сынды 3 мәселе қаралған конференцияны ашқан Бауыржан Байбек: – Елбасы, партия лидері Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылы саяси ұйымымызды түбегейлі қайта жандандыруды көздейтін «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының жеті серпіні» бағдарламасын ұсынған болатын. Осы жеті бағытты қамтыған міндеттерді орындау бойынша партия тарапынан кешенді жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, бүгінгі таңда бүкіл ел көлемінде партиямыздың өзегін құрайтын жақтастарымызды ортақ мақсатқа ұйыстыру жұмыстары күшейтілді. Мәжілістегі және мәслихаттардағы фракциялар жұмысы жанданды. Барлық деңгейде партиялық жауапкершілік күшейтіліп, партия органдарының қызметі қайта қаралды. Партия аппаратының жұмысы мен аймақтар қызметін үйлестіру тиімділігі артты. Халықпен тығыз қарым-қатынас орнап, кері байланыс жүйелі жолға қойылды. Ақпараттық-идеологиялық жұмыстар жаңа форматқа көшірілді. Әлеуметтік желілердегі жұмысқа басымдық берілді. Партия аясына жастарды топтастыру бағыты бойынша да ауыз толтырып айтар істер баршылық. Жуырда ғана «Jas Otan» жастар қанатына жаңа жетекші сайланды. Енді біз «қайта жандандырудың» екінші кезеңіне аяқ басып отырмыз. Бұл ретте өңірлердегі жұмысқа баса мән берілмек. Біздің алдымызда партияның халықпен жұмыс жүргізу тәсілдерін түбегейлі өзгерту бойынша нақты міндеттер тұр. Осынау бағыттағы жұмыстың өзегіне Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы алынуы тиіс. Осы орайда «қайта жандандырудың» екінші кезеңі аясында Қазақстанның бүкіл өңірлерін аралап шығуға кірістік. Бұған дейін жұмыс сапарымен Атырау, Павлодар, Түркістан, Қызылорда облыстары, Шымкент қаласында болдық. Облыс орталығынан шалғай орналасқан ауылдарда тұрғындармен, партияластарымызбен кездесіп, өздерін толғандыратын бірқатар маңызды мәселелерді тыңдап, шешу жолдарын қарастырдық. Сонымен қатар жергілікті зиялы қауым өкілдері және ақсақалдармен, қоғамның белсенділерімен, жастармен кездесіп ой-пікірлерін тыңдадық. Айтылған өзекті мәселелердің барлығы өз шешімін тапқанша партия бақылауында болады, – дей келе, партия төрағасының бірінші орынбасары облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың тағайындалған уақыттан бері бір ай ішінде атқарған жұмысына оң бағасын берді. – Мен Жамбыл жеріне осыдан төрт жыл бұрын келіппін. Содан бері біраз өзгеріс орын алыпты. Көптеген салаларда ілгерілеу бар. Туризмнің әлеуеті артыпты. Бұрынғы облыс әкімі Асқар Мырзахметов екі жыл ішінде өңірдің өркендеуі бағытында аянбай тер төкті. Сондықтан партия атынан Асқар Исабекұлына алғыс білдіремін және Бердібек Сапарбаевты «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының жаңа төрағасы етіп сайлауды ұсынамын, – деді Бауыржан Қыдырғалиұлы. Конференцияға қатысушы делегаттар ұсынысты бірауыздан қолдады. – Бұл, әрине, мен үшін айрықша мәртебе, үлкен жауапкершілік, зор міндет. Асқар Мырзахметов біршама жобаларды жүзеге асырды. «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешені салынды. Ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру мақсатындағы пилоттық жобасы да сәтті жүзеге асуда. Бұл жоба бұдан былай да жалғасын таба береді, – деді Бердібек Сапарбаев. Бұл күні жұмыс сапары барысында Бауыржан Байбек бірқатар әлеуметтік және өндірістік нысандарды да аралап, тыныс-тіршілігімен танысты. Жергілікті кәсіпкерлермен кездесіп, пікірлесті. Партия Саяси бюросының отырысында партия Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Мәжіліс депутаттарына партия мүшелері өңірлерді аралағанда үлкен қалалардан ғана қайтып кетпей, аудан, ауылдық елді мекендердің де тұрғындарымен жүздесіп, елмен етене әңгімелесіп, мұң-мұқтаждарына құлақ асуды тапсырғандығын айта келе, Жуалы ауданына атбасын бұрды. Онда аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылындағы «Бурный сүт компаниясы» зауытының цехындағы нәзік жанды кәсіпкерлермен тілдесті. Бауыржан Қыдырғалиұлы мұнда кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар жайлы айтып, отандық бизнестің алға жылжуына, мемлекеттік саясаттың іске асуына іскер әйелдер қауымының үлесі орасан екенін атап өтті. Басқосу барысында көп балалы ана әрі кәсіпкер Әсима Шүкеева өзінің 17 жыл бұрын кәсібін бастағанын тілге тиек етіп, қазір өз қаржысына ашқан балабақшада көп балалы және аз қамтылған отбасы балалары тегін тамақпен қамтылғанын айтты. – Мен жуырда еліміздің бірқатар қалаларында болып, ауыл-аймақтарды араладым. Жамбыл өңіріндегі жұмыс сапарымды даңқты батыр Бауыржан Момышұлы есімін иеленген ауылдан бастағанды жөн көрдім. Сапар барысында жамбылдық әйелдердің жоғары белсенділігін байқадым. Тіпті көп балалы аналардың өзі мұнда қол қусырып қарап отырмай, бизнестерін дөңгелетіп отыр екен. Партиямыз оларды қолдауға әрқашан дайын. Бүгін де сіздердің ұсыныстарыңызды тыңдап, өзекті мәселелеріңіздің шешімін табуға қолдау білдіргелі келдік, – деді Б.Байбек. Ал кәсіпкерлер төменгі проценттік несие, қайтарымсыз грант мүмкіндігінше көптеп берілсе деген өтініштерін жеткізді. Партия Төрағасының бірінші орынбасары, сонымен қатар, «Бурное Солар-1», «Бурное Солар-2» күн электр стансаларының жұмысымен де танысты. Мұнан соң облыс орталығындағы «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенін, «Жеңіс» саябағын аралап, зиялы қауым өкілдерімен, ақсақалдармен, этномәдени орталық жетекшілерімен жүздесті.
* * *
Жұмыс сапарының келесі күні Бауыржан Байбек Қордай ауданындағы Масаншы, Өтеген мен Қордай ауылдарының тұрғындарымен, «Nur Otan» партиясы Қордай аудандық бастауыш партия ұйымдары мүшелерімен және депутаттармен кездесті. «Ауданда орын алған оқиға халықтың ауызбіршілігі мен қоғамдық келісім ғана еліміздің өсіп-өркендеуі мен табысты дамуының негізгі кепілі екенін тағы бір рет есімізге салды. Қордай ауданына арнайы келген сапарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан – достықтың, бейбітшілік пен келісімнің, сондай-ақ, барлық этникалық топтардың ортақ Отаны. Еліміз түрлі тарихи жағдайларға байланысты қиын-қыстау заманда мәжбүрлі түрде қазақ жерін паналап келген халықтың бәрін құшақ жая қарсы алды. Біз біртұтас ұлт ретінде осы өткен күндерден сабақ алуымыз керек», – деген болатын. Ең бастысы, болашақта мұндай қайғылы жағдайлардың қайталанбауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз қажет», – деді көпшілікпен кездесу кезінде Бауыржан Байбек. Ал жиынға қатысқан жергілікті тұрғындар болса ауданда жағдайдың тұрақтанғанын, азаматтарды қазір қарапайым тұрмыстық мәселелер, атап айтқанда, газдандыру, сумен қамту, мектепке дейінгі мекемелер мен мектеп құрылысы тәрізді мәселелер алаңдататынын айтты. Мұның барлығын «Nur Otan» партиясы өз бақылауына алады. – Біз, қарашайлар, бір замандарда Қазақстанға күшпен жер аударылғанбыз. Бірақ дәл осы жер біздің құтты қонысымызға айналды. Отанымызды таптық, біздің басымыздан өткен қиын күндердің, депортацияның тауқыметін жеңуге ақкөңіл, қайырымды қазақ халқы жәрдемдесті. Сөйтіп, біз осы өлкеде мәңгі қалдық. Мен елімді, Отаным – Қазақстанды сүйемін. Осында өмір сүріп жатқанымды мақтан тұтамын, – деді кездесу кезінде Сортөбе ауылдық ауруханасының дәрігері Татьяна Апаева. Аудан әкімдігінің мәліметі бойынша ауданда инфрақұрылымды жаңарту, жаңа үш мектеп салу, үй кезегінде тұрғандарға арналған 50 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысын жүргізу және басқа да халық игілігі үшін көптеген жұмыстар атқарылмақ. Атап айтқанда, Масаншы ауылында биыл 600 орындық мектеп салу жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде мектептерде орын жетіспеушілігі мәселесін шешпек.
Тараз – Жуалы – Қордай.
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестікке серпін берген сапарлар
- 23 қараша, 2024
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді