Нарық заманында халықтың әл-ауқатын көтеру – басты күн тәртібінде тұр. Дегенмен халық күнделікті тұтынатын азық-түлік пен көкөніс бағасы кейде төмендеп, кейде күрт жоғарылап кетіп жататыны белгілі. Осыған орай Тараз қаласындағы бірқатар сауда нүктелерінде тұрақтандыру қорының сөрелері ашылып, халыққа азық-түлік төмен бағамен өткерілуде. Күн санап азық-түлік бағасы қымбаттауда. Оның ішінде ет, ұн өнімдері бар. Ал өңірдегі тұрақтандыру қоры бағаны шарықтатпай, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын ұстап тұр. Бағаны тұрақтандыру мақсатында апта сайын баға бағамы бойынша рейд жүргізіліп тұрады. Бұдан бөлек, арзандатылған азық-түлік сататын коммуналдық базар ашылып, жұмыс істеуде. Көктем және күз айларында тұрақты түрде ауыл шаруашылығы тауарларының жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Бұл да болса өңірдегі азық-түлік бағасының шарықтап кетуіне жол бермеуде. Тараз қаласындағы бірқатар сауда орталықтары мен әлеуметтік дүкендерде әлеуметтік маңызы бар 12 тауар түрі төмен бағамен сатылуда. Ол сөрелердің жұмыс істей бастағанына да жарты жылға жуықтады. Ал коммуналдық базарда жылқының жаясы – 2000, басқа мүшелері – 1800, сиыр еті 1700 теңгеден өткерілуде. Қой еті болса алдыңғы екеуіне қарағанда 200-300 теңгеге төмен бағамен саудалануда. Қазіргі таңда тұрақтандыру қорының тауары 12 сауда орталығында, 8 әлеуметтік дүкенде арнайы сөрелерге орналастырылған. Ол нарық бағасынан 10-20 процентке төмен. Жалпы, белгіленген 19 әлеуметтік азық-түліктің сауда нүктелеріне шығарылып отырғаны тауардың 12 түрі. Атап айтсақ, нан – 55, ұнның килограмы – 120, қант – 190, күріш – 240, карақұмық – 250, картоп – 70, пияз – 45, сәбіз – 55, күнбағыс майының литрі – 325, сүттің литрі – 160, жұмыртқаның бір данасы – 23 теңгеден өткерілуде. Сауда нүктелері оны бір бұрышқа ысырып тастамай, тауардың түріне қарай бөліп, өз тауарларымен қатар орналастырып, алушы көретіндей етіп жоғарғы жағына «Жамбыл облысы әкімдігінің тұрақтандыру қорының тауарлары» деп жазып, іліп қойған. Қазіргі таңда Тараз қаласының әкімдігі шаһардағы 80 дүкенмен келіссөз жүргізуде. Алда олардың қатарын көбейту жоспарлануда. Бұдан бөлек, Тараз қаласындағы әлеуметтік дүкендер санын 50-ге жеткізу көзделген. Жалпы, қорда әлеуметтік азық-түлік тауары жеткілікті. Доллар бағамының көтерілуі бағаға әсер етпей, бұрынғы күйінде қала береді.
Арман ТҮЙМЕБАЕВ, «Тараз» ӘКК» АҚ тұрақтандыру қорын басқару департаменті директорының міндетін атқарушы.
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестікке серпін берген сапарлар
- 23 қараша, 2024
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді