«Тараз» футбол клубына сәттілік тіледі
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Тараз» футбол клубының ұжымымен кездесті.
Өңір басшысы миллиондаған көрермендердің сүйікті ойыны – футболдың көптен бергі жанкүйері екендігін, ел және әлем спортының жаңалықтарына әрдайым назар аударып отыратындығын тілге тиек етті.
Жамбыл өңірінен түлеп ұшқан талантты футболшылар аз емес десек, бүгінде олардың бірқатары еліміздің көптеген клубтарында шеберліктерін көрсетуде. Солардың бірі – Бауыржан Исламханның шетел клубында ойнап жүргенін айрықша айтуға болады.
Бердібек Сапарбаев жергілікті клубтың қазіргі құрамының басым бөлігі жергілікті жастар екеніне назар аударды. Сонымен қатар ол Жамбыл футболының тарихы тереңде екенін, кезінде КСРО құрамасының мүшесі болған Сейілдә Байшақов, Сеулдегі Олимпиада ойындарының чемпионы Евгений Яровенко сынды басқа да даңқты теңбіл доп шеберлерінің есімін ерекше атап өтті.
Аймақ басшысы клубтың бас жаттықтырушысы Владимир Никитенкомен, оның көмекшісі Ваит Талгаевпен жақын таныс екенін айтты. Айта кетейік, олар бір кездері жақсы ойыншы ретінде өздерін көрсете білсе, кейіннен бапкерлік ретінде де жақсы нәтижелерге қол жеткізіп келеді.
– Клубтың материалдық-техникалық базасы жақсы, оны одан әрі дамыта түсетін боламыз. «Жастар» стадионын жаңғырту жұмыстарында кеткен кемшіліктерді қалыпқа келтіру бойынша мердігерден талап етеміз. Шатыр-қалқа орнату жұмыстары қолға алынады. Орталық стадионның мүмкіншілігін УЕФА-ның барлық талаптарына сәйкестендіретін боламыз. Сондай-ақ «Локомотив» стадионын қайта жаңартамыз. Болашақта «Тараздың» еурокубоктік додаларға қатысатын уақыты туады деп үміттенемін. Бірақ ол үшін көп тер төгу керек. Екінші лигадағы жергілікті команданың әлеуетін күшейтіп, бірінші лигада өнер көрсету мүмкіндігіне қол жеткізу керек. Сіздердің кәсіби шеберліктеріңізге күмәніміз жоқ. Егер алдағы уақытта жақсы нәтиже көрсете алсаңыздар, қаржыландыру деңгейі арта түседі, – деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.
Айта кету керек, клуб өз кадрларын тәрбиелеуге айрықша көңіл бөлуде. Бүгінде клубтың екінші құрамы толығымен жергілікті ойыншылардан тұратыны соның айғағы. Ал негізгі құрамның 25 ойыншысының 17-сі жамбылдық.
Кездесуде «Тараз» футбол клубы директорының міндетін атқарушы Ғабит Қазбеков алдағы маусымда алтыншы орыннан төмен көрсеткіш көрсетпеуді мақсат етіп отырғандықтарын жеткізді.
Бас жаттықтырушы Владимир Никитенко команда жоспардағы барлық оқу-жаттығу жиындарын ойдағыдай өткізгенін тілге тиек етіп, алдағы біріншілікте жаңа регламент бойынша ЕАЭО құрамына кіретін елдердің ойыншылары енді легионерлер болып саналмайтындығына назар аудартты.
Команда капитаны Мақсат Әмірханов ойыншылардың бұл маусымда жақсы нәтижеге жету үшін бар күш-жігерлерін салуға дайын екендігін айтып, аймақ басшысына 10 нөмірлі жейде мен клуб шарфын сыйға тартты.
Легионерлер атынан Беларусь елінен келген қорғаушы Валерий Каршакевич сөз алып, ол команданың біртұтас әрі тату-тәтті ұжым екендігін атап өтті.
– Командада жақсы моральдық-психологиялық ахуал қалыптасу керек. Клуб облыстың барлық спорт мектептерімен, әсіресе ауылдармен байланыс орнатуы тиіс. Өйткені көрінбей жүрген көптеген таланттар аз емес. «Былғары доп» облыстық турнирін жаңғырту, барлық аудандарда футбол академиясын құру, «аудан-қала-облыс» кезеңдері бойынша іріктеу турнирлерін ұйымдастыру қажет. Басты талап – тәртіп, футбол алаңында ғана емес, өмірде де бір-біріне құрмет көрсете білу.
Мен футболды өте жақсы көремін, тәжірибелі жанкүйермін. Егер сіздер жан-тәндеріңізбен беріліп ойнасаңыздар, біз де барынша қолдауға дайынбыз. Сол кезде жанкүйерлер де стадионға көптеп келеді деп ойлаймын, – деді кездесу соңында облыс әкімі.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестікке серпін берген сапарлар
- 23 қараша, 2024
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді