Облыстық мәслихаттың кезектен тыс қырық үшінші сессиясында 24 мәселе қаралды. Олардың қатарында облыс әкімдігінің дербес құрамын келісу, Меркі ауданы бойынша әлеуметтік маңызы бар қатынастардың тізбесін айқындау, облыстық мәслихат аппаратының құрылымы мен штаты, кейбір комиссиялардың, штабтар мен кеңестердің құрамдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселелер бар.Мәслихаттың сессиясына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты. Бекітілген күн тәртібіне сай өткен отырыстан соң арнайы қаулы қабылданып, шешім шығарылған соң облыс әкімі сөз алып, депутаттарды халықтың тұрмысын көтеру, өңірдің саяси-әлеуметтік ахуалын жақсарту мақсатында бірігіп жұмыс істеуге шақырды.
– Құрметті депутаттар, қазіргі өңірдегі жағдайды өздеріңіз баспасөзден білесіздер. Қордай ауданына да барып келдіңіздер. Қазір жағдай тұрақталып келеді. Онда аса үлкен мәселелер жоқ. Оқиғадан жарақат алған 6 адам Алматы қаласында ауруханада жатыр. Басқаларының бәрі шығарылды. Бүгінде Қордай ауданындағы барлық әлеуметтік, мәдени нысандар толық режімде жұмыс істеп тұр, – деген облыс әкімі сол оқиғаға байланысты 120 қылмыстық іс қозғалып, ол республикалық деңгейде бақылауда екенін жеткізді. Сондай-ақ Бердібек Мәшбекұлы өңірді дамыту мақсатындағы бірқатар мәселелерді жеке-жеке атап өтті.
«Қанша дегенмен біз үлкеннің айтқанын тыңдап, үлкенді сыйлаған халықпыз»
Сол үшін жасы үлкен ақсақалдарымыздың, әжелеріміздің, зиялы қауымның ел бірлігін сақтау, ұлт болашағын өркендету мақсатында айтқан ақыл-кеңесіне құлақ түру қажет екенін айтты. Сондай-ақ «Nur Otan» партиясы, Қоғамдық кеңес, кәсіподақтар, қоғамдық ұйымдар да осы бағыттағы жұмыстарды қолға алуы қажеттігін атап өтті.
«Ендігі үлкен мәселе – көптеген спорттық, мәдени тағы да басқа іс-шаралар өткізу»
Бұл мақсатта мәдениет, спорт, білім және ішкі саясат басқармалары тиімді жұмыс атқаруы қажет. Ол үшін арнайы тапсырма берілген. «Филармония бұрынғыдай ауылдарға шығуы қажет. Олар ауылға бармайды. Осы Тараздан шықпайды немесе жақын маңайдағы ауданның орталығына барады, қайтады, болды. Олай болмайды. Біз енді арнайы кесте жасаймыз» – деген әкім мәдени шаралардың халыққа пайдасын атап өтті.
«Сіздер мен біздің ең негізгі жұмысымыз – экономикалық дамуды қамтамасыз ету»
Экономиканың негізгі көрсеткіші былтырмен салыстырғанда төмендемеуі керектігін айтқан ол: «Біз қазір өндірістен, өнім өңдеуден, экономикаға инвестиция тартудан төмен көрсеткіштеміз. Мен бес ауданды аралағанда сол аудандардағы негізгі өндіріс орындарымен таныстым. Оларды дамыту бағытында жұмыс істеуіміз керек», – деді.
«Инвестициясыз экономикамыз дамымайды»
Бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру үшін еліміздегі және шетелдік инвесторларды өңір өндірісін дамыту мақсатында тартудың қажеттілігін атап өткен Бердібек Мәшбекұлы аудандарды аралап, өндірістермен танысу барысында атқарылған істермен де бөлісті. «Біз қазір тиісті министрлікпен геология бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Жақында министр Үкімет отырысында баяндады, Қаратаудың төңірегінде мұнай бар деген болжам айтылуда» деген жаңалықпен бөлісті. – Әсіресе, қызылша туралы мәселе бар. Ол туралы қант зауыты басшыларымен сөйлесеміз. Жұмыс істесе істесін, істемеген жағдайда шағын қант зауытын салуға ниеттілер көп. Солармен жұмысты жалғастырамыз. Бірақ қант қызылшасын егуді тоқтатпай, арттыруымыз керек, – деген өңір басшысы ең үлкен мәселе ретінде халықтың табысын көтеруді тапсырды. «Өткенде айтқан болатынмын, өкінішке қарай, біз табыс жөнінен Қазақстан бойынша төменнен санағанда екінші орындамыз. Мен қай зауытқа барсам да, айтатыны жалақымыз 120-130 мың теңге. Олай болмайды. Елбасы тапсырмасына сай жалақыны кем дегенде 10-15 пайызға көтеру керек еді. Бірақ біздің Жамбылда 5-7 пайыз ғана көтереді. Бюджеттік мекемелер онсыз да көтеріліп жатыр, біз сондықтан зауыттар мен кәсіпорындарға назар аударуымыз керек. Осы орайда сіздердің де көмектеріңіз қажет. Өйткені көпшілігіңіз сондай үлкен мекемелердің, компаниялардың өкілдері, басшысысыздар», – деген Бердібек Мәшбекұлы білім, денсаулық сақтау, мәдениет салаларының сапасын арттыру сынды бірқатар мәселелерге тоқталды. Сондай-ақ әкім жастар мәселесін де назардан тыс қалдырмады. «Жастарға бірден пәтер беріп, бірден 200 мың теңгенің жұмысын тауып беру деген мүмкін емес. 200 мың теңге айлық алу үшін маңдайдан тер шығу керек. Сол кезде ғана оның қадірі болады», – деді ол. Мұнан өзге де бірқатар мәселелерді атап өткен облыс басшысы депутаттарды бірігіп жұмыс істеуге шақырды.
Маржан Рақай
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестікке серпін берген сапарлар
- 23 қараша, 2024
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді