Ауылдың топырағына аунап, дала жұмыстарына ширап, шынығып өскен Нұрлан Омаров 19 жасында әскери борышын өтеу үшін Ауғанстаннан бір-ақ шығады. Өзінің әскери борышы өтеуде еш аянып қалмайды. Жалалабадтағы ұрыс қимылдарына қатысады. Сол бір жарияланбаған соғыстың ең бір ыстық нүктесі Кандагар аймағы саналатын. Мұнда қиян-кескі айқастар көп болды. Нұрлан сол Кандагардан автокөлікпен жанармай таситын. Қандай қауіпті десеңізші! Бірақ ол борышынан бас тартқан жоқ. Себебі, Омаров отаншыл азамат еді. Өзіне берілген әрбір тапсырманы сарбаздардың борышы деп қабылдайтын. Жұмысының қауіптілігін сезетін. Дегенмен ол сан мәрте қатердің ызғары шашылған Кандагардан сарбаздардың техникаларына қажетті жанар майды дер кезінде аман-есен жеткізіп жүрді. Тіпті, жау қоршауында қалған ротаға үлкен тәуекелмен жанармай жеткізген кездері де болды. Осындай көзсіз ерлігі жоғары бағаланып та жүрді. Капитан Тарасов барша сарбаздардың алдында: «Маған егер сондай құқық берілсе, Нұрлан Омаровты Кеңес Одағының батыры атағына ұсынар едім» дегенін майдандастары күні бүгінге дейін еске алып отырады. Ал Ауған даласында бірге болған жолдасы Уәлихан Көпжасаровтың мына естелігін толқымай тыңдау мүмкін емес. – 1988 жылдың 15 ақпанында Кеңес әскерлерін соғыс жүріп жатқан Ауған елі аумағынан елге қайтару жөнінде КСРО Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының бұйрығы шығып, Ауғандағы бүкіл әскери бөлімдердегі жауынгерлер елге қайтуға әзірленіп жатқан. Жат елде мағынасыз соғыс қимылдарына қатысып жүрген жауынгерлердің қуанышында шек жоқ еді. Алғашқылардың қатарында елге қайтуға бет алған №66 бригада құрамында Нұрлан Омаров қызмет ететін әскери бөлім де бар еді. Сағат таңғы 7-лер шамасында Жалалабадтан Кабулға жол тарттық. Ұшы-қиыры жоқ ұзын әскери керуен елді бетке алдық. Бірер тәуліктен кейін таулы асуға да жеткенбіз. Бұл – өте биік, ұзын әрі қиын асу. Бізді бақылап келе жатқан екі барлаушы «Дұшмандар жоқ. Әрі қарай жүруге боладыә деп хабарлағанда барып қозғалды керуен. Сол қиын асуға жеткенде бізді екіге бөлді. 7 танк, 12 автокөлік жиекте тосқауылға қалдық. Нұрланның май таситын машинасы да осы топта. Екі сағаттан кейін жүруге рұқсат берілді. Әскери керуен алға жылжып, тау жотасына жете бергенде күтпеген жерден оқ жауып кеп берді. Дұшмандар – жоғарыда, біз – төменде. Оларға бәрі алақандағыдай анық көрінеді, біздікілер тұспалдап атады. Керуен жылжуын тоқтатқан жоқ. Бензин таситын машина керуеннің қақ ортасында болатын. Жаудың көздейтіні де сол. Жауынгерлер жүре ұрыс жүргізіп келеді. Кенет жаудың оғы дәл тиді-ау шамасы, Нұрланның бензин тасығыш көлігі отқа оранды. Машина жарылса, үлкен шығын. Әрі жол жабылады деген сөз. Ойланбастан шешім қабылдаған Нұрлан екпінмен келе жатқан көлігін құзға қарай бұра берген. Біз «Нұрлан, секір, секір» деп шырылдадық. Жанұшыра айғайлап жатырмыз. Қас қағым сәтте лапылдап, жалынға оранған машина құздан құлдилай құлай берген. «Қап, Нұрлан, кабинадан шығып үлгере алмады-ау» деп өкіндік. Біз осылай ойлап үлгергенше, машина сай табанында отқа оранып жатты. Артынша жедел төмен түсіп, алты сарбаз жанып жатқан машинаның кабинасынан Нұрланның денесін әрең суырып алып, нысаннан 20-25 метр қашықтай бергенде қатты жарылыс болды. Ажалымыз жоқ екен, біз аман қалдық. Өкінішке қарай, бұл кезде құздан құлаған көліктің кабинасына қатты соғылған болуы керек, Нұрланның денесі жансыз еді. Бірақ ол осынау ерлік шешіммен әскери керуендегі жүздеген адамды ажал аузынан аман алып қалды, – деп тебірене еске алады майдандас досы. Шынында да, Нұрлан сол сәтте ерлік жасамағанда қаншама адам сол жерде қаза болып, қаншама отбасы қайғы жамылар еді. Ерлігі арқылы Нұрлан жүздеген үйге қуаныш сыйлады. Сол аман қалған сарбаздардан тараған ұрпақтар ше? Олардың өмірін де Нұрлан қорғап қалды ғой. Нұрланның әкесі Амангелді Омаров редакцияға жиі келіп, баласы жайлы деректер береді. Баласының ерлігі лайықты бағаланбай жүргеніне қынжылады. Жақында «Тараз қалалық ауған соғысы ардагерлері» бірлестігінің төрағасы Дүкенбай Ермеков және бірқатар азаматтар Нұрлан Омаровты «Халық Қаһарманы» атағына ұсыныпты. Жиырма жасында ерлік жасап, жүзден астам адамның өмірін сақтап қалған, өз өмірін қиған Нұрлан ол атаққа лайық деп білеміз. Батырдың әкесі де сондай оң шешімді күтіп жүр, солай болады деп үміттенеді. Нұрлан Омаров секілді батырдың ерлігін жас ұрпаққа дәріптеу жергілікті әскери комиссариаттың, мектептер мен ауыл әкімдіктерінің міндеті емес пе?!
Есет ДОСАЛЫ
Жамбыл ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді