«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тараз қаласының айналасына жасыл желек өсіріледі

Тараз қаласының айналасына жасыл желек өсіріледі
ашық дереккөз
Тараз қаласының айналасына жасыл желек өсіріледі
Облыс әкімінің төрағалығымен өткен жиында шаһар аумағында жасыл белдеу жасау мәселесі талқыланды. Асқар Исабекұлы ең алдымен жасыл желектің көлемін мүмкіндігінше ұлғайтуды және оның облыс орталығы аумағында болуын немесе барынша таяу орналасуын айтты. Себебі ол тек тараздықтардың табиғи демалыс орны ғана емес, болашақта қаланың «өкпесіне» айналуы тиіс.Өңір басшысы ағаш егілетін алқаптарда міндетті түрде су мәселесі шешілу керектігіне көңіл бөлді. Айта кетейік, аймақ басшысы бұған дейін бұл бағытта жұмыстарды жүйелеу үшін жоғарыдағы мәселелерді ескере отырып жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Ол үшін бос жерлердің мүмкіншіліктерін жан-жақты зерделеуге арнайы мамандар тарту керектігін, ағаш көшеттерін дайындайтын жаңа тәлімбақтар құру, қолданыстағы тәлімбақтың аумағын арттырудың маңыздылығына тоқталған-ды. Аталған жиында облыс әкімінің тапсырмасына орай атқарылып жатқан жұмыстарды баяндаған облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Аслан Оразбеков жасыл белдеу бойынша барлығы 7 аумақтың тандалып алынғандығын тілге тиек етті.Ол Тараз қаласынан жалпы 395 гектарды құрайтын 6 аумақ, Жамбыл ауданынан 50 гектарлы 1 аумақ бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Атап айтсақ, Сүлейменов көшесінің аяғындағы 28 гектар жерді тиімді игеру, көшет егу жұмыстары ақпан айының соңында басталмақ. Қазіргі таңда су көздері анықталып, каналдардан су тарту шаралары саралануда. Ал «Тараз былғары аяқ киім» ЖШС жанындағы 103 гектар аумақты тегістеу, су жүйелерін жүргізу үшін арнайы жоспар түзілуде. Бүгінде аталған жерлерге отырғызылатын көп жылдық қарағаш көшеттері дайындалуда. Сондай-ақ «Тараз-Аса» жолы бойындағы, «Тараз металлургия зауыты» мен «Жамбыл ГИПС» зауыты аумағындағы 72 және 23 гектар жер де алдағы уақытта жасыл желекке айналмақ. Оның бірін арық тарту арқылы, екіншісін артезиан құдығын қазу арқылы суғару көзделуде. Басқа да таңдалған учаскелерде тиісті шаралар атқарылуда. Асқар Исабекұлы жоспардағы жасыл белдеудің көлемін ұлғайту, қалайда 500 гектарға жеткізу керектігіне көңіл бөліп, ол үшін аталған аумақтардың маңындағы жекеменшік жерлерді де қосу мүмкіншілігін зерделеуді тапсырды. Егер тиімді пайдаланылмай отырған болса мемлекет меншігіне қайтару немесе баламалы жер учаскесін ұсыну мәселелерін қарастыруды жүктеді. Жиын қорытындысы бойынша тиісті тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеліп, хаттама толтырылды.

Ұқсас жаңалықтар