Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаевтың халық алдындағы қорытынды есеп беру жиынына облыс әкімі Асқар Мырзахметов арнайы қатысты. Сондай-ақ бұл жиынға қатысқан тұрғындардың да қарасы көп болды. Олардың ішінде өткен жылдың ішінде атқарылған жұмыстарға алғыс айта келгені де, өзекті мәселені көтеріп, көмек сұрай қайырылғандары да жетерлік. Ы.Дүкенұлы атындағы мәдениет үйіне жиылған халықтың алдына шығып, жылдық есебін баяндаған Айтқазы Дәулетқұлұлы атқарылған іспен қатар, алдағы жоспарларымен де бөлісті.Өткен жылы «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламасы аясында жалпы сомасы 9 миллиард 996,5 миллион теңгеге «Барысхан» алқабы электрмен қамтамасыз етілген, «Арай-2» шағын ауданының жолдары мен тротуарлары, сыртқы жарықтандыру, арық желілерінің құрылысы, тұрғын үй алаңшаларын абаттандыру жұмыстары және 4-ші Тараз энерго орталығынан басталатын М-2 және М-4 жылу магистральдарының қайта жаңғырту жұмыстары толығымен аяқталған. Ал өткен жылдан өтпелі «Бурыл А, Б, В» тұрғын алқаптарының жолдарына қиыршық тас төсеу, Ы.Дүкенұлы көшесіндегі екі су жүйесінің және Саңырақ батыр көшесінен Сорокин көшесіне дейінгі Байзақ батыр көшесінің бойындағы су тартқыштың, «Шалғай Қарасу» тұрғын алқабының Молдарбеков және Центральная көшелерінің су жүйесінің құрылыстары биыл толық аяқталмақ. А.Асқаров көшесінің соңындағы алқапта 900 орындық мектеп құрылысы пилоттық жоба бойынша ағымдағы жылы басталады екен.
Сондай-ақ қала халқын тұрғын үймен қамту мәселесі туралы: – «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында Сүлейменов көшесінің соңындағы 362 гектарда шамамен 8 мың 500 отбасына арналған 190 көп қабатты үйлерді құрайтын 15-шағын ауданы бой көтеруде. Алқаптың байланыс, кәріз, су және газ құбырлары желілерінің құрылыстары аяқталып, электрмен қамту, ішкі кварталдық көлік жолының және жылу желілерінің құрылысы іске асырылуда. Бүгінгі таңда 80 пәтерлі 23 тұрғын үй және 60 пәтерлі 3 тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Сонымен қатар өткен жылдан өтпелі 80 пәтерлі 12 үй және 60 пәтерлі 8 тұрғын үйдің құрылысы жалғасуда. Бұдан бөлек, ағымдағы жылы 80 пәтерлі 1 және 45 пәтерлі 9 арендалық тұрғын үйдің құрылысы республикалық бюджеттен қолдау тапса, қосымша 24 тұрғын үйдің құрылысын қаржыландыру үшін жоғары тұрған бюджеттерге өтінім ұсынылды. Сүлейменов көшесінің соңындағы алқапта жеке тұрғын үйлер құрылысы бойынша жеке инвесторлар тарапынан несиеге берілетін бірыңғай сәулеттік стильдегі коттедждік үйлердің құрылыстарын жүргізу үшін 403 жер телімі белгіленіп, бірінші кезекте жер телімін алуға кезекте тұрған азаматтарға «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы несиеге ұсынылуда. Бүгінгі таңда 255 жер теліміне құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін 4 мердігермен келісімшарт жасалып, 26 коттедждік үйлердің құрылысы аяқталып, оның 20-ына әлеуетті сатып алушылар анықталды. Осы жеке тұрғын үйлер жол, су және газ желілерімен қамтамасыз етілсе, электр желілерімен қамту жұмыстары ағымдағы жылы іске асырылады», – деді қала әкімі. Сонымен қатар «Автобекет» аумағындағы 100 гектарда болашақта соғылатын 14-шағын ауданда 5 460 отбасына арналған 9 және 12 көп қабатты 49 тұрғын үй бой көтеретінін де атап өтті. Баяндамадан соң есепті кездесуге келген тұрғындар тарапынан ауызша және жазбаша өтініштер, арыз-шағымдар мен алғыстар айтылды. Әсіресе қала аумағындағы тұрғын алқаптарға газ, ауызсу, электр желілерін тарту, асфальт төсеу сынды мәселелер көп сөз болды. Жиында қала басшысы айтылған әрбір ұсыныс-пікір хаттамаға жазылып, оның әрқайсысы бойынша жеке-жеке жұмыс жүргізілетінін ескертті. – Қала тұрғындары тарапынан қала әкімдігіне түрлі сұрақтардың көп екені жасырын емес. Шешілмеген мәселелер де әлі көп. Есеп берген кезде ескеретін бірден-бір мәселе – қолдағы мүмкіндік қандай еді, сол мүмкіндікті толықтай қолдана алдық па, туындаған мәселені шешуде жан-жақты пайдаланылды ма деген сұраққа жауап беру керек. Атқарылған жұмысқа баға берерде осындай мәселені ескерген жөн. Қала әкімдігі осыны ашық көрсетуі керек. Қала әкімі жұмысқа жаңадан келгенімен, әкімдік бұрыннан тоқтаусыз жұмыс істеп келеді. Сондықтан халықтың мәселесін шешуде кешеуілдету болмау керек. Жиын қорытындысы бойынша толтырылатын хаттамаға ұсыныс ретінде әлеуметтік желілерде халық тарапынан айтылып жатқан сын-ескертпелер ескеріліп, оны шешу жолдары көрсетілсе деген ой қосамын. Онда жасалатын жұмыстар нақты, сала-салаға бөлініп атап көрсетілетін болсын. Сондай мәлімет болмағандықтан, тұрғындар тарапынан түрлі сұрақтар туындайтыны заңдылық, – деген облыс әкімі тұрғындар тарапынан айтылған түрлі ұсыныстарға да үн қатты: – Қала көркін арттыру бойынша көптеген жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі. Бірақ соны күтіп ұстау, халықтың игілігіне жарата білу ол тек қана биліктің міндеті емес. Ол баршамыздың ортақ міндетіміз. Осы мәселеге қатысты халықтың мәдениетін көтеруіміз керек. Ең алғаш біз «Жеңіс» саябағын жасақтадық. Оның тарихи, мәдени, рухани маңыздылығы зор. Соған қарамастан, сол кезде жұмыстар әлі бітпей жатып сол жердегі көптеген дүниенің сынып жатқанын, орындықтардың барлығы сызылып жатқанын, тіпті соғыста шейіт болған азаматтарымызға арнап қойылған темір гүлдердің жұлып алынғанын көрдік. Бұл нені көрсетеді? Бұл біздің бүгінгі күнгі рухани деңгейімізді көрсетеді. Осы турасындағы сіздер көтерген мәселеге мен де толығымен келісемін. Қоғам болып, соның ішінде зиялы қауым өкілдері осы мәселені шешуіміз керек. Күні кеше ғана ашылған «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде де ондай жағдайлар орын алып жатыр. Осындай әрекетпен біз ол игіліктерді қалай ұзақ мерзімге ел игілігіне жарата аламыз? Облыс әкімі сонымен қатар, Тараз қаласы әкімінің жұмысына өз бағасын беріп: «Қала әкімі бүгінгі таңда жатпай-тұрмай таңғы алтыдан бастап жүгіріп жүріп қызмет етіп жатқанын өздеріңіз де білесіздер. Жұмысына сәттілік тілеймін!», деді. Есептік кездесуге келген азаматтардан ауызша және жазбаша жалпы саны 17 арыз-шағым түсіп, олардың кейбіріне жиын барысында жауап беріліп, барлығы хаттамаға енгізілді. Демек, көтерілген мәселенің барлығы алдағы уақытта тиісті шешімін табатын болады. Жиыннан соң Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев тұрғындарға қоғамдық қабылдау өткізді. Әкімдіктен көмек сұрай келген 19 азаматтың мәселесі назарға алынды.
Тараз қаласы.
Суреттерді түсірген Юрий Ким, Алтынбек Қартабай.
Маржан Рақай
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді