Ұстаздар ұлық бәрінен
Педагог мәртебесі туралы айтқанда ең бірінші ойыңа өзіңнің мектептегі аяулы мұғалімдеріңнің бейнесі елестейді. Иә, шын мәнінде олардың әрқайсысы біз үшін үлкен тұлға еді. Тіпті біз ғана емес, бүкіл ауыл тұрғындары сыйлайтын. Қазіргі күні өзім де ұстаздықпен айналысып жүргеннен кейін, әрі балаларымыз мектепке барғалы мұғалімдермен тікелей байланыста болғандықтан олардың мәртебесі төмендеп кеткенін байқаймын. Оған көптеген факторлар әсер еткен сыңайлы.
Біріншіден, ауылдық жерде мектептен басқа жұмыс орны жоқ болғандықтан, барлығы осы саланы таңдайды. Дипломның көбі сырттай бөліммен немесе екінші мамандық түрінде оқып алынған.
Екіншіден, білім гранттарын ұтып алу мақсатында педагогикалық саланы амалсыз таңдайтын жастар да бар. Бір істі қолға алғанда соны жасай алатын, үдесінен шығатындай етіп жасаса, бәсекеге қабілетті, қызықты болмайды ма? Осы орайда, Ахмет Байтұрсынұлының «Мал бағатындар мал бағуын жақсы білерге керек, ел бағатындар ел бағуын білерге керек. Бала оқытатындар бала оқытуын жақсы білерге керек» деген сөзі ойға оралады. Яғни жастар, мамандық таңдағанда, дәлірек айтсақ ұстаз болғысы келсе, бабымен келгені дұрыс.
Орта және жоғары оқу орындарындағы ұстаз мәртебесінің проблемасы бір төбе. Көбінесе, ақылы оқуға келген білімгерлердің нарықтық заман талабына сай ойлау қабілетінің өзгеруі де әсер ететін сияқты. Тапсырыс берушінікі қашан да дұрыс деген нарықтық экономиканың басты заңдылығына сүйенген студенттер қазір өзін тапсырыс беруші, былайша айтқанда, «клиент» сезініп, ұстазын өзіне қызмет етуші ретінде көріп бара жатқаны да жасырын емес.
Сонымен қатар білім беру орындарындағы қағазбастылық та ұстаздардың көп уақытын білім беруге емес, құжаттарды талапқа сай ретке келтіруге кетеді.
«Педагог мәртебесі» туралы Заңның маңыздылығы да осы онда проблемаларды қамтып отыр. Заңның басты төрт бағыты олардың құқықтарын кеңейтуге, басқа жұмыстан босатуға, мұғалім қызметінің талаптарының күшеюіне, материалды емес, стимул тетіктеріне және материалдық ынталандыруға байланысты.
Ұлт жанашыры Ахмет Байтұрсыновтың: «Сендер адаспаңдар – арттарыңна алаш адасады: арттарыңнан ергендердің обал-сауабына сіздер қаласыздар» деген сөзін әр ұстаз жадында ұстауы керек. Дамыған мемлекеттердің барлығы да бала оқыту, ұрпақ тәрбиелеу ісін дұрыс жолға қойып, бір жүйеге келтірген. Ендеше, әр ұстаз өз шәкіртін еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыратын болашағы ретінде тәрбиелеу үшін барын да, жанын да салуы керек.
Жазира ТОҚАБАЕВА,
педагог.
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді