«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Кібісе жылы» туралы не білеміз?

«Кібісе жылы» туралы не білеміз?
ашық дереккөз
«Кібісе жылы» туралы не білеміз?

Аспан денелерінің қозғалысына сәйкес арабтар ерекше өміршең күнтізбе жасаған. Оны мысыр патшасы Прометей б.з.д 238 жылы бекіткен. Онда қатарынан үш жылдың әрқайсысын 365 күнге, ал төртінші жылды «кібісе» атап 366 тәулікке теңестірген. Қазіргі күні әлем қолданып жүрген күнтізбесі осылайша дүниеге келген. Негізінен ақпаннан басқа айлар 30-31 күннен тұрады, ол жағын бәріміз жақсы білеміз. Ал ақпан айы жыл сайын 28 тәулікте тәмам болып, тек төртінші жылы 29 күн дегенде аяқталады. Сол жылы, сол түні туғандар өзінің туған күнін төрт жылда бір-ақ рет қана атап өтеді. Адамзат баласы «кібісе» жылын киелі санап келгені де шындық. Аспан әлемінде алтын күніміз өзін айналып жүретін Меркурий, Шолпан, Жер, Марс басқа да планеталармен күн жүйесін құрайды. Олар өзара орын ауыстырып отырады. Осылайша аспан әлемі жыл бойы көшіп-қонып, соңында бастапқы өз орындарына оралып отырған. Сонда бұлар 12 шоқ жұлдыздардың қасынан қырындап өтіп отырады. Олардың аттары түрлі басылым беттерінде, телеарналарда, «жұлдыз жорамал» деп айдар қойылып жиі жарияланып жүр. «Жұлдыз жорамалыңызға» сәйкес белгіленген уақыт шеңберінде болуы ықтимал іс-әрекеттерді балшы-балгерлер, көріпкелдер адамдарға болжап беріп жатады. Біреулер сенер, біреулер сенбес, өз басым бұл былжырақ «көріпкелдікті» еш қисынға сыйдыра алмаймын. Олар – тоқты, торпақ, егіздер, шаян, арыстан, бикеш, таразы, сарышаян, мерген, тауешкі, суқұйғыш және балықтар. Әрине, пенделікпен әр күннен, әр жылдан жақсылық күтеріміз кәміл. Жақындарымызбен ағымдағы тышқан жылын да аманшылықта төрт көзіміз түгел болғандығын қалаймыз. Ғалымдардың айтуынша, биылғы «кібісе жылы» түрлі тосын табиғи құбылыстар орын алуы мүмкін екен. Халқымыздың өте ерте дәуірден бері қыс қыстау, жаз жайлау деп жыл мезгілдерінің ыңғайына қарап көшіп-қонып, қоныс аудара беретіні осы табиғаттың құбылысына, аспан әлемінің әрекетіне ұқсайды, соған тұспа-тұс сай келіп отырады. Бір аптада жеті күн бар. Бұл да ежелгі Вавилоннан шыққан. Көк аспанға табынатын тәңіршіл дінімізде, ілгеріде сол аптаның әр күнінде бір Құдайға байланған аңыз-әпсаналар бар. Көктегі планеталар – Меркурий, Шолпан, Марс, Юпитер, Сатурн және Күн мен Ай аңыз бойынша әрқайсысы бір-бір Құдайға саналған. Сөйтіп, көк аспандағы әр планетаны пір тұтқанбыз. Онымыз бойынша дүйсенбіден жексенбіге дейінгі аралықта әр Құдай өз күндеріне билік жүргізеді деп түсінген екенбіз. Бұл ерте дүниедегі адамдардың түсінігі. Қазір ғылымның қарыштап дамыған кезі. Мұндай дүниелерге көзі ашық ересектер түгілі, жас балалар да сенбейді. Жұлдыздардың аспанда араласуы, өзара қатынастары бойынша жердегі адамдардың тағдыры шешіледі, оны түзеуге, келешегін өзгертуге болады деген балгер-көріпкелдердің болжамдарына күні бүгінге дейін сенетіндер бар. Бұл аспан шырақтары жердегі күллі құбылыстардың иегері, яғни Тәңір ісі деген ежелгі сенімнен қалған наным-түсінік. Осындай елдің наным-түсінігін балшылар мен жұлдызнамашылар әдемі пайдаланады. Ежелден түркі-қазақ баласы аспан денелерінің физикалық табиғатын, аспан әлемінің жұмбақтарын түйсігімен ұққан, түсінген. Көшпелі жұрт табиғат өзгерістеріне бағынған, оның заңдылықтарына бас иген. Қазіргі ғылым қарыштап өскен дәуірде аспан әлемін, күн жүйесін терең зерттейтін обсерваториялар, әртүрлі аспаптар шықты. Ғаламшар кемелерінің қозғалыстарына үңіледі, соларды жерде отырып бақылайды, амалдарын зерттейді. Ғарышкерлер магнит өрістерін тексереді. Ресей ғалымдары Марс планетасына адам апарып түсірмекші болып жатыр. Білуімізше, 40 ер адам мен 40 әйел адамды сонда тұрғызып, бөтен планетаға бейімделгенін байқап көрмекші. Алып ел АҚШ қол қусырып қарап отырған жоқ. Марста болашақта АҚШ азаматтары ғана тұрады деп өрекпуде. Бір жаратушы берген жұмыр жер таршылық етіп жатқандай, жанталасуда. «Адамға табын, жер енді...» деп ақиық ақынымыз асқақ айтқандай, алып елдер бүгінде енді аспан әлемін бағындыруға әрекет жасауда. Жердегі тіршілік олар үшін аздық етуде. Аспан әлемін «майшаммен» әбден зерттеген оқымыстылар Коперник, Кептер, Ньютон бүкіләлемдік тартылыс заңын ашты. Эйнштейн – салыстырмалық теориясын шығарды. Өзбек Ұлықбек Самарқан шаһарында расытхана кешенін тұрғызған және 1019 жұлдыздың жөн-жосығын анықтады. Аспан күмбез үйдің төбесі тәрізді, көгілдір көк ауа қабаты жер бетін бүркеп тұрады. Қазақтар астрономиялық құбылыстарды ой-түйсігімен өте ертеден-ақ зерттеген. «Үркер үйден көрінсе үш ай қысым бар, үркер жатқанша жамбасқа келсе, жаз болмағанда несі бар» деген. Жұмыр жер бір тәулік – 24 сағатта солтүстік және оңтүстік полюспен өтетін өсімін бір айналып шығады, алтын күнді 365 тәулік және 5 сағат, 48 минут, 46 секундта ұзын троекториямен айналады. Орташа өлшеммен бұны 6 сағатқа тең деп алсақ, 4 жылда 24 сағатқа толығады. Сондағы біз айтып отырған «кібісе» жылының сыры осында жатыр. Ғылыми тұрғыдан осылай, ал оны ғылым-білімнен ауылы аулақ қонған біздің көшпелі қазақ аяқ қадамымен, қол қарысымен көлеңкесін өлшеп жүріп ежелден-ақ біліп, дәлелдеп қойған. 4 жылдық көрсеткішті, 6 сағатқа қиыстырып қисынға келтіріп отырмыз. Осымен ақпанда 29 күн, дәлірек айтсақ 23 сағат, 44 минут, 3 секунд «кібісе» уақыты айымызға қосылды. Осылайша бір тәуліктің бақандай төрт жыл араға салып айналымға қосылатынын қарапайым мысалмен дәлелдегендей болдық. Ежелгі түркі тайпалары мүшел жас есебін б.з.д. мың жылдай бұрын есепке алған. Жылдар атауы – тышқан, сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, ит, тауық, доңыз. Мүшел деп аталып, 12 жыл өткенде бір мүшелге толығады. Оның біріншісі 13 жыл, қалғандары 12 жылмен есептеледі. Бұл жөнінде «Түйе бойына сеніп жыл басынан құр қалыпты» деген сөз де бар. Аспан әлемінің айдыны жердегі тіршілік әлеміне ықпал етері даусыз. Күн батады, таң атады. Жазда күн ұзарады, қыста түн ұзарады. Өмір өтеді. Дәуір көшеді. Сөз соңында айтарым, қазіргі жаһандану заманындағы ғылым жүйесі біздің қазақ жеріне бұдан ертерек келген.

Әбдуәлі ДАНАЕВ, ардагер теміржолшы.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар