«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ұлт санасын сыбайластықтан сақтайық

Ұлт санасын  сыбайластықтан сақтайық
ашық дереккөз
Ұлт санасын сыбайластықтан сақтайық

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту жұмыстарын және оның алдын алу іс-шараларын жандандыру мақсатында түрлі жұмыстар қолға алынып, нақты істер атқарылуда. Бұл орайда, әсіресе жемқорлықтың алдын алу жұмыстары маңызды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің жанынан құрылған республикалық ақпараттық-ағартушылық штабы осы мақсатта облысымызға арнайы жұмыс сапарымен келді. Ең алдымен олар облыстық полиция департаментінің жеке құрамымен кездесіп, қоғам дертімен күресте біріге жұмыс істеуге шақырды. Аталған штаб басшысы Ырза Тұрсынзада, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің өкілі Арман Бердалин, департамент жанынан құрылған облыстық ақпараттық-ағартушылық штабтың жетекшісі Қасымхан Төлендиев, Агенттіктің облыс бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев қатысқан жиынды облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары, полиция полковнигі Руслан Құрымбаев ашып, жүргізіп отырды. Арнайы топ өкілдері штабтың негізгі мақсаты – халық арасында, құқық қорғау мен мемлекеттік органдарда, сондай-ақ жас буын арасында парасаттылық мәдениетін қалыптастыру бойынша кеңінен ақпарат тарату екенін айтып, түсіндірді. Жиын барысында жемқорлыққа жол бермей, пара алудан бас тартқан полицей марапатталды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілі Арман Бердалин қызметіне адалдық танытқан полиция қызметкері, майор Ілияс Алашовқа арнайы диплом мен қаржылай 30 АЕК көлемінде, яғни 79 мың теңге сыйақы табыстады. Өзге де үздіктер департамент басшысының арнайы Алғыс хатына ие болды. Кездесу соңында полиция департаменті басшылығы жеке құрам арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында атқарылып отырған жұмыстарды баяндап, азаматтарды қабылдау фронт-офисімен таныстырды. Штаб мүшелері келесі кезекте «Баласағұн» концерт залында жастармен кездесу өткізді. Онда Агенттік тарапынан қолға алынған түрлі жобалар туралы айтылып, ата-баба құндылықтары жайлы терең әңгіме қозғалды. Агенттік тарапынан қолға алынған жобалармен таныстырған А.Бердалин, жаңадан құрылған Парасаттылық, Алдын алу, Серіктестік департаменттерінің атқаратын жұмыстарын түсіндірді. Сондай-ақ ол білім саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатындағы «Sanaly urpaq», «Адал ұрпақ», сонымен қатар кәсіпкерлерді қорғауға бағытталған «Protecting business and investments», жолдардың сапасын мониторингтеуге арналған «Сапалы жол» және тағы басқа жобаларға да тоқталып өтті. Жемқорлыққа қарсы күрес бағытындағы келесі басқосу облыстық әкімдікте өтті. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековтің басшылығымен өткен жиынға облыс әкімі аппаратының қызметкерлері, жергілікті атқарушы билік органдары өкілдері, облыстық мәслихат депутаттары, зиялы қауым және азаматтық қоғам белсенділері қатысты. Мұнда да сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті әркім өзін түзетуден, айналасын, отбасын, жақын-жуығын жаман әдеттен аулақ болуға шақырудан, тәрбиелеуден тұратыны әдемі әңгіме түрінде жеткізілді. Өмірлік талай мысалдар келтіріліп, адамның ниет-пейілі түзелмейінше, қоғамның дұрыс бағытқа бұрылмайтыны айтылды. Әсіресе бүгінгі билік басында отырған азаматтарға қарап кейінгі толқын жастардың өсіп келе жатқаны, олар бойын осы аға-әпкелеріне қарап түзейтіні ескертілді. «Жастардың бізден көрері болмаса, кейінгіге берері болмайды» деген Ырза Тұрсынзада жемқорлықпен күресті ұлт болып қалу жолындағы күрес деп ұғу қажеттігін айтты. Келелі кеңес соңында облыстық Ардагерлер кеңесінің мүшелері мен бірқатар өзге де азаматтар сөз алып, ойларын ортаға салды. Іссапар соңында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің жанынан құрылған республикалық ақпараттық-ағартушылық штаб мүшелері «Руханият және тарихтану» орталығында да кездесу өткізіп, «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенін тамашалады.

Маржан Рақай

Ұқсас жаңалықтар