Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысын өткізді.
Кеңейтілген отырысқа Премьер-Министр Асқар Мамин, Президент Әкімшілігінің Басшысы Ерлан Қошанов, Үкімет мүшелері, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстардың әкімдері, орталық мемлекеттік органдардың және ұлттық компаниялардың басшылары қатысты. Жиынды ашқан Қасым-Жомарт Тоқаев Сайлауалды бағдарлама мен Қазақстан халқына арналған Жолдауды жүзеге асыру барысында Үкімет пен Парламент бірлесіп үлкен жұмыс атқарғанын атап өтті. Маңызды бағдарламалар қабылданып, макроэкономикалық көрсеткіш бойынша жоспарланған нәтижеге қол жеткізілді. Мемлекет басшысының пікірінше, Үкімет Президенттің тапсырмаларын орындауды қамтамасыз еткенімен, экономикалық дамудың сапасына қатысты әлі де шешілмеген мәселелер бар.– 2019 жылдың 11 айында жалпы ішкі өнімдегі несие портфелінің көлемі 23 пайыздан 22 пайызға төмендеп кетті. Бұл экономиканы несиелендіруді тежейді. Өткен жылы біз Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде инфляция деңгейі бойынша «чемпион» болдық. Еңбек өнімділігінің айтарлықтай артпауы – үлкен мәселе. Бұл – проблема. Шикізат экспортының үлесі жай өсуде, – деді Мемлекет басшысы. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ел алдына қойған мақсаты мен міндеттері өзгермейді. «Қазақстан – 2050» Стратегиясын, еліміздің 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын, «100 нақты қадам – Ұлт жоспары» бағдарламаларын жүзеге асыру жалғаса береді. Дегенмен Үкімет экономиканы түбегейлі реформалайтын жан-жақты бағдарлама дайындауы керек», – деп өз ұстанымын ашық айтты. – Бізге негізгі проблемаларды нақты пайымдайтын және оның шешу жолдарын қарастыратын жаңа экономикалық бағыт қажет. Реформа жасау үшін ерік пен жігер керек екені белгілі. Мен Үкіметті осыған шақырамын. Әзірге мемлекеттік аппарат көптеген нормативтік актілерге алаңдап, ведомствоаралық келісім керек деген сылтаумен маңызды шешімдерді жай қабылдап жатыр. Халықаралық бәсекелестік артып, халық әділетті талап қойып отырған қазіргідей кезеңде бұлай жұмыс істеуге болмайды. Реформаларды тізеге басып отырып жасау керек, – деп мәлімдеді Президент. Мемлекет басшысы кәсіпкерлерді қорғайтын және дамытатын, өткізу нарығына жол ашатын, өнімділікті ұлғайтып, қазақстандық өнімдердің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыратын тиімді өнеркәсіп саясатын, сонымен қатар, ашық әрі прагматикалық салықтық-бюджеттік саясат қалыптастыру керектігіне назар аударды. Қазақстан Президенті фискальды саясат та жаңғыртуды қажет етеді деп санайды. Оның негізгі міндеті – бюджетке қаржының тұрақты түсуін қамтамасыз ету, ұлттық кірісті әділетті бөлу, экономикалық өсімнің сапасы мен құрылымын жақсарту. Микро және шағын бизнесті салықтан босату оның дамуына тың серпін беретінін көрсетті. Бірақ жаппай салықтан босату айтарлықтай теріс әсер беруі мүмкін. – Еркін экономикалық аймақ бойынша ғана шартты шығынымыз 2 триллион теңгеге жуық. 13 еркін экономикалық аймақтың құрылымына бюджеттен қосымша 340 миллиард теңге бөлінді. Осы аралықта еркін экономикалық аймақтан 170 миллиард теңге ғана салық жиналды. Бар-жоғы 18 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Еркін экономикалық аймақтың барлығында сапалы толықтыру проблемасы бар, яғни, басқарылуы дұрыс емес. Үкіметке ұсынылатын салықтық преференциялардың барлық спектрінің тиімділігі мен мақсаттылығына талдау жасауды тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президенттің тапсырмасы бойынша имидждік шараларға бөлінетін қаржы қысқартылды. Осының арқасында 30 миллиард теңге оңтайландырылды. Дәл осындай тиімсіз шығындарды анықтау шаралары квазимем-лекеттік секторында да жүргізіледі.
– Үкіметке осы жылдың 1 мамырына дейін жұмыс нәтижелерін баяндауды тапсырамын. Маңыздылығына сәйкес кейінге қалдыруға болатын шығындарды анықтауы қажет. Соның бастамасы ретінде қымбат көліктер мен жиһаздарды сатып алуға, түрлі форумдар, семинарлар мен конференциялар өткізуге ұзақ мерзімді мораторий жариялауды ұсынамын. Елімізде өтетін шаралар практикалық және идеологиялық тұрғыдан нақты пайдалы болуы керек, – деді Мемлекет басшысы. Президент ішкі нарықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Үкіметке 2025 жылға дейінгі Сауда саясатының бағдарламасын әзірлеуді, Сертификаттаудың ұлттық жүйесін дамытуды, Ұлттық стандарттарға сенімді арттыруды, сондай-ақ «Техникалық реттеу туралы» Заң қабылдауды тапсырды. Мемлекет басшысының пікірінше, жобаларды еселеп қымбаттату үрдісі жалғасуда, құрылыс құнының сметасын жасауда проблема бар. – Мемлекеттік органдардағы сатып алулардың 49 процентіне дейін және квазимемлекеттік сектордағы сатып алулардың 70-тен 90 процентіне дейін бір көзден жүзеге асырылады. Сатып алу барысында ерекше жағдай деп белгілеп, оны ең төменгі шекке дейін жеткізіп, бәсекенің болмауына негізделген тәсілдерді қысқарту керек. Мысалы, 8 өңірде жеткілікті түрде жеке тасымалдаушылары бар муниципалды автопарктер құрылған. Үкімет қалалық жолаушылар тасымалы саласында тәртіп орнатуға міндетті. Бұл – маңызды әлеуметтік мәселе. Орындауға екі ай уақыт беремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президенттің агроөндіріс кешеніндегі ахуалға да көңілі толмады. Соңғы 5 жылда аталған салаға 2,4 триллион теңгеден астам қаржы бөлінгеніне қарамастан, жалпы ішкі өнімдегі ауыл шаруашылығының үлесі 4,5 пайыздан аспайды. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің экспорт әлеуетін көтере алмағанымызды, сондықтан азық-түлікпен толық қамтамасыз ету мәселесі шешілмей отырғанын атап өтті. Оның пікірінше, министрлік елімізде шикізат өңдеу үшін барлық жағдайды жасауы тиіс. Қайта өңдеу ісі мен экспорт тиімді болуы қажет. – Бізде агроөндіріс кешенін дамытудың бесжылдық бағдарламасы бар. Онда аталған саланың мақсаты мен міндеті, нақты өндірістік және экономикалық көрсеткіштері жазылған. Демек Үкіметтің жоспарлары мен негізгі басымдықтары айқын. Сонымен қатар қолдау шаралары, яғни субсидия беру тәсілі жыл сайын өзгереді. Соңғы 5 жыл ішінде бөлінген қаржы 2 триллион теңгеге жетті. Бұл ретте субсидиялар 47 рет өзгерді. Үкіметке мемлекеттік қолдау шараларының тұрақтылығын, олардың тиімділігін арттыруды қамтамасыз етуді тапсырған болатынмын. Бұл тапсырма әзірге орындалмады. Нақты шешімдер мен ұсыныстар күтемін, – деді Мемлекет басшысы. 2019 жылы әлеуметтік қолдау мақсатындағы шығын 3,5 триллион теңге болды. Бұл жалпы бюджеттің 30 проценті. Әлеуметтік қорғау шаралары шамамен 4 миллион адамды қамтыды. «Бақытты отбасы» және «7-20-25» бағдарламалары бойынша 20 мыңға жуық қазақстандық отбасы займ алды. Президенттің пікірінше, алдағы уақытта тұрғын үй салу мәселесі Үкімет жұмысының басым бағыты болуы тиіс. – Зейнетақы аударымындағы қаржының бір бөлігін тұрғын үй алуға және басқа да қажеттіліктерге пайдалану жайына келер болсақ, бұл маңызды мәселені шешудің алғашқы қадамы жасалды. Біздің мақсатымыз – барлық жиналған қаражатты қазір бөліп беріп, адамдарды қартайғанда лайықты зейнетақысыз қалдырмау. Еңбеккерлердің жұмыс берушілерден зейнетақы жарналарын төлеуін талап етуі үшін ынталандыру тетіктерін ойластырып, еңбекақы төлеуде ашықтық қалыптастыру қажет. Үкімет пен Ұлттық банк бұл реформаны жүзеге асыруды бастайды. Осындай мүмкіндік берілетін азаматтардың қатарын біртіндеп көбейте беру керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы Үкіметті әлеуметтік және экономикалық қатерлерге жол бермеу үшін өз бастамаларын мұқият әзірлеуге шақырды. Оның айтуынша, мемлекеттік органдардың шешімдері азаматтар тарапынан жиі сыналады, кей жағдайларда, тіпті, халықтың ашу-ызасын тудырады. Бүгінде Қазақстанға Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден әкелінген автомобильдерге қатысты проблема қоғам назарын аударды. – Елімізге әкелінген мұндай автомобильдердің көпшілігі тіркеуге қойылмайды. Ондай көліктер саны – ондаған мың. Бас прокуратураға қалыптасқан жағдайға байланысты құқықтық баға беруді тапсырамын. Аталған мәселені шешу үшін Үкімет Қазақстанға Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден 2020 жылдың 1 ақпанына дейін әкелінген автомобильдерді бір айдың ішінде бір реттік тәртіппен уақытша тіркеуді қамтамасыз етуі қажет. Бұл автокөліктерді тіркеу 2021 жылдың 1 наурызына дейін жалғасады. Бұл ретте азаматтар тіркеу алымдары мен мемлекеттік баж салығын төлеуі тиіс. Уақытша тіркеу автомобильдердің меншік құқығынан шығарылмай, басқа тұлғаның пайдалануына немесе басқаруына берілмей жүзеге асырылуы тиіс. Автокөлік иелері 2021 жылдың 1 наурызына дейін кедендік баж салығын және автомобильді тұрақты тіркеуге қою немесе елімізден шығару, сондай-ақ заңнама жүзінде тыйым салынбаған басқа да іс-қимылдарды жүзеге асыру кезінде салынатын утилизация алымын төлеуі тиіс, – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы Үкіметке бұдан былай ел заңнамасын бұза отырып шетелден автокөліктердің әкелінуіне, пайдаланылуына шектеу қоюды тапсырды. Президент сөзінің соңында бүгін ешкімге сөгіс немесе ескерту жарияламағанын, Үкімет мүшелері мен әкімдерге жіберген кемшіліктерін көктемге дейін түзетуге мүмкіндік беретінін атап айтты.
Облысымыз экономикалық даму бойынша республикада үздіктер қатарында
Жамбыл облысы өткен жылдың қорытындысы бойынша экономикалық өсім бойынша алдыңғы қатарда. Бұл туралы кеше ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылды. Мемлекет басшысына өңірлердің экономикалық көрсеткіштері туралы баяндаған Премьер-Министр Асқар Мамин Жамбыл облысының үздіктер қатарында екенін тілге тиек етті. «Әрбір өңір ел экономикасын дамытуда маңызды рөл атқарады. 2019 жылдың қорытындысына сәйкес 7 көрсеткіш бойынша 8 өңірде – Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Атырау, Алматы, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштері бойынша озық өсу қарқыны қамтамасыз етілді», – деді өз сөзінде Үкімет басшысы. Сондай-ақ Асқар Ұзақбайұлы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде Еуропалық Қайта Құру және Даму банкімен бірлесіп жеті өңірде көпбейінді ауруханалар салынатынын жеткізді. – Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Еуропалық Қайта Құру және Даму банкімен бірлесіп 7 өңірде: Ақмола, Атырау, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Жамбыл облыстары мен Алматы қаласында 7 көпбейінді аурухана іске қосылады, – деді Премьер-Министр. Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жобасы бүгінде қарқынды жүзеге асуда десек, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Асқар Мамин аталған жобаның күтілетін нәтижесіне тоқталды. – Халықтың 60 проценті ауылдық жерлерде тұратын Жамбыл облысында жеке қосалқы шаруашылықтарды дамытуды ынталандыру бойынша шаралар кешені қабылдануда. Осы жоба аясында алдағы екі жылда ауыл шаруашылығы өнімдерін шығару – 34, кәсіпорындар жүктемесі 30 процентке өседі, 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады, – деді Үкімет басшысы. Аталған жобаның пилоттық кезеңі өңірдегі 11 ауылдық округте іске асуда. Жобаның бес бағыты шеңберінде жалпы 7 886 аула қамтылады деп күтілуде. Оның 2 459 өтінімі «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» арқылы тікелей несиелендірілуде десек, қажетті тұқым, минералды тыңайтқыш және химиялық қорғау заттары кооперативтер арқылы қаржыландырылмақ. Бүгінде 18 жылыжай құрылысы бойынша өтінім қабылданып, мақұлданған. Сондай-ақ мал шаруашылығын дамыту бойынша 1 297 өтінім мақұлданып, 3797 миллион теңгеге мал сатып алынуда. Осы және жобаның өзге де бағыттары аясында жұмыстар қызу жалғасу үстінде. Оған құжаттар қабылдау іс-шарасына 70-тен аса маман жұмылдырылып, тәулігіне 200-ден аса құжат айналымнан өтуде. Атап айтсақ, облыстың дамуында оң динамика сақталып отыр. Өткен жылғы экономиканың өсуі 105,5 процентті құраса, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, тұрғын үй, инвестиция, сауданың өсуі республикалық орта көрсеткіштен жоғары. Ал құрылыс жұмыстары 109 процентке орындалған. Бюджеттік кірістер артығымен орындалып, 99,9 процентке игерілген. Ол өңірлер арасында жоғары көрсеткіштің бірі. Сол сияқты, былтыр өңірде кәсіпкерлерге 8,6 миллиард теңге шағын несие берілсе, екі мың адамға 505 мың теңгеден 1,2 миллиард теңге грант бөлінген. Бұл да республикадағы алдыңғы нәтиже. Сонымен қатар есепті жылы құны 85 миллиард теңгені құрайтын 15 инвестициялық жоба іске қосылып, 1,5 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Оның ішінде француздардың қатысуымен салынған «M-KAT GREEN» 100 МВт-тық күн электр станциясы да бар. Бұдан бөлек, баламалы электр қуатын өндіретін өңірде 6 жобаның құрылысы жүргізілуде, олардың қуаты 233 МВт. Оған қолданыстағы 11 жобаны қосқанда жалпы қуаттылығы 400 МВт-тан асқалы отыр.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді