Қайырымдылықтың өзі қат болып бара жатқан қазіргі заманда расы керек, ерікті болудың өзі ерлікпен пара-пар. Сондықтан да болса керек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды Еріктілер жылы деп атап, қолдау білдіруді қолға алды. Кеше облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының еріктілер қозғалысы орталығы республика көлемінде ұйымдастырылған бірыңғай Ашық есік күнін өткізді. «Достық» үйінде өткен іс-шараның мақсаты – ҚХА-ның волонтерлік қызметі мәселелерін ұйымдастыру мен үйлестірудің бірыңғай орталығын, әлеуметтік бастамалар мен жобаларды іске асыру үшін азаматтық атсалысудың бірыңғай алаңын құру. Еріктілер жиынында аймақтық Ассамблея тарапынан облыс көлемінде 40-тан астам жас өтінім қалдырды. Сонымен қатар бұл жиынға облыстық Ассамблея еріктілері мен құрылымдарының мүшелері, жастар саясаты мәселелері жөніндегі, білім, дене шынықтыру және спорт, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары, ЖОО өкілдері, облыстық «Жібек жолы жастары», «Біз біргеміз», «Ақ Сұңқар», «Достық», «Ізгілік елшілері» волонтерлық орталықтары қатысты. Іс-шарада алдымен орталық міндеті мен тұжырымдамасы таныстырылды. Тұжырымдамада көрсетілген өзекті мәселелер төңірегінде облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Рано Убайдуллаева тарқатып айтып берді. Модераторлық еткен Рано Махсудқызы: – Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «2020 жыл – Еріктілер жылы» деп жариялады. Қазақстан халқы Ассамблеясы еріктілердің жұмысын ресми және жүйелі түрде ілгерілетуде, өйткені біздің мұқтаж азаматтарға көмектесу қажеттілігі қанымызда бар қасиет. ҚХА-ның еріктілері мен жастары мұқтаж балаларға жыл сайын қан тапсырып, Арыс қаласындағы техногендік апаттан зардап шеккендерге көмек көрсетті, халықтың әлеуметтік осал топтарына, мүмкіндігі шектеулі адамдарға және ҰОС ардагерлеріне жүйелі түрде көмек қолын созуда. Қазақстан халқы Ассамблеясы елімізде алғашқылардың бірі болып еріктілер жылының шымылдығын ашу құрметіне ие болды және бұл заңды да, өйткені еріктілік – бұл шынайы патриотизмнің бейнесі, онда өз еліне қызмет етудің игі идеясы көзделген, – деді. Сонымен қатар Ашық есік күнінде облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыру бөлімінің басшысы Арайлым Абдуалиева облыс көлемінде ерікті жастардың атқарып жатқан жұмыстарының бірқатарына тоқталып, таныстырып өтті. Жалпы ҚХА еріктілер қозғалысы бірнеше бағыт бойынша жұмыс атқарады. Орталықтың бағыттары мен жұмысы туралы жеке кәсіпкер, облыстық «Вынхуа» дүнгендер этномәдени орталықтары» қоғамдық бірлестігі жастар қанатының және «Ақ желкен» жастар лигасының төрағасы, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесі мүшесі Зайнуддин Махусеев сөз сөйледі. Ал әлеуметтік бағыт бойынша «Жаңғыру жолы» ЖҚ орынбасары, «Барбанг» облыстық күрд қауымдастығы қоғамдық бірлестігі жастар қанатының төрағасы Хабиб Алиев халықтың қорғалмаған топтарына көмек көрсетуді ұйымдастыру, табиғи және тарихи мұраны сақтау бойынша тарихи-экологиялық іс-шаралар өткізу туралы өз ойымен бөлісіп, жоспарларымен таныстырды. Келесі кезекте білім беру, медиация, спорттық бағыттар бойынша құзырлы мамандар тақырыпты тарқата түсті. Кезек еркін микрафон алаңына келгенде ерікті жастар түрлі ұсыныстарын айтты. ТарМУ ректорының жастар ісі жөніндегі көмекшісі Арнат Ұлтанбеков облыстағы ерікті жастардың базасын қалыптастыру туралы және «Ақ сұңқар» еріктілер қозғалысының төрағасы Еркін Әбдиев еріктілерді дұрыс бағыттайтын сауатты координаторлар керектігін және еріктілер көзделген жерге жету үшін қалалық қоғамдық көліктердің жүру уақытын созу туралы ұсынысын білдірді. Ал медиатор Нұрлыгүл Әмірова жас отбасылардың ажырасу санын кемітіп, отбасын сақтап қалу үшін кез келген уақытта медиаторлар көмегіне жүгіну керектігін әрі оны заң жүзінде шешуге болатындығын айтты. Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Маржан Қожаева жастар ұсынысымен келісетіндігін білдіріп, еріктілердің ортақ базасын «Достық» үйінде құру туралы өз ұсынысын айтты. ҚХА волонтерлік қозғалысының қызметін ұйымдастырудың және үйлестірудің бірыңғай тетігін әзірлеу, еріктілер институтын дамыту, әлеуметтік міндеттерді шешуге азаматтық атсалысу дағдыларына баулу, оның көшбасшыларын анықтау, халық арасында әлеуметтік қызмет пен азаматтық атсалысудың идеялары мен принциптерін тарату үшін облыстық ҚХА аймақтағы басқармалар, ЖОО және еріктілер қозғалысы орталықтарымен ортақ келісімге келуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, «Достық» үйінде М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың оқытушылары еріктілерді оқытудың түрлі курстарын өткізбек. Назерке ОҢҒАР, облыс әкімдігі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметкері.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді