ӘУЛИЕАТАҒА АЛҒЫСЫМ ШЕКСІЗ!
Өмірбек БАЙГЕЛДІ,
мемлекет және қоғам қайраткері.
Биыл бәріміз үшін қасиетті аймақтың құрылғанына 80 жыл толды. Кезінде Әулиеата уезі болған аймақ кейіннен Жамбыл Жабаевтың атын алды. Жалпы, ілгері замандағы Батыс Түрік қағанатының, қазақ мемлекетінің ұлы ордасының астанасы болған Тараз тарихтан белгілі.
1939 жылы 15 сәуірде Жамбыл ауданы, Ерназар ауылында Социалистік Еңбек Ерінің шаңырағында өмірге келген екенмін. Әкем Социалистік Еңбек Ері Байгелді Кейкиев ұжымшарды ұзақ жыл басқарған жұмысына жауапты, ісіне адал адам еді. Бізге де адалдықты, шыншылдықты үйретті. 1962 жылы Алматы зоотехникалық-ветеринарлық институтты үздік бітіріп, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында қатардағы маман болып еңбекке араластым. Содан қызмет сатысымен жоғарылап, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, Қордай аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, облыстық атқару комитетінің төрағасы болдым. 1990-1995 жылдары әуелі облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, тұңғыш облыс әкімі болып қызмет атқардым. Мен облысты басқарған жылдары КСРО тарап, жаңа қоғам қалыптасып келе жатқан болатын. Содан облыс шопандарына Үндеу жариялап, әр шопанға өз отарларынан 200 бас қойды несиеге бергізіп, өтеуін төлімен қайтаратындай мүмкіндік жасадық. Осы тәсіл малшыларға қолайлы болды. Оны «Байгелдиевтің үлгісі» деп атап кетті. Сол кезде несие алғандардың көпшілігі мыңғырып мал айдап, кейіннен жеке шаруа қожалық ашып, нарыққа жылдам бейімделді. Осы қадамым үшін шүкіршілік деймін. Ол кезде облыстың экономикасын, руханиятын, әлеуетін көтеруге көп күш жұмсадық. Тәуелсіздіктің елең-алаңында ауылдарда, қалаларда қандай дағдарыс, өтпелі кезеңдер болғанын білесіздер. Елбасының дана саясатымен, көрегендігімен ол күндерден де өттік. Кейіннен елімізде алғаш құрылған қос палаталы Парламенттің қалыптасуына еңбек етіп, ҚР Парламенті Сенатының Тұңғыш төрағасы болдым. Осы еңбек жолдарымды мақтаныш етемін. Осы абыройымның барлығында жамбылдықтардың тілеуі, туған жердің ақ пейілі, қолдауы бар деп есептеймін. Облыстың 80 жылдығы қарсаңында Тараздың жаңарып жатқанын, өңірдің өркендеп жатқанын біліп, қуанып отырмыз. Тәуелсіз еліміздің ертеңі нұрлы, баянды екені көңілімді марқайтады. Әулиеата жұртшылығының да жақсы күндері әлі алда.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді