Қытайдың Нанкин қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы екінші олимпиадада екі аптаға жуық уақыт 14-18 жас аралығындағы спортшыларымызға тақым қыстық. Жеңіске жеткен сәттерінде толқыдық. Қолда тұрған медальдан айрылып қалған кезде кәдімгідей қапаландық. Дегенмен, Нанкин бізге өкініштен гөрі көбірек эмоция, эйфориялық сезім сыйлады. Сонымен...
Бір өкініш – бір үміт
Жасөспірімдер олимпиадасына елімізден ұзын саны 51 спортшы, 20 бапкер аттанды. Бұл әлбетте қуанатын жағдай. Алайда, Қазақстан бокс державасы саналатындықтан, Нанкиндегі аламанға бар болғаны 4 былғары қолғап шеберіміз жолдама жеңіп алғаны қапаландырды. Әйткенмен, саннан гөрі сапаның басым болғаны көңілге медеу. Иә, біз сенген боксшылардың екеуі үмітті ақтады. Абылайхан Жүсіпов қарсылас біткеннің адымын аштырмай, жалқы алтынды жеңіп алса, финалға дейін сүрінбей жеткен Вадим Казаков күміс медальмен күптелді. Бапкерлер негізінен үміт артқан жігіттер де осылар еді. Әлем және Азия біріншілігінде олжа салып, соңынан Нанкин төрінде алтынмен апталған ұл Абылайханнан ендігәрі ересектер арасындағы олимпиада алтынын күтуге болатын секілді. Мамандар да осы сыңайда әңгіме айтып жүр.
Екінші олимпиада – 21 орын
Еркін күрестен 54 келі салмақ дәрежесінде бозкілемге шыққан Мұхамбет Қуатбек те сенім үдесінен шықты. Дуы басым додаға тыңғылықты дайындықпен келген қарсыластарының бәрін қапы қалдырған ол нағыз чемпионға тән өнер көрсетті. Өзінің шын мықты екенін дәлелдеді. Дзюдошы Бауыржан Жауынтаев та физикалық, функционалдық, психологиялық әзірлігінің қалыпты жағдайда екенін байқатып, татамиде еркін қимылдады. Ширақтығының арқасында чемпион атана білді. Ауыр атлетикада да қазақ елінің үлесі бар екенін тағы бір бағамдай түстік. Зілтемірді ырқына бағындырған жерлестеріміз Жасұлан Қалиев, Татьяна Капустина сынды спортшыларымыз қоланы қоржынға салып берді. Осылайша, бұл спорт түрінің елімізде кеңінен өркен жая бастағанын аңғартты. Грек-рим күресінің шебері Евгений Поливадов та жүлде үшін таласта барын салды. Әлбетте, Поливадов өз салмағында фаворит саналмағаны мәлім. Сол себепті де оның иеленген қола медалін үлкен жетістік ретінде бағалауға болады. Көркем гимнастика десе, елдің есіне көршілес Ресей елінің даңқты спортшысы Алина Кабаева оралатыны анық. Сол Кабаевамен бір деңгейде өнер көрсеткен Әлия Жүсіпова сынды қазақтың қаракөз қызының ізбасарлары да өздеріне артылған жауапкершілік жүгін сезінді. Әсілінде, біздің елдің көркем гимнасшылары соңғы рет бәсі жоғары байрақты бәсекелерде жүлделі орыннан көрінгені есте қалмапты. Сондықтан да болар, қазақ елінде бұл спорт түрі тіптен кенжелеп қалған сияқты көріне беретін. Бірақ, ел сенім артқан көркем гимнасшыларымыз Нанкин төрінде тәуір өнер көрсетті. Дәл осы спорт түрінде есеміз кетіп жүргендіктен олардың алған қола медалін алтынмен пара-пар десек сөкеттігі жоқ. Жасөспірімдер арасындағы екінші олимпиадада Қазақстан құрама командасы жалпы есепте 21-ші орынға жайғасты. Біздің елдің құрамасы осы спорт түрлерінен 8 медаль еншіледі. Аз ба, көп пе, оны өзіңіз саралай жатарсыз. Дегенмен, алдымызға қойылған мақсат орындалды. Бастапқыда көздеген үш алтын медаль қанжығамызда. Әлбетте, алдағы уақытта жүзу, трамплиннен секіру секілді спорт түрлерін әр өңір дамытуы тиіс екені күмән тудырмайды. Өйткені, дәл осы спорт түрлері бойынша бірнеше комплекті медальдар сарапқа салынады. Бұл әңгіме ересектерге де қатысты. Сонымен, екі аптаға жуық уақытқа созылған Нанкиндегі екінші жасөспірімдер олимпиадасы мәресіне жетті. Спортшыларымыз үдеден шыға білді. Бұл соңғы аламан емес. Алда ересектер арасындағы Бразилиядағы олимпиада, одан кейін қайтадан Аргентинада жасөспірімдердің үшінші олимпиадасы өтеді. Ендеше, біз қош бол, Нанкин, алда Буэнос-Айрес дейміз. Енді төрт жылдан кейін Аргентинада бұдан да жақсы нәтижелерге арқа сүйейміз...
Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Спорт кешені пайдалануға берілді
- 21 қараша, 2024
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді