«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жастар мәселесі күн тәртібінен түспейді

Жастар мәселесі күн тәртібінен түспейді
ашық дереккөз
Жастар мәселесі күн тәртібінен түспейді

 width= Жастар жылының жабылуына орай облыста екі күн қатарынан «SENIM! EŃBEK! JETISTIK!» жастар форумы болып өтті. Шара аясында түрлі форматтағы басқосулар, талқылаулар, арнайы сабақтар мен марапаттау рәсімдері өткізілуде. Сондай шараның бірі – облыс әкімдігінің жастар істері жөніндегі кеңесінің отырысы. Отырысқа облыс әкімі, кеңес төрағасы Асқар Мырзахметов қатысты. Облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа салада жыл бойы атқарылған жұмыстардың нәтижесін баяндады. Баяндамадан соң отырыс еркін форматтағы пікір алмасуға көшті. Кеңес мүшелері мен салаға қатысты мамандар ойларын ашық айтып, өңірдегі жастар саясатын іске асыру бағытындағы ұсыныс-пікірлерін білдірді. Облыстық «Jas Otan» жастар қанатының жетекшісі Болатбек Уәли жас кәсіпкерлерді қолдау жобасы аясында беріліп жатқан гранттарды оңтайландыру, жүйелендіру мақсатында арнайы қор құру қажеттігін, сондай-ақ қаржыны қайтарымсыз етіп беру керектігін айтты. Бұл бастаманы қолдаған өңір басшысы қаржыны қайтарымсыз беру жауапсыздыққа әкеліп соқтыруы мүмкін екенін, сондықтан, оның ең жеңілдетілген пайызбен берудің жолдарын қарастыру қажеттігін айтты. Өйткені мемлекет қолдауымен қатар, жас кәсіпкерлер жауапкершілікті де мойындарына ала білуі қажет. Келесі кезекте ТИГУ-дің ректоры Ерболат Саурықов мектеп бітіруші түлектердің мамандық таңдау мәселесінде жастар басқармасы нендей жұмыс атқарып отырғанын сұрады. Ректордың айтуынша, мемлекеттік грант қай оқу орны мен мамандыққа көп бөлінсе, түлектер сол мамандықты көбірек таңдайтын көрінеді. Оларды қажетті, болашағы зор, сұраныс көп, қала берді өз қалауы бойынша мамандық таңдау жағы көп қызықтыра бермейді екен. Соның салдарынан көбісі бірінші семестрден соң басқа факультетке ауысып кетеді немесе оқудан шығатын көрінеді. Сондықтан басқарма тарапынан мектеп оқушылары арасында осы бағытта үгіт-насихат жұмыстары жүргізілсе деген ұсыныс айтылды. Өкінішке қарай, бұл бағытта жыл басынан бері тек бір ғана шара – автокеруен ұйымдастырылған екен.

Ал М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың ректоры Махметғали Сарыбеков жастар саясатын жүргізу жұмыстарында нақты жүйенің жоқтығын, сондай-ақ, зерттеу жұмыстарының нәтижесіне сай іс-әрекет жасалмайтынын тілге тиек етті. «Кеңес отырыс өткен сайын хаттамаға жазылып, бекітілгенімен, жүйелі жұмыс істеу керектігі үнемі назардан тыс қалады», – деген Махметғали Нұрғалиұлы алдағы уақытта бұл мәселеге жіті назар аударылу керектігін ескертті. Сондай-ақ жыл басында облыс әкімінің тапсырмасына сай арнайы волонтер жастар жұмылдырылып, халықтың әл-ауқаты мен тұрмыстық деңгейін анықтап-зерттеу бойынша көптеген жұмыстар істеген. Алайда іс соңы сиырқұйымшақтанып, тіпті соңында студент жастарға уәде етілген ақысы да кеш төленген әрі олардың есебін қабылдап алатын мекеме де болмай шыққан. Өкініштісі, бұл мәселе облыс әкімі назарына ұсынылмаған, жабулы қазан жабулы күйінде қалып қойған. Белгілі болғандай, әкім шынында бұл істен бейхабар болып шықты. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев бүгінде әсіресе Тараз қаласында көптеген игі істер атқарылып, тамаша демалыс орындары мен кешендер ел игілігіне пайдалануға беріліп, оның жастар үшін жасалып жатқанын айтты. Өкініштісі, сол еңбекті бағалап, жақсы істі жалғап әкетуі керек жастар жағы керісінше, саябақтар мен аллеялардағы түрлі дүниені сындырып-қиратуға, жұлып-шаншып тастап кетіп жатқан жайы бар. Бұл мәселеге қатысты үлкен қынжылыс білдірген облыс әкімі жастарға жағдай жасаумен қатар, оларға дұрыс тәрбие беруді де естен шығармау қажеттігін түсіндірді. Жиында мұнан өзге де көптеген мәселелер талқыланды. Сала мамандары мен қоғам белсенділері, қоғамдық ұйым жетекшілері мен өзге де азаматтар сан түрлі ойларын ортаға салып, облыс әкімі әрқайсысының сауалына жауап беріп, бастамасына қолдау танытты. Ал жас ақын Нұрболат Жаңабекұлының ақындар мен өзге де өлеңсүйер қауым арнайы бас қосатын «Авангард» поэзия кешіне шақыруын қабыл алған облыс басшысы мүмкіндігінше жастардың жыр алаңына бас сұғатынын айтты.

* * *

Сондай-ақ «SENIM! EŃBEK! JETISTIK!» форумы аясында өткен тағы бір шара – «Әулиеата үміті» облыстық жастар сыйлығын табыстау салтанатты жиыны болды. Бұл жиынға да арнайы атбасын бұрған аймақ басшысы Асқар Мырзахметов үздік деп танылған жастарға ізгі лебізін білдірді. Облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен «Balqaragai» фито-барында өткен рәсімде облыстағы түрлі саладағы үздік 15 жас түрлі аталымдар бойынша марапатталды. «Әулиеата үміті» облыстық жастар сыйлығы – облыс жастарының азаматтық және қоғамдық-саяси белсенділігін арттыру, облыс жастарының білім, ғылым, өнер, мәдени, шығармашылық деңгейінің артуына және өңірдегі жастар саясатындағы өзін-өзі басқару жүйесін қалыптастыруға жағдай жасай отырып, әртүрлі салада жетістікке жеткен және қоғамдық өмірде белсенді болған жастарды қолдау мақсатына негізделді. Комиссия шешімі бойынша «Үздік жас мемлекеттік қызметші» болып Ж.Аманбай, «Үздік жас баспа журналисті» болып «Aq jol» газетінің тілшісі Ж.Ахметов, «Үздік жас тележурналист» болып М.Бает танылды. Сондай-ақ «Үздік жас медицина қызметкері» – М.Жұматаев, «Үздік жас мұғалім» – Е.Жұмаділов, «Үздік жас музыкант» – Е.Жұмат, «Үздік жас ғалым» – Т.Иманалиев, «Үздік жас құқық қорғау саласының қызметкері» – М.Көкірекбаев, «Қоғамдық қызметтегі үздік белсенді жас» – Т.Көпберген, «Үздік жас айтыскер ақын» – Н.Құрманов, «Үздік жас кәсіпкер» – Е.Омаров, «Үздік жас жазба ақын» – Н.Сатымқұл, «Театр және кино саласының үздік жас актері– Б.Тәжімұратов, «Үздік жас спортшы» – Қ.Тұрғанбек, «Үздік жұмысшы жас» – Е.Тұрғанбек өз марапаттарын алды. Айта кетейік, «Әулиеата үміті» облыстық жастар сыйлығын беру ережесіне сәйкес, ағымдағы жылдың 20 қарашасы – 14 желтоқсаны аралығында облыстың 14 пен 29 жасқа дейінгі жастары, халықаралық, республикалық және облыстық жарыстардың, байқаулардың, фестивальдер мен көрмелердің лауреаттары, жүлдегерлері, қоғамдық өмірге белсенді араласқан, мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру және жетілдіру бойынша жаңашыл бастамалар алып келген, жеке басының жетістіктері бар, өзі қызмет ететін салада жетістікке жеткен облыс жастары арасында байқау жарияланған болатын.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Маржан Рақай

Ұқсас жаңалықтар