«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бағыт берер – бағдаршам

Бағыт берер – бағдаршам
ашық дереккөз
Бағыт берер – бағдаршам

Ата Заңның арқасында әрбір азамат өзін тең сезінетін, татулығы жарасқан қазақ елінде мінекей, маңызды мереке – 30 тамыз күні он тоғызыншы рет тойланғалы отыр. Адамзат баласының өмір сүруі белгілі бір заңдылықтарға бағынатыны сияқты ғаламшарды мекен еткен әр мемлекеттің де негізгі заңы болуы шарт. Ол заңның барлық тілдердегі мойындалған атауы – Конституция. Жасампаздықтың жаңылмас жарғысы болған Конституция біздің барша жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды. Қастерлі құндылығымыздың қағидаттарын бұлжытпай орындаудың нәтижесінде біз қысқа мерзімде мызғымас мемлекетімізді орнатып, тәуелсіздігімізді тұғырлы еттік. Ата Заң тәуелсіздігіміз бен тұтастығымыздың кепілі ретінде біздің бірлігімізді бекемдеп, елдегі тұрақтылық пен татулықтың берік тұтқасы болды. Конституция, мемлекеттік биліктің қайнар көзі, халықтың өзі екенін айқындады. Бас құжатты қабылдау арқылы Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты. Халқының қарымды істері бүгінде әлем жұртшылығы үшін үлгі-өнегеге айналды. Оның 1-бабында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, оның құқықтары мен бостандықтары» делінген. Осыны негізге алған республика халқы аталған құжат аясында, Конституциялық нормаларға сай өмір сүру – демократияның және қазақстандық түрлі қоғамдық-саяси күштер келісімінің жоғары мектебі екеніне көз жеткізіп отыр. Конституция – мемлекетіміздің іргесін нығайтудағы қарышты қадамдардың қалыптасуы мен жаңа жүйенің орнығуына, әлем сахнасында еліміздің қанат жаюы жолындағы бірден-бір бастаушы заң, серпінді сенім. Конституция – әділет жолын көрсетер мемлекетіміздің Ата Заңы, айшықты құжаты. Ендеше, сол Ата Заңға адал боп, еліміздің дамуы жолында қызмет етейік!

Гүлжамал ТӘЖИЕВА, облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы.

Ұқсас жаңалықтар