«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қоғам алдындағы жеке жауапкершілігімізді ұмытпайық

Қоғам алдындағы жеке жауапкершілігімізді ұмытпайық
ашық дереккөз
Қоғам алдындағы жеке жауапкершілігімізді ұмытпайық

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуымен бірге мемлекетімізде ашық қоғам құру мәселесіне баса назар аударып отыр. Бұл әрқайсымызға үлкен жауапкершілік жүктейді. Алдымен билік пен қоғам арасындағы диалогті тиімді іске асыруға бастайтын маңызды және өзекті кейбір мәселелерге тоқталсам. Күнбе-күн жиілеп бара жатқан транспорттық әсіресе, автокөлік апаттарының көбісі жеке адамдардың (жүргізушілердің) жауапсыздығынан, бейқамдығынан, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтамауынан орын алуда. Ең жаманы, осы орын алып жатқан апаттарға басқа көп кісілердің (әсіресе басқа жүргізушілердің және жастар жағының) жеткілікті деңгейде мән бермей жатқандығы, дұрыс қорытынды жасамайтындықтары, сабақ алмайтындықтары қынжылтады. Бұған кейбіреулері тіпті атқарушы органдарды немесе мекеме басшыларын кінәлайды. Жөнсіз байбалам сала бастайды, негізсіз талаптар қоя бастайды, тек өзін кінәлі екенмін деп есептемейді. Содан келіп елімізде жантүршігерлік жағдайлар азаяр емес. Көп жағдайда жеке адамдардың жауапкершіліктері өте төмен. Ал мұны қалайша дұрыс жолға қоюға болады? Біздің қоғамдағы көптеген қордаланған мәселелер қашан шешімін табады? Осы жағдайларға қоғам және көпшілік адамдардың, әсіресе жастардың назарын аудару мақсатында, мысалы, 2021 жылды «Жеке азаматтың жауапкершілігі жылы» немесе «Қоғамдағы жеке жауапкершілік жылы» деп жарияласақ... Әйтпесе біраз азаматтар «жеке жауапкершілік» деген ұғымның мән-мазмұнын, мағынасын ұмыта бастаған сияқты. Егер кейбір адамдардың жеке басында бір келеңсіз жағдайлар туындай қалса, мәселенің мәнісін өзінен сұрамайды. Мысалы, ұрлық жасаса да, қорлық, зорлық, зомбылық, әлімжеттілік, браконьерлік әрекеттер жасауға барса да, талап, тәртіп, ереже және заңды бұзса да, құжаттарын дұрыстап дайындамай арнаулы әлеуметтік көмекті ала алмай жатса да, жауапсыз, жағымсыз әрекеттер жасаса да жауапкершілікті басқаларға аудара салғысы келіп тұрады. Өзінен жауап сұрамайды, өзі «сүттен ақ, судан таза». Тек басқаларды кінәлап отырады. Биыл көп балалы отбасылардың әлеуметтік жағдайларын едәуір жақсартуға бағытталған нақты жобалар қолға алынғаны белгілі. Бірақ кейбіреулер осы мүмкіндікті пайдалануға ұмтылудың орнына тағы да шу шығарды. Сабырлық жасау, жеке жауапкершілік дегенді ұмытты. Олардың көбісі мұндай жағымсыз ұстаныммен алысқа шаба алмайтындықтарын түсінгісі келмейді. Мұндай мысалдар айта берсе, көп. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты биылғы Жолдауы халықтың талап-тілегі ескерілген, еліміздің толыққанды дамуы үшін шешуін табуы тиіс маңызды мәселелерді нақты көрсетіп берген, мемлекеттің келешектегі даму бағдарын айқындаған тарихи құжат болды деп нық сеніммен айта аламыз. Солардың ішіндегі назар аударатыны – билік пен көпшілік (қарапайым) халық арасындағы ашық тиімді диалог орнату мәселесі, яғни ішкі алауыздықтарды тудырмаудың жолдарын іздеу, табу, іске асыру. Сол үшін қазіргі уақытта билік пен көпшілік халықтың өзара түсінісуі алға шығуы тиіс. Мемлекет халқын, халқы мемлекетін қолдауы тиіс. Егер билік қазір қарапайым халықтың әлеуметтік жағдайын тұрақтандыру үшін барлық ресурстарды іске қосқан болса, азаматтарға да жан-жағымыздан әртүрлі пиғыл анталап тұрған заманда, уақытша болса да өз үкіметін сорып, қарпып қалу ниетінен арылатын кез жеткен секілді. Халқымыз «сабыр түбі – сары алтын» деп бекер айтпаған. Асығыс, негізсіз ашу шақыру, сабырсыз эмоциялар еш уақытта ешкімді жақсылыққа апармайды. Кез келген таласты мәселеге ұлттық және мемлекеттік мүдде тұрғысынан қарауымыз керек. Бүгінгі күні ынтымақ және бірлікті көзіміздің қарашығындай сақтай отырып, жастарға кез келген таласты мәселені сабырлы диалог және дипломатиялық жолмен дау-дамайсыз бейбіт түрде шешудің үлгісін көрсетіп отыруымыз қажет деп есептейміз. Егер әрбір жеке азаматтың қоғам алдындағы жеке жауапкершілігі әр уақытта алда жүрсе, қоғамдағы, экономикадағы, өндірістегі, әлеуметтік мәселелерді шешу жеңілдей түспек. Өз іс-әрекетіне сыни тұрғыда қарау, әр кезде өз ісіне есеп беріп отыру керек. Сондықтан мен тұлғаның жеке жауапкершілігін күшейтудің және оны бүгінгі қоғамның негізгі брендіне (ұлтымыздың негізгі жақсы дәстүрінің, қасиетінің біріне) айналдырудың және оның тиімді жолын іздеуіміз қажет. Мәселен, біздің ұлттық кодымыздың мәні мен мазмұны Абай шығармаларының желісіндегі «Толық адам» ілімінде жатыр. Жеке адамдарды жамандықтан арылтатын, сол арқылы қоғам мінін (кемшіліктерін, келеңсіздіктерін) түзеп алатын, сан ғасырлардан бері қарай ұстанып жүрген дінін керегіне жарататын, заман көшінен қалмай жаңаға қол жеткізуді мұрат тұтатын ұлттық рухани байлығымыз ойшыл Абай еңбектерінен бастау алады. Сол себепті Абай философиясын балабақшадан, бастауыш мектеп, орта мектеп және жоғары мектепте де оқытуды, үйретуді шұғыл түрде қолға ала отырып, оны іске асыруды оң шешуге тиіспіз. Қоғам алдына «Әр азаматтың жеке жауапкершілігі» деген мазмұнды, өте маңызды ұстанымды бірінші кезекке шығару үшін 2021 жылды «Жеке азаматтың жауапкершілігі жылы» деп жариялайық. Жеке жауапкершілігімізді күшейтсек, қоғамымызда бүгінгі күні орын алып жатқан көптеген келеңсіздіктерді оң шешуге септігін тигізері сөзсіз. Сонда ғана Арыстағыдай жарылыс-трагедия қайталанбайды, Жаңаөзендегідей дау-дамай өршімейді, Шамалған стансасындағы орын алған трагедия орын алмайды. Қоғамда орын алып жатқан зорлық-зомбылық, адамды қорлау және әлімжеттік сияқты келеңсіздіктер жойыла бастайды. Браконьерлер және жемқорлар азаяды, жас отбасылардағы ажырасулар деңгейі төмендейді, жеке отбасындағы тәрбие жақсара түседі, көп балалы аналар жөн-жосықсыз шу шығармайды. Білім және ғылымның сапалық деңгейлері жақсара түседі. Ауылдағы жұмыс істегісі келмей жүргендер саны күрт төмендейді. Оған облысымызда жүзеге асырыла бастаған өңір басшысы Асқар Мырзахметов ұсынған пилоттық жоба да нақты көмегін тигізетін болады деп сенеміз. Шағын және орта бизнес дамиды. Қасым-Жомарт Тоқаев халықпен кері байланыс орнатудың маңызды екеніне баса назар аударып отыр. Президенттің Жолдауда «Қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары саналады» деген сөзі – соның дәлелі.

Билібай Мүсілімов, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры.

Ұқсас жаңалықтар