КЕШЕГІ – ШӘКІРТ, БҮГІНГІ – БАПКЕР

КЕШЕГІ – ШӘКІРТ, БҮГІНГІ – БАПКЕР
ашық дереккөз
КЕШЕГІ – ШӘКІРТ, БҮГІНГІ – БАПКЕР
Тәуелсіз еліміздің келешектегі экономикалық әл-ауқаты, әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына енуі, сайып келгенде бәсекеге қабілетті мамандарға келіп тірелетіні сөзсіз. Ортаға салар ойы, көздеген мұраты бар маман болу үшін әлбетте, жоғарғы білім мен оған деген құлшыныс қажет. Ал арманы асқақ жастар алған білімін өзінің һәм елінің келешегіне жаратып жатса, ол жақсылықтың нышаны. Әйтпесе, талай жастың әупірімдеп жүріп жоғарғы оқу орнын тәмамдап, ата-ананың сенімін арқалап асу-асу белдерден өтіп, ақыр аяғы қалап алған дипломына сай келмейтін жұмысқа орналасуы әдетке айналғанын көз көріп, құлақ естіп жүр. Университетте оқыды дегеніңіз болмаса қандай да бір мекемеде күзетші, мейрамханада даяшы, көлік жүргізуші немесе жүк тасушы сынды әр жұмыстың басын бір шалып жүрген жастар қаншама. Жүрегі қаламаса да жүгі ауыр жұмысты істеуден басқа амалы жоқ. Себебі ата-анасы жеткізді, жетілдірді, оқытты. Содан ауылға қайтып, әке-шешеге масыл болуды ар санайтын жас түлек амалдың жоғынан қалада қалуға мәжбүр. Міне, осындай түйткілдерді ескере келе Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2008 жылы «Дипломмен – ауылға» бағдарламасын ұсынып, бір жылдан кейін аталмыш жоба ресми түрде жұмыс істей бастады. Жобаның негізгі мақсаты айқын. Ол – ауылды жердің әлеуетін арттыру, елді мекендерді сапалы мамандармен қамтамасыз ету, жұмыссыз жастардың санын азайту. Осылайша, бір ғана бағдарлама арқылы бірнеше түйткілдің түйінін тарқатуды көздеген еді. Содан бергі он жыл ішінде бұл бағдарлама өз тиімділігін көрсетіп келе жатыр. Сондықтан болса керек, аталған бағдарламаға Үкімет те әр жыл сайын қолдау көрсетіп, жырақтағы жастардың жағдайын жақсарту үшін мейлінше көмек көрсетіп келеді. Дәлірек айтсақ, білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет және агроөнеркәсіп кешені саласындағы жас мамандарға бір реттік көтерме жәрдемақы мен тұрғын үй алу үшін жеңілдетілген несие түрінде әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған. Бағдарламаның игілігін көрген көп жастың бірі – Шу ауданының тұрғыны Рысбек Амангелдиев. Аудан орталығында орналасқан Е.Бекмаханов атындағы мектеп-гимназиясын 2010 жылы тәмамдаған Рысбек сол жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға түседі. Аталмыш оқу ордасының «Биология және биотехнология» факультетінде төрт жыл білім алып, дене шынықтыру және спорт бакалавры болып шығады. Жас маманның пайымдауынша, түп қазығымыз саналатын ауылдың әлеуетін арттыруда «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының берері көп. – Бұндай бағдарламаның барын бұрыннан білетінмін. Алайда оның тиімді тұстарын білмеген соң ба, аса қызығушылық таныта қоймадым. Оқуды тәмамдап, ауылға оралған соң бірден жұмысқа орналасу мүмкін болмады. Әуелгіде мамандық бойынша жұмыстың бір ыңғайы келіп қалар деген оймен кездескен жұмыстан бас тартпадым. Жүк тасыдым, көлік те жудым. Кейіннен аудандағы Жастар ресурстық орталығына барып, ондағы кеңесшілермен сөйлестім. Орталық мамандарынан «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының талаптары бойынша кеңес алып, артынша жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркелдім. Байқап қарасам, бағдарламаның барлық талабы менің ыңғайыма келіп тұрғандай. Содан осыған бел шеше кірісіп, бірден құжат жинауға кірістім. Нәтижесі міне, Төле би ауылындағы балалар-жасөспірімдер орталығының еркін күрес үйірмесінде жаттықтырушымын. Еркін күрестен жаттықтырушы болу менің бала күнгі арманым болатын. Мектепте оқып жүргенде-ақ еркін күреспен шұғылданып, тіпті, КСРО-ға еңбегі сіңген білікті жаттықтырушы Мырзатай Нұрғожаевтан тәлім алғам. Осылайша, ұстазымның жолын жалғау мақсатында әр мектептен күреске икемі бар балаларды жинап, шәкірт тәрбиелеуді бастап кеттім. Нәтижесі жаман емес. Қазіргі кезде бірқатар шәкірттерім аудандық, облыстық және республикалық додаларда топ жарып, еңбекті ақтап келеді, – дейді Р.Амангелдиев. Мүмкіндікті мүлт жібермеген жас маман дұрыс таңдау жасаудың арқасында ауылдағы жұмыссыздардың қатарын азайтып отыр. Ол 2016 жылы «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында 156000 теңге көлемінде бір реттік көтерме жәрдемақы алған. Араға екі жыл салып, яғни өткен жылы аталған бағдарламаның арқасында алты бөлмелі үйге қол жеткізіпті. Жасыратыны жоқ, бәсекелестік белден басып, нарықтың қатаң талаптары орнаған қазіргі таңда мамандық бойынша жұмысқа орналасу өте қиын. Бәсекеге мейлінше бейім, өзгелерден оқ бойы озық тұрсаң ғана айыңның оңынан тууы мүмкін. Осыны ескерген біздің кейіпкеріміз өзінің талабы мен ұстанымының арқасында мемлекеттік бағдарламаны тиімді пайдаланып, бүгінде туған жерінің абыройы үшін аянбай еңбек етуде. Жалпы ауданда осы бағдарламаның арқасында биыл 62 жас маманға тұрғын үй алу үшін республикалық бюджеттен 234 миллион 825 мың теңге, көтерме жәрдемақы бойынша 80 адамға жергілікті қазынадан 14 миллион 140 мың теңге бөлініпті. Аудан әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі берген мәліметке сүйенсек, биылдан бастап бағдарлама аясында берілетін көтермеақының көлемі өскен көрінеді. Дәлірек айтсақ, бұған дейін әр маманға 70 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржы қарастырылып келсе, шілде айынан бері бұл көрсеткіш 100 айлық есептік көрсеткішке жеткен. Бұдан былай «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша көтерме жәрдемақы алатын мамандарға 252500 теңгеден берілуде.  

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Шу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар