Теміржолшылар әулетінен шыққан елгезек жан

Теміржолшылар әулетінен шыққан елгезек жан
ашық дереккөз
Теміржолшылар әулетінен шыққан елгезек жан

Айналасына қарайлай жүретін қайырымды жандар болады. Оларды қоғамға үлгі етіп көрсете беруге тиіспіз. Мәселен, Бейсембай Жаңбырбаев Хантау бекетінде туған. Қазір Алматыда тұрады. Бірақ ауылына жиі атбасын бұрып, ізгі істердің ұйытқысы болып жүреді. Онымен таныстығымыз да қызық болды. Шамамен екі ай бұрын телефон шалып, өзін таныстырып, «Сен журналист екенсің. Пәлен жыл бұрын осындай басылымға темір жолдың бойында жұмыс істеген әкем туралы мақала жарияланған екен. Сол газетті табуға көмектесе аласың ба?» деді. Жөн сілтеп жібердік. Екінші рет «Туған жерге туыңды тік» деген бағдарлама жайында естідім. Соның аясында туған жерімдегі бір шаруаға септігімді тигізгім келеді» деді. Тағы да жөн-жосығын көрсетіп, жолын айтқан болдық. Жуырда: «Тараз қаласындағы тұрмысы төмен, материалдық жағынан аз қамтылған отбасыларға көмектессем деген ниетім бар, не істесем болады?» деді. Шаһардағы жұмыспен қамту орталығының мамандарымен байланыстыра қойғанбыз. Ақ жүрек азамат көп ұзамай көңіл қуантатын жаңалығын жеткізді. Қаладағы жағдайы мәз емес он екі шаңырақтың тізімін, мекен-жайын алып, азық-түлік пакеттерімен қамтымақ екен. Қайырымды істің басынан табылуымды өтінді. Алып-ұшып жетіп бардық. Сол кезде ғой жүзбе-жүз кездесіп, ағалы-інілі болып әңгіме шертіскеніміз... Телефонмен сөйлесу барысында байқағанымыздай, бастаған шаруасының түбіне жетпей қоймайтын азамат екен. Іскерлігі өз алдына, ізденімпаз екенін де аңғарып үлгердік. Содан соң қолға қалам алып, ақжүрек аға жайында аз-маз болса да жазуға бекіндім. «1955 жылы Жамбыл облысының жартысына жуығын алып жатқан Мойынқұм ауданының Хантау стансасында тудым. Әкем Смағұл мен анам да Мойынты-Шу темір жолын төсеуге қатысқан қарапайым шаруа адамдары еді. Мен де тағдыр жолымды сол темір жолдан алысқа әкете алмадым. Осы салада білім алып, болат жолдың бойында қызмет еттім», – дейді Бейсембай аға. Қызығы сол, Бейсекеңнің марқұм болған ағасы Сәрсенбай да осы саланың ыстық-суығына төзіп, «Құрметті теміржолшы» атанған. Бауырлары Жұмабай мен Мүбәрак та болат жолдың бойында еңбек етуде. Жары Шарапат осы саланың ардагері екен. Қайын атасы Әміржан қария да темір жолдың «нанын» жеген көрінеді. Бейсенбай Жаңбырбаев темір жол саласындағы ұзақ жылғы еңбегі үшін 2004 жылы «Құрметті теміржолшы» атағын алған. Есімінің «Болат жолдың даңқты еңбеккерлері – 2010» Құрмет кітабына енгені де әспеттеуге тұрарлық. Жоғары кәсіптік шеберлігі және сапалы жұмысы талай мәрте ескеріліп, Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапатталған. «Темір жол жұмысының жауапкершілігі орасан. Тапсырмалар мен міндеттер дәл уақытында және сапалы орындалуы тиіс. Салғырттыққа орын жоқ! Мүлт кетсең, арты, тіпті апатқа соқтыруы мүмкін. Айтпағым, осында қызмет ете жүріп бірқатар айтулы азаматтардың тәрбиесін көрдім, үлгі-өнегелерін үйрендім. Мәселен, Қайыр Бекбосынов, Асқар Сәрсенбеков, Қасым Жасақбаев, Құдайберген Көпжасаров, Жақанша Ахметов, Дәулетбай Есімбеков секілді ағалардың – темір жол тарландарының есімдерін үнемі құрметпен атаймын», – дейді ол. Темір жолдың тастай тәртібіне әбден машықтанып алса керек, кейіпкеріміз қолы қалт етсе қыста шаңғы, жазда велосипед тебуді әдетке айналдырған екен. «Әсіресе бассейнге түсуді қатты ұнатамын», – дейді өзі. Абайдан бастап, Мұқағалиға дейінгі қазақтың көрнекті ақындарының бірқатарының өлеңдерін жатқа айтатыны тағы бар. Мерзімдік басылымдарға арагідік мақала да жазып тұрады. Айтпақшы, биыл өзі оқыған Хантау стансасындағы С.Сейфуллин атындағы орта мектептің кітапханасына өзінің өмір бойы жинаған кітаптарының 1000 данасын тарту етіп, игілікті іс жасады. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген дана халқымыз, жолшы ағаның республика аумағында екінші мәрте ұйымдастырылған «Қайырымдылық керуені» шарасына Тараз қаласы бойынша белсене үлес қосқанынан да хабардармыз. «Жасымнан кітапқұмар болып өстім. Үйренуден ешқашан жалыққан емеспін», – деген Бейсекеңнің бизнес тақырыбында жазылған еңбектерімен жақсы таныс екенін де аңғардық. Осындай пайдалы еңбектерін өз өмірінде ғана емес, айналасына да кең насихаттап жүреді екен. «Әңгіме білімде емес, маңыздысы сол білімді өмірде пайдалана білгенде» дейді ағамыз.

 

Есет ДОСАЛЫ

Мойынқұм ауданы.

Ұқсас жаңалықтар