Жүректегі жара жазыла ма?

Жүректегі  жара жазыла ма?
ашық дереккөз
Жүректегі жара жазыла ма?

«Казбат» фильмінің тұсаукесерінде көрермен көз жастарына ерік берді

Заман тыныш деп, бейбіт күннің жақсылығын көп айтқанымызбен Отан қорғаушы сарбаздар өмірі қашанда тосын жағдайларға толы болатыны сөзсіз. Тарихта бірнеше адамның қазасына себепкер болған кезеңдер де бар. 1992-2001 жылдары орын алған тәжік-ауған қақтығысы да бірнеше боздақтың өмірін қиып кетті. Әсіресе 1995 жылы 7 сәуірде 6 сағатқа жуық уақытқа созылған шайқаста №7 рота сапындағы қазақстандық 17 жас сарбаздың өмірі орта жолда үзілді. Олардың 5-еуі жамбылдық жауынгерлер болатын. Келесі жылы 7 сәуірде бұл қасіретті оқиғаға 25 жыл толады...Осыған орай Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланның бастамасымен «Казбат» фильмі түсірілген болатын. Идея авторы – ҚР Ұлттық Ұланның Бас қолбасшысы Руслан Жақсылықов. Бас режиссер – Асқар Ұзабаев, бас продюссер – Данияр Ибрагимов. Негізгі рөлдерде танымал актерлер Дәурен Серғазин, Индира Меңдібаева, Диас Мырзахметов ойнайды. Тәжік-ауған қақтығысында опат болған бес жамбылдық жауынгер: Дастан Нұрметов, Ержан Байғабысов, Бауыржан Далабаев, Имамадин Жұматов, Тахир Райымжанов еді. Фильмнің тұсаукесер жиынында «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат бұл оқиғаны жамбылдықтар ұмытпайтынын, қашанда ауыр жағдайда еске алатынын айтып, жаңа фильмнің жастарды отаншылдыққа тәрбиелеуде маңызы жоғары екеніне тоқталды. Мұнан соң Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Батырбек Құлекеев өз ойын білдірді. Кейіннен облыс әкімінің Алғыс хатымен Хансұлу Үсіпбекова (марқұм сарбаз Жандос Далабаевтың анасы), Батырбек Серікбайұлы, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының Алғыс хатымен Тәжікүл Райымжанқызы, Нәзипа Нұрманова, Тоқмағанбет Нұрмет және бірқатар азаматтар Тараз қаласы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Өңірімізде осы қақтығысты зерделеп жүрген азамат – тәжік-ауған қақтығысы ардагерлерінің төрағасы Батыр Сағындықов. Бұл жігіт те осы рота құрамында болған, жараланып оралған. Оның да айтары көп. Бұдан соң «Казбат» фильмі көрсетілді. Бір сәт бәрін ұмытып, кино әлеміне еніп кеттік. Мұнда да мұңға баттық. Фильм соғыс даласының көрінісінен, жауынгер Азамат Ахметовтің (Дәурен Серғазин) қаза болған ондаған жауынгерлер арасында жалғыз қалған сәтінен басталған. Ақ жауын құйып тұр. Қыршын кеткен боздақтардың көз жасындай көрінеді. Енді бір сәтте жауынгер Азамат пен мейірбике Зарина (Индира Меңдібаева) арасындағы махаббат түрлі оқиғалармен әдемі өріледі. Осы махаббат хикаясы жолында Азаматтың командирлерінен соққы алуы сенімді шыққан. Бірақ бұл күндер жауынгерлік өмірдің қызықты бір сәті ғана. Артынша соғыс даласы көрініс беріп, қызыл оттың ортасындағы шайқас көрсетіледі. Кино болса да осы тұста жиналғандар көзіне жас алды. Осы шайқастан соң №7 ротаға үлкен көмек жетіп, жаралы жауынгерлерді емдеу басталады. Зарина да сол жерден табылады. Оның жүздеген жауынгерлер арасынан Азаматты іздеуі жүректі елжіретті. Ақыры ол қаза болғандар және ауыр жаралыларға арналған бөлмеден Азаматты тауып, құшақтай алады. Әуелі жүрегі тоқтаған деп ойлап, артынша жүрегі соғып жатқанын байқап, оны топтан жылжытады. Дәрігерлік топ Азаматты емдеуге кіріседі. Азамат жазылып, елге оралып, жас ұрпақтың алдында отаншылдық туралы сөз сөйлейді. Фильм қаза болған 17 жауынгердің қатар жатқан жеріндегі ауыр көрінісімен, олардың үстіне Азаматтың еліміздің байрағын жауып тұрған сәтімен түйінделеді. Фильмнен соң сол қақтығыста қаза болған Жандос Далабаевтың анасы Хансұлу Үсіпбекованы сөзге тарттық. Ол көзі жасаурап, әрең сөйледі. – Не айтамыз, бейбіт күнде, тәжік-ауған қақтығысында жастар қыршынынан қиылды. Оның бірі – менің Жандосым. Анаға бәрі ауыр. Көзі тірі болғанда дейсің. Жүректегі жара жазылмайды. Ұмыта алмайсың. Балама Талас ауданы, Кеңес ауылында саябақтың аты берілген. Кейінгі жылдары осы боздақтар жайлы жазылмай кетті. Жазылып тұрса дейміз. Мына фильмді түсіргендерге рахмет. Енді аналар баласын бұлай жоғалтып жыламасын, – деді Хансұлу Үсіпбекова.

Е.Жаңабайұлы.

Ұқсас жаңалықтар