Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектері ескерусіз қалмауы тиіс. Бұл билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату үшін аса қажет қадам. «Nur Otan» партиясының Жамбыл аудандық филиалы ғимаратында тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдаған өңір басшысы, «Nur Otan» партиясының облыстық филиалының төрағасы Асқар Мырзахметов көпшілікті толғандырған мәселелердің тиімді жолдарын қарастырып, мейлінше халыққа өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыру қажет екенін айтты. Облыс әкімінің қабылдауына жазылған тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарды қойып, өз пікірлерін жеткізді. Жалпы, қазіргі кезде бірқатар ауыл жұртшылығын таза ауызсу, елді мекендерді газдандыру мәселелері мазалайтыны белгілі. Мәселен, Тараз қаласына іргелес жатқан Шоқай ауылында ауызсу шынында да, үлкен түйткілге айналған екен. Осы елді мекеннің тұрғыны Сембек Шоқайдың айтуынша, әр ауладағы жерқұдықтан шығатын су ішуге жарамсыз. «Бетінде май кілкіп тұрады», – дейді. Ауылдағы ағайын құдық суы жер бетіне жақын 17-18 метрден шығатын болғандықтан, жақын жердегі зауыттың қалдықтары суға араласып кеткен деп болжайды. Сондықтан ертерек тереңнен тартып шығаратын ауызсу желісі тартылса деген тілектері бар. Асқар Исабекұлы Шоқай ауылын ауызсумен қамту мәселесі келесі жылы шешімін табатынын айтты. Осы мақсатта жобалық-сметалық құжат жасалып қойғанын, 2020 жылы қаржыландыруға бюджеттік өтінім берілгенін жеткізді. Сондай-ақ ауызсудың неден ластанып отырғанын зерттеп, болашақта бұл мәселемен тағы бетпе-бет келмеу үшін оны анықтауды тапсырды. Судан сынама алып, зертханаға өткізу керектігін ескертті. Жамбылдықтарды елді мекендерді газдандыру мәселелесі де толғандырады екен. Жоба бойынша 13 ауылға газ тарту жұмыстары 2021 жылдың соңында аяқталатын көрінеді. «Жобаның аяқталуын күтсе, тұрғындарға әлі біраз уақыт газсыз отыруға тура келеді. Сондықтан жұртшылықпен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жұмысты жеделдетудің жолын іздеу керек», – деді өңір басшысы Асқар Мырзахметов. Облыс әкімі Жамбыл ауылында жаңа 100 орындық мектеп салу үшін қолға алған жобаны қаржыландыруды оңтайландыру керектігін ескертті. Қазіргі жасалған жобалық-сметалық құжаттама бойынша бұл құрылысқа 479 миллион теңгедей қаржы кетеді екен. Ал оны оңтайландырса, 150 миллионға жуық қаражатты үнемдеуге болады. Есесіне сол соманы аса қажет салаға жұмсауға болады. Асқар Исабекұлы мектеп мәселесін көтерген қария Рүстембек Сұраншиевке осыны түсіндіріп, бұл мәселені неғұрлым ертерек зерделеп, бюджеттік жобаға енгізсе, келесі жылы шешімін табатынын жеткізді. Жалпы, тұрмыс сапасын арттырудың негізгі көзі – тұрақты табыс екені белгілі. Ал ауылдағы ағайын көп жағдайда маусымдық кезеңдерде төрт түліктен алатын және бау-бақша, егістіктен жинайтын өнімдерден түскен түсімге иек артатыны мәлім. Сондықтан өңір басшысы қосалқы шаруашылықты дамытудың тиімді тетігін ұсынып, жаңа пилоттық жобаны ұсынғанда, істің жайын білетіндер бұған аса қызығушылық танытқан еді. Жамбылдықтардың әр ауданда бір ғана ауылдық округ емес, ниет білдірген басқа да елді мекендер жобаға енгізілсе деген тілегі бар. Қоғамдық қабылдауға келген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сырлыбаев осыны айтты. Сондай-ақ Айша бибі, Бектөбе, Бірлесу-Еңбек ауылдарының жер кезегінде тұрған тұрғындарға жер телімдерін беру мәселесін қозғады. Асқар Исабекұлы бұл мәселенің де тиімді жолын қарастырып, оңтайландырылған жүйе бойынша шешімін табуды тапсырды.
Жамбыл ауданы.
Ардақ Үсейінова
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді