Таласта еңбектің тайқазанын қайнатқан жасампаз халық тұрады. Береке қонып, ырыс дарыған ауданнан 59 Социалистік Еңбек Ері, екі Кеңес Одағының Батыры шыққандықтан да бұл өңірді батырлар мекені деп те атайды. Талас әрі өнер де қонған ел. Қай саласы болмасын, қарыштап дамып жатқан ауданның тіршілігін облыстық «Aq jol» газеті үзбей жариялап келеді.
Еңсесін тіктеп, көркейіп жатқан аудан орталығы – Қаратау қаласы да әріптестер назарынан тыс қалған емес. Сондықтан да «Aq jol» газетінің Директор-Бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлымен кездесуге келген таластықтардың қарасы көп. Бас редактор сөзін Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты биылығы алғашқы Жолдауынан туындайтын міндеттерді орындауда облыста іс жүзінде жүзеге асырылып жатқан тірліктерден бастады. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тікелей басшылығымен облыста қарқынды түрде қолға алынып жатқан қанатқақты жобалар туралы әңгімеледі. Білім беру, денсаулық сақтау, басқа да салаларда атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айтты. Елбасы мен Мемлекет басшысы жүргізіп отырған сындарлы саясаттан хабардар етті. Тұңғыш Президенттің «Рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» аталатын бағдарламалық мақалалары туралы да сөз қозғап, осының бәрі газет бетінде жүйелі түрде жарияланып жатқанына назар аударды.
– Газет – басшы азаматтардың жұмыстағы көмекші құралы. Халық пен билік арасын жалғайтын да мерзімді басылым. Талас – ауыл шаруашылығы мен өндірісі өркендеген аудан. Мәдениеттің мәйегі, өнердің ордасы. «Aq jol» газетінде қамтылмайтын сала жоқ. Елбасының, Президенттің саясатын, Үкімет пен облыс әкімінің атқарып отырған жұмысын оқырманына уақтылы жеткізіп отырады. Сонымен қатар саясат, экономика, кәсіпкерлік, мәдениет, білім, дансаулық, спорт және тағы басқа да салалар нөмір сайын жазылады. Ай сайын арнайы беттер шығарамыз. Коммунистік партия үстемдік құрып тұрған кезде қаламгер-қайраткер Арғынбай Бекбосын ағамыз басшылық жасап тұрғанда журналист Рахметбек Өзбеков Тараз қаласында жас жеткіншектерді қазақ тілінде оқытатын бір қазақ, бір аралас мектеп қана бар екенін көтеріп, «Азаматтық диалектикасы» атты өткір мақала жазды. Бүгінде облыс орталығында 60-қа жуық қазақ мектебі бар. Сол білім ошақтарында шәкірт тәрбиелеп жүрген жүздеген мұғалім газетімізге жазылып жатса, қане. Ал енді осы кездесуге қатысып отырған сіздер облыстың бас басылымына жазылады деген сенімдемін. Одан әрі Көсемәлі Сәттібайұлы әлеуметтік желілердегі жалған ақпараттар туралы да пікір білдіре келе, бір-екі мысал келтірді. Қашанда ұстазы санайтын Шерхан Мұртазаның сөзін еске алмай кетпейтін ол бұл жолы да Шерағаңның «Мемлекеттің қос қанаты – экономика мен руханият» деген сөзін еске салды.
Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ, ардагер журналист: – Мұнда қазақ баспасөзіне жанашыр азаматтар отыр. Әсіресе «Aq jol»-ды іздеп жүріп оқитындар аз емес. Менің пікірімше, сіздердің басылымды әр отбасы оқуы тиіс. Гүлденіп жатқан Тараз қаласынан түрлі-түсті суретпен беріліп жатқан дүниелер қандай! Ондай тірлік әр ауданда істеліп жатыр. Көркейе түскен, ажары артқан ауылдар бар. Осының бәрін «Aq jol» жүйелі жазуда. Облыстың бас басылымы шешімін күткен түйткілді мәселелерді де жиі көтереді. «Aq jol»-да Талас және Сарысу ауданының тілшісі болып өзім де еңбек еттім. Қандай тақырыпты болмасын ондағы журналистер мөлдіретіп жазады. Ал енді жазылымға келетін болсақ, менің отбасымның мүшелері үш дана «Aq jol»-ға жазылды. Сіздерді де басылымға қолдау көрсетіп, жазылуға шақырамын.
Байзақ КӨЛБАЕВ, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы: – Сөз – семсер. Газет – күнделікті бағыт-бағдар беріп отырады. «Aq jol»-дың мазмұнымен қатар, бет-бейнесі де өзгерген. Безендірілуі қандай! Облыстың тыныс-тіршілігін аптасына үш рет осы газеттен оқып, біліп отырамыз. Сіздерге шығармашылық табыс тілеймін!
Нұрлыбай Айжанов, ішкі істер қызметінің ардагері: – Облыстық газет көтеріп жатқан тақырыптар, мазмұны мен безендірілуі жайлы айтылып жатыр. Оны әр нөмірі қолға тиген сайын өзіміз де көріп отырмыз. Мені нөмір сайын берілетін спорт тақырыбы туралы жазылған материалдар қызықтырады. Елге белгілі боксшы, жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы, Олимпиада ойындарына қатысушы, жерлесіміз Олжас Сәттібаев қазір қайда жүр екен? Осы жолдардың авторы Тараз қаласы мен басқа аудандар сияқты даласы малға, жер асты кенге толы Талас өңірі де басылым бетінде аз жазылмайтынын қозғады. «Көгілдір отын» өзінің аумағынан шығып жатқанымен, оның рахатын көре алмай отырған таластықтардың және көршілес жатқан Сарысу ауданындағы ауыл тұрғындарының жанайқайын көтеріп, «Шамның жарығы түбіне түспейді» атты көлемді мақала жарияланғанын еске алды. «Игіліктің ерте-кеші жоқ» деген, бүгінде Ойық сынды ауылдардағы ағайын отын түсіріп, күл шығару азабынан құтылса, онда «Aq jol» газетінің де қосқан үлесі бар деді. Негізінен жергілікті ұлт мекен ететін аудан тұрғындары газетке қолдау көрсетіп, көптеп жазылатынына сенімді екенін жеткізді. Кездесуді қорытындылаған бас редактор ішкі істер қызметінің ардагері Н.Айжанов қойған сұраққа жауап беріп, кездесуге келгендері үшін таластық оқырмандарға алғысын айтты.
Амангелді Әбіл
Талас ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Тараздық Нұрсұлтан туған күнінде таңдау жасады
- 6 қазан, 2024
Қордайлық ақсақалдар дауыс берді
- 6 қазан, 2024
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді