Қастерлі құндылық

Қастерлі құндылық
ашық дереккөз
Қастерлі құндылық

Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың Қазақстан Республикасы Конституциясы күнімен құттықтауы

Құрметті жамбылдықтар! Сіздерді елдігіміз бен егемендігіміздің мерейлі мерекесі – Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке – біздің мемлекетіміздің, халқымыздың ең ұлық мерекелерінің бірі. Өйткені, Ата Заң – бүгінгі қоғамымыздың алтын таразысы, әділеттіліктің қорғаушысы. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қабылданған Конституцияның Республикамыздың мемлекеттілігін нығайтуда атқарған рөлі жоғары. Осы жылдар ішінде Конституция – қоғам мен мемлекеттік даму стратегиясына негіз болды. Қастерлі құндылығымыздың қағидаттарын бұлжытпай орындаудың нәтижесінде біз қысқа мерзімде мызғымас мемлекеттігімізді орнатып, тәуелсіздігімізді тұғырлы еттік. Ата Заң тәуелсіздігіміз бен тұтастығымыздың кепілі ретінде біздің бірлігімізді бекемдеп, елдегі тұрақтылық пен татулықтың берік тұтқасы болды. Конституцияның кепілдік етуімен түрлі этнос өкілдерінің уыздай ұйыған ұлысына айналған Қазақстанның өнегесі бүгінде бүкіл әлемге үлгі ретінде ұсынылып отыр. Негізгі Заңды қатаң басшылыққа алу біздің елімізге жаңа перспективалар ашып берді. Конституция арқылы іргелі саяси-экономикалық реформаларды іске асырдық. Жедел индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Оның аясында жыл сайын бәсекеге қабілетті жаңа өнеркәсіп орындары іске қосылуда. Еліміздің, оның ішінде облысымыздың қарқынды дамуы, индустриалды-инновациялық жаңаруы, мәдени-рухани өсуі – Ата Заңды халық болып құрметтеудің жемісі. Конституцияны қастерлеу – мемлекетті құрметтеу деген сөз. Елбасы Н.Ә.Назарбаев алдағы онжылдықтарға арналған елдің жаңа саяси бағытын белгілей отырып, біздің міндетіміз – XXI ғасырда орнықты дамуды жалғастыру, біздің мақсатымыз 2050 жылға қарай – күшті мемлекет, берекелі қоғам құру екенін атап өтті. Ал бұл үшін ең алдымен, Ата Заңымыздың идеялары мен нормалары қатаң сақталуы тиіс. Қадірлі жамбылдықтар! Сіздерді Конституция күнімен тағы да құттықтай отырып, зор денсаулық, бақ-береке, отбасыларыңызға амандық тілеймін! Конституциямыздың мерейі мәңгі биік болсын! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, еліміз еңселі болсын!

Ұқсас жаңалықтар