Халықтың құрметі атақтан да жоғары

Халықтың құрметі атақтан да жоғары
ашық дереккөз
Халықтың құрметі атақтан да жоғары

Облыстық мәслихаттың кезектен тыс қырқыншы сессиясында облыстық бюджет туралы шешімге өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, Жамбыл облысының Құрметті азаматы атағын беру қағидалары қайта қаралды. Мәслихат хатшысы Бағлан Қарашолақовтың төрағалығымен өткен, өңір басшысы Асқар Мырзахметов қатысқан жиында Тараз қаласының 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы бекітілді.

Жалпы өңір бюджетінің жобасы Бюджет кодексіне сәйкес қалыптастырылатыны белгілі. Ал нақтылау барысында 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджетке жасалған өзгерістер мен толықтырулар ескеріледі. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова соның нәтижесінде республикалық бюджеттен қосымша 1 393,4 миллион теңге нысаналы трансферттер, оның ішінде 745,4 миллион теңге ағымдағы нысаналы трансферттер, 648,0 миллион теңге нысаналы даму трансферттер қарастырылғанын айтты. – Ағымдағы нысаналы трансферттер бойынша мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек төлеуге – 1 169,0 миллион теңге, азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдар қызметкерлерінің, қазыналық кәсіпорындар қызметкерлерінің жалақысын көтеруге – 596,6 миллион теңге қосымша бөлініп, үнемделген 1 136,1 миллион теңгенің 216,2 миллион теңгесі республикалық бюджетке қайтарылып, 919,8 миллион теңгесі даму бюджетіне қайта бағытталды, – деді басқарма басшысы. Облыстың Құрметті азаматы атағын беру мәселесіне қатысты сын-пікірлер бұған дейін де айтылып келген. «Мұндай мәртебе мемлекеттік наградалары, орден-медальдары бар азаматтарға ғана берілуі тиіс» деген көзқарас та жоқ емес. Алайда қағидаға енгізілген өзгерістердің ішінде мұндай ұсыныс қабылданбады. Себебі адал еңбегімен өңірді көркейтуге өз үлесін қосып жүрген қарапайым жандардың ондай марапаттары болмауы да мүмкін. Ал бұл олар құрметті атаққа лайық емес дегенді білдірмесе керек дейді депутаттар. – Халықтың құрметі барлық атақтан жоғары. Сондықтан облыстың Құрметті азаматы атағына ұсынылған үміткерлердің ішінен соған лайықтыларын ғана таңдауымыз керек. Сын пікірлер бұрын да айтылған. Біз алдағы уақытта ондай кемшіліктерге жол бермеу үшін осы қағидаға мәслихаттың тұрақты комиссия отырысында депутаттар тарапынан айтылған ұсыныстарды енгізуіміз қажет, – деген Бағлан Жиенәліұлы әр мекемеден арнайы комиссия құрып, ұсынылған азаматтардың кандидатурасының лайықты екенін екшеп алу туралы мәселе көтерді. Сессияда қаралған барлық 7 мәселе мәслихаттың тұрақты комиссиясының отырысында жан-жақты талқыланған болатын. Жиында көтерілген ұсыныс-пікірлер ескеріле отырып, шешім қабылданып, кезекті қырық бірінші сессияның төрағасы сайланды.

Ардақ Үсейінова

Ұқсас жаңалықтар