Бюджет қаражаты есебінен «бизнес» жасауға болмайды
Бүгінде өңірде ветеринариялық іс-шараларды 160 ветеринариялық бекеті бар 11 коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын атқаруда. Оларда арнайы орта және жоғары білімді 887 ветеринар маман жұмыс істейді. 2019 жылы эпизоотиялық іс-шараларды жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 1,5 миллиард теңге (субвенция) бекітіліп, тікелей аудандық бюджеттерге берілген. Бұл өткен жылғы деңгейден 13,3 пайызға артық. Облыста эпизоотияға қарсы жоспарлы іс-шаралар аясында 13 ауру түрі бойынша вакцинация және аллергиялық, 23 ауру түрі бойынша диагностикалық зерттеулер жүргізілуде екен.
Бұл туралы облыс әкімдігі ветеринария басқармасының 10 айлық есептік жиынында айтылды. Өңір басшысы Асқар Мырзахметовке аталған басқарманың басшысы Оспан Бердияров облыстың биологиялық және тамақ қауіпсіздігін қамтамасыз ету ветеринариялық-профилактикалық және диагностикалық іс-шаралар жоспарының орындалуы туралы баяндады.
– Диагностикалық зерттеулерді талдаудың нәтижесінде малдың созылмалы бруцеллез ауруына шалдығуы жылдан-жылға төмендеуде. 2010-2019 жылдар аралығында сарып ауруы мүйізді ірі қара малында – 86, уақ малда 83 пайызға төмендеді. Сондай-ақ облыс бойынша тұрғындардың бұл дертке шалдығуы 2010 жылмен салыстырғанда 255 адамға кеміп, биыл 147 бірлікті құрады, – деді баяндамашы.
Асқар Исабекұлы осы тұста аталған мәселені талқылап алу керектігін айтып, басқарма басшысына бірқатар сұрақтармен қайырылды. «Келтірілген деректер қаншалықты сенімді? Меніңше, басқарма есебі ешқандай да күмән тудырмауы тиіс. Шын мәнінде де солай ма?» деген өңір басшысы мал ішіндегі сарып ауруының жылма-жыл үзілмей жалғасумен келе жатқаны жоспарды алдын ала нақтылап, жұмысты да соған сәйкес үйлестіре алмаудың айқын көрінісі екенін жеткізді.
Аталмыш басқарма басшысының айтуынша, бруцеллезге шалдыққан ауыл шаруашылығы жануарлары ветеринариялық талаптарға сәйкес оқшауланып, санитарлық союға мемлекеттік ветеринариялық дәрігердің қадағалауымен өңдеу орындарына жіберілуде. Мұндай мал етін қабылдайтын арнайы орындар облысымыздың Байзақ, Т.Рысқұлов және Жуалы аудандарында бар екен. Оларға бруцеллезбен ауырған малдың еті сау малдыкінен 30 пайыз төмен бағамен өткеріледі. Оның 70 пайызын – кәсіпорын, 30 пайызын – бюджет өтейді. Былайша айтқанда, өңдеу орны басшысының да, мал иесінің де есебі түгел. Салмақ бюджетке түсіп тұр. Ал енді кейбіреулердің ауру малын сау мал есебінде нарықтық бағасына базарларға өткеруі дерегі жоқ еместігі де ешқандай дау тудырмаса керек-ті. Өйткені ветеринария саласында орын алған жүйесіздік пен аз ғана селкеуліктің өзі мұндай «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге апарып соғуы бек мүмкін. Өкінішке қарай, аталған басқарманың есепті кезеңде атқарған жұмыстарына қатысты бұл жөнінде егжей-тегжейлі айтылмады. «Бәрін сыдырта баяндап қана шықтыңыз. Қағазда бәрі қанттай, бірақ нақты жұмыс жоқ» деген өңір басшысы қай салада болса да алдын ала жоспар жасалуы, оның мүлтіксіз орындалуының мониторингі жүргізілуі, ұдайы бақылауда болуы, ешқандай да селкеулік орын алмауы, жауапкершілік жүгі босаңсымауы тиістігін тағы да еске салып өтті. Міне, осындай бір тізбекті берік жүйе қалыптастырылмауынан кемшіліктерге жол беріліп, «сен салар да, мен салар, атқа жемді кім салардың» кері келеді де тұратыны белгілі.
Есепті кезеңде ветеринариялық талаптарды бұзған заңды және жеке тұлғаларға 9 миллион 054 мың 998 теңге көлемінде айыппұл салыныпты. Былтырғы жылы салынған айыппұл 7-8 миллион теңге көлемінде. Былайша айтқанда, жыл сайынғы көрсеткіш қайталанумен келеді. Малдың да, адамның да сарыппен ауыруы түбегейлі жойылатын түрі жоқ. Асқар Исабекұлы осы орайда жауапты мекемелерге ірі сомада айыппұл салу тетігін енгізуді де ұсынды. Жалпы, аталған ауруға қарсы күрес шараларына қазынадан жыл сайын қомақты қаражат бөлінуде. Айта кету керек, биыл бруцелезбен облыста 165 (былтыр 179) адам ауырыпты. Бір сырқат үшін 92 мың теңге жұмсалынады екен. Осыны ескерсек, үстіміздегі жылы сырқат жандарды сарып дертінен сауықтыру ісі 200 миллион теңгеге түскен. Мұның да шығыны – бюджет есебінен. Оны былай қойғанда, қаңғыбас, ауру ит, мысықтарды жоюға да қазынадан жыл сайын артық-кемі жоқ 123 миллион теңге бөлінеді де тұрады. Жағдай осы күйінше өзгермейтұғын болса бұл мақсатқа он жылда 1 миллиард 200 миллион теңге жұмсауға тура келмек.
«Міне, осындай жұмыстарды келер жылға жылжыту қаншалықты тиімді? Алда-жалда қаржы жетімсіз болса, екі-үш жылдыкін бір-ақ аударуға да мүмкіндік бар. Осылайша бруцелезбен аурушаңдықты да, ауру мал етін жасырып сатуды да тыйып, қаңғыбас ит, мысықтың да көзін жою ісін еңсеруге болады емес пе? Біреулерге қазынадан осылай жылма-жыл тұрақты түрде қомақты ақша бөлініп тұруы керек сияқты. Міне, солар бюджет қаржысы есебінен «бизнес» жасап отырғандай көрінеді» деген өңір басшысы қазына қаражатын ұқсатып жұмсаудың, ел игілігін еселеудің маңыздылығына айрықша тоқталып, оның нақты есебі, соған орай жоспар-жүйесі болуы керектігін баса айтып, басқарманың алдағы уақытта атқарылар барлық жұмыстары ұлттың денсаулығы нығайтылуына, азық-түлік қауіпсіздігі сақталуына бағытталуы тиістігін атап өтті.
Баймаханбет Ахмет
Ұқсас жаңалықтар
Тараздық Нұрсұлтан туған күнінде таңдау жасады
- 6 қазан, 2024
Қордайлық ақсақалдар дауыс берді
- 6 қазан, 2024
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді