Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің үстіміздегі жылдың 2 қыркүйегіндегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет» деп атап көрсеткені белгілі. Билік пен бұқара арасында тығыз байланыстың орнығуы – бүгінгі таңда алға қойылып отырған басты міндет әрі уақыттың да талабы. Ендігі жерде мемлекеттік органдардың атқарған жұмыстарының сапасына халық баға беретін болады. Кәсіпкерлер өтініш-талаптарының жан-жақты қарастырылуы «Достық үйі» ғимаратында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тақырыбы аясында өткен облыстық кәсіпкерлер форумының күн тәртібіне де өткір қойылды. Бейресми кездесуді өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті бірлесе ұйымдастырған. Оған құқықтық, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты. Алғашқы кезекте сөз алған облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров жиынның мәні мен маңызына тоқталып өтті. – Жалпы елімізде кәсіпкерлікті дамыту өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан бизнесті қолдауға және кәсіпкерлікті дамытуға айрықша мән беріліп, көптеген іс-шаралар қабылдануда. Себебі өркендеген бизнес – бұл қуатты экономика, ел дамуының негіздерінің бірі. Халқымыздың әл-ауқатының жақсаруы да осы салаға байланысты. Мемлекетімізде бизнесті қолдауға бағытталған бірқатар маңызды бағдарламалар өз жемісін беріп келеді. Солардың ішінде «Бизнестің жол картасы–2020», «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту», «Индустриалдық-инновациялық даму» және тағы басқа да мемлекеттік бағдарламаларды атап айтуға болады. Биыл индустрияландыру картасының 2-ші бесжылдығын аяқтағалы отырмыз. Осы бағдарлама аясында 55,5 миллиард теңгені құрайтын 48 жобаны іске асырып, 2000-нан астам жұмыс орнын аштық. Үстіміздегі жылы «Еңбек» бағдарламасы аясында облысқа 8,6 миллиард теңге бөлініп, өткен 9 ай ішінде 1 мыңнан астам жоба несиелендіріліп, 750-ден астам жаңа жұмыс орны құрылды. Кәсіпкерлікке қатысты көптеген мәселелердің көтеріліп жатуы оның экономикадағы рөлінің өте маңызды екендігін көрсетеді. Бизнес өкілдерімен кездесу өткізу және олардың мәселелерін тыңдау – облыстық әкімдіктің де ұдайы назарында. Бұл бағытта өңір басшысы төрағалық ететін кеңестер жұмыс істейді. Ағымдағы жылдың қыркүйек айында Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен елімізде алғаш рет бақылау-қадағалау органдарының бизнес-қауымдастық алдында бірыңғай есеп беру күні өткізілді. Бұл өз кезегінде бақылау-қадағалау органдарымен және бизнес субъектілермен диалог құрып, тексеруге қатысты өзекті мәселелерді талқылауға және ондағы проблемаларды көтеруге үлкен септігін тигізуде. Бүгінгі форумның басты мақсаты да осы. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе өткізіп отырған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты бизнес-форум осы жұмыстардың жалғасы. Бүгінгі форумда кәсіпкерлер мен олардың бизнес жүргізу барысында кездесетін әкімшілік кедергілер және басқа да өзекті мәселелерді ашық үндесу түрінде талқылап және оның шешу жолдарын анықтау көзделіп отыр, – деген Нұржан Сәбитұлы бұқара мен билік арасында мөлдірлік, ашықтық болуы, тығыз байланыс орнығуы – барша жұмыстың басты кілті екенін атап өтіп, форум жұмысына сәттілік тіледі. Бұдан әрі жиынды үйлестіруші-модератор, өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ирина Ким жүргізіп отырды. Өз кезегінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаев, облыстық кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің төрайымы Антонина Ан өздерінде азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыруға байланысты атқарылған жұмыстарға тоқталып, жалпы қоғамымыз үшін ортақ мәселені баршамыз болып бірлесе жүзеге асырудың тиімді болатынын баса айтты. Басқосуда бірқатар жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер басшыларының, сауда үйлері мен қызмет көрсету орындары өкілдері мен кәсіпкерлердің сауалдарына тиісті мемлекеттік органдар тарапынан бірден жауаптары да қайтарылып жатты. Шешілуі күрделіленіп, аяғы тараптардың бір-бірімен соттасуына ұласқан түйткілді жайлар да кездесті. Мүдделі тараптар басшылары мұндай мәселелерді алдағы уақытта өздерінің назарларында ұстап, оң шешімін табуы үшін көмектерін көрсетуге уәде берді. Мұндай форумның өңірімізде алғаш рет өткізілуі екен. Басқосу кәсіпкерлер үшін мемлекеттік органдар қызметтеріне қатысты тікелей сұрақтарын қойып, сол мезетінде тиісті жауабын да алуға мүмкіндік беретін ашық үндесу алаңына да айнала алды. Оның басты ерекшелігі де – осынысында.
Баймаханбет Ахмет
Ұқсас жаңалықтар
Тараздық Нұрсұлтан туған күнінде таңдау жасады
- 6 қазан, 2024
Қордайлық ақсақалдар дауыс берді
- 6 қазан, 2024
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді