2023 жылы облыс тұрғындарын 100 пайыз таза ауызсумен қамту жоспарлануда

2023 жылы  облыс  тұрғындарын 100 пайыз таза ауызсумен қамту жоспарлануда
ашық дереккөз
2023 жылы облыс тұрғындарын 100 пайыз таза ауызсумен қамту жоспарлануда

Бүгінде өңіріміздегі 377 елді мекеннің 55 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтылған десек, 2023 жылы облыс тұрғындарын 100 пайыз таза ауызсумен қамту жоспарлануда. Бұл туралы аймақ басшысы Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен жиында айтылды. Онда облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының ағымдағы жылдың тоғыз айлық қорытынды есебі тыңдалды. Аталмыш басқарма басшысы Нұрлан Алдамжаров алдымен облыс тұрғындарын таза ауызсумен қамту мәселесіне кеңірек тоқталып өтті. Оның айтуынша, қазіргі таңда облыстағы 205 елді мекен орталықтандырылған ауызсумен қамтылған болса, зерделеу барысында ондағы 129 мыңнан аса халықтың таза ауызсу жүйесіне әлі күнге қосылмағандығы анықталған. Осы орайда жүргізілген жұмыс нәтижесінде бүгінге дейін 81 мыңнан аса халық ауызсуға қол жеткізсе, ағымдағы жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 105 мыңға жетпек. Сондай-ақ 10 елді мекенге жаңадан су құбырын тарту жұмыстары жүргізілуде, келер жылы – 18, 2021 жылы – 41, 2022 жылы 47 елді мекенге ауызсу жүйесін тарту шаралары жоспарланған.

Асқар Исабекұлы халық саны 200-ге дейінгі 49 елді мекенді облыстық бюджеттен бірыңғай оператор арқылы ауызсумен қамту шараларын ұйымдастыруды тапсырды. Басқосу барысында тұрғындарды табиғи газбен қамту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайы да назарға алынды. Бүгінде өңірдегі елді мекендердің 48 пайызы немесе 181-і газдандырылған. 2027 жылға дейін 196 елді мекенді кезең-кезеңімен газдандыру жұмыстары жоспарлануда екен. Бұл орайда да елді мекенге тартылған газ жүйесі бола тұрып, қосылу құнының қымбаттығына байланысты «көгілдір отынға» қолы жетпей отырған 31 мың халық анықталған. Облыс басшысының бастамасымен «Газ және газбен жабдықтау» Заңына өзгеріс енгізіліп, газ сараптаушысын орнату міндеттелгеннен кейін қосылу бағасы 2-3 есе төмендетіліп, аталған 30 мыңнан аса халық «көгілдір отынға» қол жеткізуге мүмкіндік алған. Сонымен қатар Тараз қаласы маңындағы 35 саяжай-алқаптың 20-сын биыл табиғи газбен қамту шаралары атқарылуда. Қалғаны келесі жылдың жоспарына бекітілген. Ол ғана емес, газдандыру бойынша республика көлемінде облысқа бөлінген қаржының көлемі өзгелерден көш ілгері деуге болады. Атап айтсақ, 2019-2021 жылдары облыстағы 81 елді мекенді газбен қамтуға республикалық бюджеттен тиісті қаржы қарастырылған. Жиын барысында бұдан бөлек, тұрғын үй кезегіндегі және жер теліміне кезекте тұрған азаматтарды пәтермен қамту, жер телімдерін беру, көппәтерлі тұрғын үйлерді қайта жаңғырту, жылыту маусымына қатысты жұмыстар жайы да жан-жақты қаузалды. Басқарма басшысы келер жылы өңірдегі 80 көппәтерлі тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізу көзделіп отырғанын тілге тиек етті. Атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды десек те, кейбір көрсеткіштерге қол жеткізуде жұмысына немқұрайлылықпен қараған жауапты тұлғалар жоқ емес. Тиісті жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуді жүрдім-бардымға салған аудан әкімдерінің орынбасарлары мен бөлім басшыларына қатаң ескерту жасаған аймақ басшысы, нақты тапсырмалар жүктеп, жұмыстарын ширатуды міндеттеді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

 

Ұқсас жаңалықтар